"Нұрқазған" кенішінде коронавирус жұқтырғандар саны 133 адамға жетті

2819

Қарағанды облысындағы  кәсіпорындарда санитарлық-эпидемиологиялық  талаптардың сақталуы қатаң түрде тексеріледі.

"Нұрқазған" кенішінде коронавирус жұқтырғандар саны 133 адамға жетті

Қарағанды облысында 21 мамырдағы жағдай бойынша 130 адамның короновирус жұқтырған жаңа жағдайы тіркелді. Карантиннен енді шыққан халық, бірден көтерілген сырқат статистикасына үрке қарады. Алайда құзырлы орын өкілдері кәсіпорындар мен ірілі ұсақты бизнес нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтамауы жағдайды ушықтырып тұр деп дабыл қағуда.

Өңірдегі "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС қарасты "Нұрқазған" кенішінде 21 мамырдағы жағдай бойынша короновирусқа шалдыққан 133 адам белгілі болған. Кеніште сырқат жұқтырған жұмыскерлердің 54-і – Теміртаулық азамат. Тағы 65 адам Қарағанды қаласында тұрса, 14 адам Бұхар жырау ауданында тұрады. Қарағанды облысында соңғы аптада сырқаттың өсу деңгейі 43,3%-ға жетті. Қауіпті вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болған мың жарымнан астам адам анықталған. Бүгінде "Нұрқазған" кенішіндегі жұмыс 1 маусымға дейін жабылды.

Қарағанды қаласында қоғамдық көліктерде жұрттың бетпердесіз жүруі де облыстың бас санитар дәрігерінің назарына іліккен.

"Автобустарға кірген жолаушылар бетпердесіз жүреді, тіпті кондуктордың өзі маска тағып әуре болмайды. Қоғамдық көліктерде дистанция сақталмайды. Біз автопарк директорларын,  кондукторлар мен автобус жүргізушілерін жинап, санитарлық талаптың сақталуын ескерттік. Егер автопарктер сөзімізге құлақ аспаса әрі  жолаушылар маскамен жүру ережесін бұза беретін болса, автопарктердің жұмысын тоқтатуға дейін барамыз", – деп мәлімдеді Қарағанды облысының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бастығы Қанат Асқаров. 

Қарағанды облысында қауіпті індеттің таралуының алдын алу мақсатында өңірде мобильдік топ құрылады. Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау саласының мамандарымен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен құралатын топ бүкіл облыс аумағында жұмыс атқарады. Топ өкілдері санитарлық талаптардың орындалуын қадағалаумен қатар, бизнес өкілдерімен де жұмыс жүргізеді. Талапты сақтамай жұмыс атқарған кәсіпкерлерді сотқа береді.

Бүгінде облыс аумағында Теміртау қаласымен Бұхар жырау ауданы орталығы Ботақарада карантин ережелері күшейтілген. Әзірге облыста балабақша жұмысы тоқтап тұр. Маусым айында жазғы дәмханаларды ашуға рұқсат етіледі. Алайда мұндай орындарда адамдардың көп шоғырлануына жол бермейді.

Қарағанды облысында 22 мамырдағы жағдай бойынша короновирусқа шалдыққандар саны 472 адамға жетті. Оның үшеуі көз жұмса, 180 адам жазылып шықты.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу