"Нұрлы жер" бойынша салынған үйлердің сапасына шағымданушылар көп – депутат

7132

Сенат депутаты Ләззат Сүлейменова қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша шешімін таппаған өзекті мәселелерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

"Нұрлы жер" бойынша салынған үйлердің сапасына шағымданушылар көп – депутат

Ол депутаттық салауын Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдады.

Алдымен Ләззат Сүлейменова тұрғын кезегі мәселесіне назар аударуға шақырды.

"Конституциялық кеңестің Қаулысына сәйкес "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 107-бабы 8-тармақшасының Конституциялық емес деп танылуы заңға тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныстың ашық күйінде қалуы. Қазір мемлекеттік тұрғын үйде тұратын отбасы мүшесінің бір үй алса, барлық отбасыны үйден шығаруға жол беріледі. Олардың мұқтаждық мәселесі есепке алынбайды. Бұл мәселе үлкен отбасылар үшін өзекті", – деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, елімізде тұрғындар жалғыз үйінен шығарылып жатыр. Соңғы 5 жылда сот органдары тиісті негіздермен адамдарды үйінен мәжбүрлеп көшіру туралы 5 398 істі, ал биыл 6 айда 415 іс қанағаттандырған, тек 7 отбасыға баламалы үй берілген.

"2020 жылы коронавирус пандемиясында 866 отбасы үйінен мәжбүрлеп шығарылды. 10 отбасы ғана балама баспана алды. Осы топтың ішінде әлеуметтік осал категорияның статистикасы жеке жүргізілмейді, ал азаматтардың осал санатын жалғыз тұрғын үйден шығару әлеуметтік құрылым мақсатына қайшы келетіні түсінікті. Сол себепті сенаторлар ұсынған баламалы тұрғын үй беру тетігін енгізуді, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алатындар санатына осы категорияны да есепке қалу қажет", деді Ләззат Сүлейменова.

Депутат жеңілдетілген ипотекалық несилендірудің мемлекеттік бағдарламасын кеңейту керегін атап өтті.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй қазақстандықтар үшін қашан да басты мәселе екенін, осыған байланысты бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетінін атап өтті... Бұл мәселе ең алдымен 100-200 мың жалақы алатын тұрғын үйге өз қаражатымен қол жеткізуге ұмтылып отырған азаматтар, әсіресе жастар үшін маңызды. Жаңа бағдарламада кредит шарттары оларға қолжетімді болуы тиіс",– деді сенатор.

Сондай-ақ Ләззат Сүлейменова мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің сапасына шағымданушылар көп екенін жеткізді.

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған жаңа құрылыстардың сапасына азаматтар тарапынан түсетін шағымдар саны өсіп жатыр. Осыған байланысты құрылыс қызметінің лицензия саласын жетілдіруді, көппәтерлі тұрғын үй үшін кепілдік мерзімін 2 жылдан 4-5 жылға дейін ұлғайтуды, өңірлерде салынып жатқан қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының сапасына орталықтандырылған республикалық деңгейде бірыңғай бақылау қоюды ұсынамыз", – деді депутат.

Сонымен қатар қандастар Қазақстан азаматтығын алған кезде тұрғын үй кезегінен шығып қалатынын айтты.

"ИИДМ мәліметінше, бүгінде қандас мәртебесі бар 1 448 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен 5 жылда 131 қандасқа тұрғын үй берілді, 864 адам кезектен шығарылды. Оның ішінде 485 қандасымыз тұрғын алу үшін негіздің болмауы себебінен. Сол негіздің бірі –  олардың Қазақстан азаматтығын алуы. Сондықтан қандастарымыздың республика азаматтығын алғаннан кейін тұрған кезектері шартсыз сақталуға тиіс",деді сенатор.

Депутат жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесіне тоқталды.

"Салалық министрліктер берген ақпаратына сәйкес 2020 жылы тұрғын үй кезегінде 59 406 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала кезекте тұрған. Жыл сайын кепілді тұрғын үй алуға олардың 2% ғана қолы жетеді. Көтерілген мәселелер мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы жүйелі олқылықтар болып саналады", деп түйіндеді сөзін Ләззат Сүлейменова.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу