Нұрлан Өстеміров: Толыбаеваны Денис Теннің өлімін басты ұйымдастырушы деп есептеймін

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2033

Алматыда қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған сот ғимаратында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты кезекті отырыс өтті. 

Нұрлан Өстеміров: Толыбаеваны Денис Теннің өлімін басты ұйымдастырушы деп есептеймін

Бүгін қылмыстық іс процессі жарыс сөздері бөліміне өтуге тиіс болған.

Оксана Тен тергеу амалдарына қанағаттанбағандықтан сотқа шағым түсіріп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары кезінде бірқатар мәліметтер ескерілмегендіктен, оларды қайта тексеруді қалайтынын айтты.

Себебі бұған дейінгі сот шешімінде Денис Теннің ісіне қатысты қылмыстық істі тек бұзалық сипатта деп қарастырып келді. Бүгінгі сот отырысында белгілі болғанындай, жәбірленуші тарап мұны тапсырыспен жасалған деген шешімге тоқталып отыр. Сол себепті, сот отырысында сөз алған Оксана Тен ұлының өліміне тапсырыс бергендер де жазасыз қалмауын, сот құқық қорғау орындары олардың кім екенін анықтап, олардың үстінен де қылмыстық іс қозғасын деген талабын жеткізді.

Денис Теннің анасы тергеу амалдарының барысына көңілі толмайтынын ашып айтты. Құқық қорғау орындары қылмыстың ашылуына себеп болатын кейбір дәйектерді ескермей отыр.

"Қылмыс толық ашылған жоқ. Толыбаева, Құдайбергенов, Қиясовтар Қылмыстық кодекстің 99 бабы, 2,7,8 тармақтары бойынша айыпталып отыр. Мұндай баппен бұзақылық сипатта қылмыс жасағандар айыпталады. Мен оны тапсырыспен қылмыс жасау бабы бойынша қосымша тергелуін талап етемін", –дейді Оксана Тен.

Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысында жәбірленуші жақтың қорғаушысы Нұрлан Өстеміров күдікті Жанар Толыбаеваға қатысты жазаны ауырлатуды сұрады.

Қорғаушының пайымдауынша, бойжеткеннің қылмысқа тікелей қатысы бар.

"Алдын ала адамдар тобымен келісіп жасалған өлім" бабы бойынша ол да кінәлі деп табылсын. Сәйкестік деген жайдан жай болмайды. Пышақ, қолғап сатып алу деген. Бұл – алдын ала келісіп, тапсырыспен жасалған қылмыс. Бұл оқиғада мен Толыбаеваны басты ұйымдастырушы деп есептеймін. Ол телефонмен сөйлесіп, нұсқаулықтарды беріп отырған.

Үшеуінің ішіндегі ең білімдісі де сол. Оның жоғарғы білімі бар. Ағылшынша жақсы сөйлейді. Өмірде мақсаты бар. Ал Құдайбергенов ұрлықтың арқасында, Қиясов отбасының көмегімен күн көріп жүр. Тұтқа арқылы тапсырманы осы Толыбаева алып отырды деп ойлаймын", – деді Өстеміров.

Себебі Жанар Толыбаеваның атына тіркелген нөмірде, 2018 жылдың 25-ші сәуірінде 21.54-те Еуропаға шығыс қоңырау болған. Бірақ оның қайда және кімге қоңырау шалғаны туралы мәліметтер тергеу амалдарынан тыс қалыпты.

"Оның қайда және кімге xабарласқанын тексерулеріңізді сұраймын. Нөмірдің басы +4-тен басталады. Нақты айтсақ бұл - Швейцария.

Алтыншы мамыр, 3-ші, 5-ші, 7-ші, 20-ші шілде күндері шығыс та, кіріс те қоңыраулар болған. Осы деректерді тереңдетіп тергеуді сұраймын. Себебі мұнда Денистің айналасының қатысы бар. Аталған нөмірлер оның айналасындағылардікімен сәйкес келуде", – дейді Оксана Тен.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Нұрлан Өстеміров күдікті Жанар Толыбаеваға қатысты мәліметтерге құқық қорғау орындарының тиісті деңгейде мән бермей отырғанын түсінбейтінін айтты. Бұл, оның пайымдауынша, қоғамның назарын Қиясов пен Құдайбергеновке аударып, қылмыстың сипатын тек бұзақылықпен шектеп қою мақсатынан туындап отыр. "Жанар Толыбаевыға да 20 жыл жаза кесілсін" деген ұсынысын қорғаушы мынадай дәлелдермен негіздеп өтті.

"Тергеу барысында Қиясов пен Құдайбергеновтердің айтқандары қырық құбылып, өзгеріп отырғанын сіздер де көрдіңіздер. Олар мұндай қадамға Толыбаеваның жазасын жеңілдету үшін барып отыр. Мен Денис Тенге қатысты алдын ала ұйымдасқан қылмыстық істі Толыбаев басқарып отырғанына 100 пайыз сенімдімін. Оның аяғының ауыр екеніне қарамастан 20 жыл бас бостандығынан айыруды талап етемін. Бұл қылмыстық істе Қиясов пен Құдайбергеновтер тек орындаушы, орталық ми қызметі Толыбаеваға тапсырылған. Толыбаеваның сот отырысында өзін-өзі бейғам ұстауы қылмыстық іске тапсырыс берушілерге деген сенімділігін көрсетеді. Олар жазаның жеңіл түрінен құтыласың деп Толыбаеваға уәде берген", – деп ойын түйіндеп өтті қорғаушы Нұрлан Өстеміров.

Денис Теннің ісіне қатысты сот отырысында прокурор Қуандық Досов спортшының өліміне күдіктілердің кінәсі толығымен дәлелденгенін айтты. Мемлекеттік айыптаушылар қылмыскерлерді 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Арман Құдайбергенов "Алдын ала келісіп ұрлық жасау", "Алдын ала келісіп жасалған қарақшылық", "Алдын ала келісіп жасалған адам өлтіру" бабы бойынша айыпталып жатыр. Нұралы Қиясовқа ұрлық бойынша айып тағылмаған.

Алайда оның қылмыстық ісі қалған баптар бойынша қаралуда.

Ал Жанар Толыбаеваға "Алдын ала келісіп жасалған ұрлық" пен "Қылмысты жасырып қалу" баптары бойынша айыпталуда.

"Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты кінәлі деп танып, оларды 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Ал Жанар Толыбаевға 4 жыл жазасын өтеу туралы үкім шығаруыңызды сұраймын", – деді прокурор Досов.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу