Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр ауылдық округіне қарасты "Нұрлы көш" шағын ауданындағы 138 үйдің жер телімдері бағдарлама қатысушыларының меншігіне берілуі мүмкін. Үкімет басшысы Асқар Мамин Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне осындай тапсырма беріпті. Бұл туралы сенатор Мұрат Бақтиярұлы "Отандас қоры" қоғамдық кеңесінің отырысында айтты.
"Өткенде Премьер-министрге кіргенде уәде берген. Сол уәдесінде тұрып, жұмыс істеп жатыр екен. Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне тапсырма беріпті. Ұлттық комиссияда талқыланатын болыпты. Меніңше, жуық арада жақсы шешімін табатын шығар. Премьер-министрдің өзі айтқаннан кейін шешілу керек қой. Шешілгеннен кейін жер оларға заңдастырылып беріледі. Қарыздары да кешірілуі мүмкін", – дейді депутат.
Сенатор айтып отырған қарыз "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша салынған үйлерді жалға алу құнының есебінен қалыптасқан үйлердің сапасыздығын алға тартқан азаматтар берілген баспананы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" 4,5 пайыздық несиесі арқылы сатып алудан да тартынып отыр. Ал мемлекет қаражатын оңды-солды игеріп, әкімдікті де, қандастарды да мұзға отырғызып кеткен мердігер компанияның қазір өзі түгіл ізі де жоқ. Жергілікті билік солардың былығын жабу үшін бірнеше мәрте бюджеттен ақша бөліп, 10 жыл болмай жатып, бүлінген үйлерді жамап жасқап, амалдауда.
"Мердігер компания жауапқа тартылды деген мәлімет бар. 2010-11 жылдары құқық қорғау орындары жауапқа тарту бойынша жұмыстар істеген екен. 2012 жылы осы үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 193 млн теңге бөлініп, әр пәтерге берілген. 2016 жылы 42 пәтерді жылыту жұмыстары жүргізілді. Қазір де 35 үйге күрделі жөндеу, 102 үйге орташа жөндеу жүргізілуі керек. Бірақ ол кісілер жерді өз аттарына берсе, өзіміз жөндеп аламыз деп отыр. Алайда қазіргі уақытта бағдарлама қатысушысына тұрғын үйді беру тетігі заңнамамен қарастырылмаған. Ол үшін "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға өзгерістер енгізу немесе жалға алу берешегін өтеу талабымен "Нұрлы көш" бағдарламасына қатысушылардың меншігіне тұрғын үйді беру қағидасын әзірлеу қажет", – дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев.
Есімжан Нақтыбайұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!