Нұрсұлтан Назарбаев: "Егер біз ядролық державаға айналғанда, қазір Солтүстік Корея секілді болар едік"

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
4585

Президент болашақта әлемге қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін екенін және оларға қалай қарсы тұру керектігін айтты.  

Нұрсұлтан Назарбаев: "Егер біз ядролық державаға айналғанда, қазір Солтүстік Корея секілді болар едік"

АҚШ-тағы ресми сапарын аяқтаған ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық және америкалық журналистерге арнап қорытынды баспасөз-мәслихатын өткізді. Елбасы сапардан алған әсерімен бөлісіп, АҚШ президентіне қатысты ойын ортаға салды, сондай-ақ Қазақстан мен Американың қарым-қатынасы мен әлемдік проблемаларды шешу туралы сөз қозғады.

АҚШ сапарының қорытындысы туралы
Қазақстан президенті сапар нәтижесіне көңілі толатынын мәлімдеді.

"Біз тілтабыстық және бізде өзара түсіністік пен қолдау бар. Біздің ортақ мәлімдемемізде нақты айтылғандай, біріншіден, Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігіне саяси қолдау көрсету, екіншіден, бірлескен экономикалық ынтымақтастық және лаңкестікпен күреске бағытталған "ыстық нүктелер" бойынша бірлескен жұмыс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент атап өткендей, АҚШ әлемдегі ең мықты ел болып қала бермек. АҚШ-тың технологиялық тұрғыдан дамығаны соншалық, бұл ел технологиялық революциялардың көшін бастап тұр. Сондықтан аталған мемлекетпен арадағы қарым-қатынас Қазақстан үшін өте маңызды.           

"Біз екі ел арасындағы экономикалық қатынасты талқыладық. Қазір біз төртінші революцияға, индустриялық, цифрлық революцияға беттеп келеміз. Аталған революция дәл осы АҚШ-та дүниеге келді. Сол себепті біз бизнес өкілдерімен бірнеше кездесу өткіздік. 7 млрд доллардан астам соманың келісімшарттарына қол қойылды. Келісімшарттардың ең бір маңыздысы – бұған дейін Қазақстанда жұмыс істемеген АҚШ-тың үкіметтік инвестициялық агенттігінің біздің елдің даму қорына 500 млн доллар бағыттауы. Сондай-ақ "Голдман Сакс" секілді ірі инвестициялық банктер бірлескен жобалар бойынша жұмыс істейтін болады. Олармен 3 млрд доллардың келісіміне қол қойылды", – деді Қазақстан президенті.

Дональд Трамп жайында
Қазақстан президентінің америкалық әріптесі жайлы не ойлайтыны журналистердің көбін қызықтырды. Оның үстіне көпшілігі АҚШ президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған келіссөздер кезінде өте мейірімді болғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың 45-ші президентімен бұған дейін де байланыста болғанын атап өтті. Яғни екі мәрте телефон арқылы сөйлессе, Эр-Риядта бір рет кездескен. 

"Бізде өзара түсіністік болды. Оның өзге президенттерге мүлдем ұқсамайтынын білдім. Мен үлкен Буш, Клинтон, кіші Буш, Обамамен кездестім. Дональд Трамп – мен кездескен АҚШ-тың бесінші президенті. Оның келіссөз жүргізуі де өзгеше. Ол – бизнесмен. Бос сөзді ұнайтпайды. Нақтылықты сүйеді. Мұның бәрі маған ұнайтын қасиеттер. Келіссөздер барысында біз бір-бірімізді жақсы түсінісіп отырдық. Бәрі ойдағыдай өтті. Толықтай өзара түсіністік деп айта аламын. Жақсы жұмыс істедік. Ешқандай мәселе болған жоқ. Керісінше, талқылаған сұрақтар бойынша тікелей байланысып отыруға келістік", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

"Ыстық нүктелер" туралы
Нұрсұлтан Назарбаев пікірталастың басты тақырыптарының бірі "ыстық нүктелер" болғанына тоқталды. Атап айтқанда, АҚШ президентін Солтүстік Кореядағы жағдай қатты толғандырады екен.

"Мен Солтүстік Корея мәселесін Америка Құрама Штаттары, Ресей және Қытай бірлесіп шешуге болатынын айттым. Басқа жол жоқ. Ол бұл пікірмен келісетінін айтты. Мен аталған нүктеде жұмыс істеу керек деп есептеймін", – деді Қазақстан президенті.

Пікірталаста орын алған екінші сұрақ – Иран мәселесі.

"Трампқа Иранның ядролық бағдарламасын шектеу туралы келісім ұнамайды. Бірақ мен бұл келісімнің күшін жою Иранның өз бағдарламасын қайтадан жүзеге асыруға алып келетінін, осылайша Солтүстік Корея секілді тағы бір ел пайда болатынын түсіндіруге тырыстым. Меніңше бұл бағыттағы жұмыс  жалғасады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Пікірталас барысында Ауғанстандағы ахуал да тілге тиек болды. Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері АҚШ-тың Ауғанстанда жүргізіп жатқан жұмыстарын қолдау керек деп есептейді.

"Ауғанстандағы ахуал біз үшін маңызды. ИГИЛ-діктер, барлық лаңкестер жеңіліске ұшырады, ДАИШ секілді мемлекет жойылды. Бірақ олар барлық жерге өз адамдарын қалдырып кеткені анық. Олар Ливияға, Ауғанстанға қарай ойысуда. Демек біздің шекараға жақындап келеді. Біздің елдердің адамдарын өз жауынгерлерінің қатарына қосып алғанын ескерсек, олардың қайтып оралуы бек мүмкін. Бұл істі бақылауда ұстау керек. Сондықтан Қазақстан және біздің Орталық Азиядағы көршілеріміз өз күштеріне қарай қолдау көрсетеді деп ойлаймын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстанның Ауғанстанға 75 млн долларға гуманитарлық көмек көрсеткенін, аталған елдің тұрғындарын оқытып жатқанын еске салды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

"1979 жылы Ауғанстанға кеңес әскерлері енді. Осыдан 37 жыл бұрын дүниеге келген адам Калашников винтовкасынан басқа қолына ештеңге ұстаған жоқ. Ел экономикасының жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек", – деді Қазақстан президенті. 

АҚШ пен Ресей қатынасы хақында
Бұл мәселе де журналистерді қызықтырған сауалдардың бірі. Себебі Ресей Қазақстанның көршісі әрі негізгі серіктесі болып табылады. АҚШ пен Ресей арасындағы соңғы жылдардағы қарым-қатынас қанағаттанарлық деңгейде деп айту қиындау.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл тақырыпта әңгіме өрбімегенін бірден мойындады.

"Өздеріңіз білесіздер, жағдай жол бермейді бұған. Сондықтан бұл мәселені қаузағанды дұрыс көрмедім. Бірақ біз Солтүстік Кореяны талқылай отырып, Украинаны тілге тиек еттік. Украинадағы мәселелерді де шешуге болады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Меніңше, Минскідегі уағдаластық тығырыққа тірелді. Енді бітімгерлерді Донбасс пен Луганскіге енгізу керек. Олар шекараны анықтауы керек. Қазіргі мәселе қандай? Ресей тарапы былай дейді: Минск келісімінде олар басшыларын өздері таңдау үшін Донбасс және Луганскіге арнайы кепілдік пен дербестік беріледі деп жазылған. Ал Украина тарапының айтатын уәжі мынадай: алдымен бәрі бұл жерден кетсін, ал кейін біз бәрін келісімге сәйкес жасаймыз. Яғни, қос тараптың да өз ұсынысы бар. Енді олардың позицияларын бір-біріне жақындастыру керек. Өзара түсіністік болуы керек. Қазір сол түсіністік болмай тұр", – деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президентімен Минскідегі уағдаластық туралы сөйлескенін айтты.

"Минск-1 тығырыққа тіреліп қалғанын, енді Минкс-2 керек екені туралы сөйлестік. Ол "Маған бұл Минск ұнамайды, басқа жерде өткізейік" деді. Мен "Жарайды" дедім. Негізі, бұл әу баста Қазақстанда болуы керек еді. Мен бәрінің басын қосуға бейілдімін. Біз бұл бағытта жұмыс істеуге уағдаластық. Бұл жерде санкциялар мәселесі бар. Бұл тақырыпта да әңгіме өрбіттік. Бәрін ашық айтқым келіп отырған жоқ. Бірақ, олардың араында менің жұмыс істеуіме тура келетін сәттер бар. Бұл мәселе түптің түбінде шешіледі деп есептеймін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Таратпау проблемалары туралы
Ядролық қауіп-қатер және жаппай қырып-жою қаруын таратпау Қазақстан президентінің АҚШ-қа жасаған сапары барысында талқыланған негізгі мәселенің бірі. Бұл мәселеге қатысты пікірталастың қорытындысын айтқан Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде бәрі асимметриялық бағытта өрбіп отыр деді.

"Ядролық державалардың айтуынша, олар қаруды ұстап, жетілдіре бермек. Ал қалған елдерге тыйым салынады. Бұлайша жұмыс істемейді. Егер ядролық державалар аталған қаруды азайту бағдарламасы бар, сондықтан өзге елдер де осы жолмен жүрсін десе, әңгіме бөлек. Егер қандай да бір мемлекет ядролық қарудан бас тартса, ядролық державалар сол елге ешқандай қауіп төнбейтініне кепілдік беруі керек. Мәселен Қазақстан ядролық қарудан бас тартқанда, әлемнің бес мемлекеті ядролық шабуылдан сақтау кепілдігін бергені секілді. Міне осы жүйе керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетейік, Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан ел. Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдар бұл қадамның дұрыстығын дәлелдеумен келеді деді.

"Біз әлемнің барлық елінің сеніміне ие болдық. Қазақстан деген жақсы атымызды сақтап қалдық. Осының нәтижесінде Қазақстанға 300 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – Орталық Азия өңірінен келген барлық тікелей шетелдік инвестициялардың 80%-ы. Тиісінше, аталған 300 млрд доллар біздің елдің экономикасын алға сүйреді. Қазір америкалық Chevron компаниясы Теңіз экономикасына 35 млрд доллар аударып отыр. Қашағанды дамыту 55 млрд долларға түсті. Одан кейін General Electric келді. Осылайша, бүгінде мұндай компаниялардың саны 550-ге жетті. Олардың бәрі Қазақстан экономикасына жұмыс істеуде. Егер біз ядролық державаға айналғанда, қазір Солтүстік Корея секілді болар едік", – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, сондықтан ядролық державалармен ядролық арсеналды азайту туралы келіссөздер жүргізуге Қазақстанның моральдық құқығы бар.

"Осынау құқықты пайдалана отырып мен Иранмен келіссөз жүргіздім. Сіздер 10 атом бомбасына ие боласыздар. Ал әлемде олардың саны 7,5 мың. Ал бұл тәуелсіздікті сақтай ма? Тәуелсіздік жақсы атыңды шығарады, елдің беделін өсіреді, барлық мемлекетпен жақсы қарым-қатынаста боласың. Сол секілді мен Солтүстік Кореяға да бұл тәуелсіздікті сақтаудың жолы емес екенін жеткізбекпін. Олар қазір бәрін тоқтатып, біздің қол жеткізгенімізге ие бола алады. Мұның соңынан инвестицияларға жол ашылады. Ал инвестиция елдің экономикасын жақсартып, халықтың тұрмысын түзейді. Бұл адамзаттың ортақ мәселесі. Егер сіз ядролық қатердің басында тұрсаңыз, бұл ешкімге де ұнамайды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.                  

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова, Нью-Йорк

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу