Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстанға "аралас" энергетикалық жүйе керек"

4122

Қазақстан президенті адамзат баласы жаңартылатын энергия көздерін дамытумен қатар дәстүрлі энергетиканы жетілдіруге тиіс екеніне сенімді.

Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстанға "аралас" энергетикалық жүйе керек"

22 маусым, бейсенбі күні өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев "жасыл" энергетикаға арналған ЭКСПО көрмесін өткізу Қазақстанның экологиялық таза технологияларға көшу рәсімін ұстап отырғанының дәлелі екенін айтты. Алайда тек жел және күн энергиясы немесе су энергиясы ғана пайдалы емес, сонымен бірге электр энергиясын дәстүрлі тәсілмен алу тәсілі – көмір және газ генерациясы да пайдалы деп атап көрсетті.  

"Бізде мұнай, көмір, газ, уран қоры көп, олардың көлемі 32 млрд тонна мұнай эквивалентімен бағаланып отыр немесе барлық әлемдік қордың тура 4%-ын құрайды, – деді мемлекет басшысы. – Сондықтан шетелдік инвестициялардың бастапқы ағыны нақ осы салаларға жіберілгені дұрыс. Жағдайдың жақсы кезінде үлкен қор жасап алдық. Соның арқасында елімізде инновация мен индустрияландыру бойынша кең көлемді жұмыс жүргізіп, қуатты инфрақұрылымдық бағдарламаны дамытудамыз".

Сонымен қатар елбасы бүкіл әлемнің жаңартылатын энергия көздерін іздеу процесіне тоқталып, Қазақстан үшін энергия өндірудің аралас жүйесі ең тиімді екенін айтты.

"Ол жаңартылатын энергетиканы дамытумен қатар дәстүрлі қор көздерінен энергия алу дегенді білдіреді, ал ол қаншалықты тиімді болар екен", –  деді елбасы. Осы арада ол еліміздің ЖЭК-ті дамыту үшін әлеуеті зор екеніне де тоқталып кетті.    

"Жел энергетикасы жылына 920 млрд киловатт/сағат, су энергетикасы жылына 62 млрд киловатт/сағат, күн энергиясы жылына 2,5 млрд киловатт/сағат деп бағалануда, – деп елбасы барлығын тізіп шықты. – Мемлекеттік қолдаудың жүйелі шарасын дайындадық, алдымызға мақсат қойып, қабылданған бағдарлама бойынша ілгері қадам жасап келеміз. 2020 жылдың соңына дейін ЖЭК-тің 50-ден астам нысаны пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Еліміздегі энергия балансындағы баламалы энергия үлесі 2050 жылға қарай 50%-ға дейін артуы керек".

Оның бағалауынша, жаңартылатын энергия көзі көмегімен шығарылған энергияның құны жыл сайын арзандауда. Осындай арзандаудың келесі бір кезеңі көптеген елдерде жемісті қолданылып отырған аукцион жүйесіне көшу болмақ.

"Осындай тиімді жүйені біздің елімізде де іске асыруға болады. Ол алынған технологияларды қолданумен ЖЭК-тің ең тиімді деген жобаларын таңдап алып, іске асыруға мүмкіндік береді", – деп есептейді елбасы. Сонымен бірге ол қазір әлемде сирек кездесетін металдарды пайдаланатын  технологиялардың белсенді дамып келе жатқанын айтып кетті. Сарапшылардың бағалауы бойынша, литийға деген сұраныс 2025 жылға қарай үш есе артып, жылан 550 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. Сол себепті литийге ақ мұнай деген атау берілген. Қазақстанда металдардың қоры жетерлік, оның ішінде литийде бар. Инвесторларға біздің үкіметпен бірлесе отырып, осы секторды инвестициялауды ұсынамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ елімізде жаңа энергетика саласының мамандарын оқыту мен даярлау, ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін жағдай жасай отырып өзіміздің ғылыми-технологиялық әлеуетімізді дамыту қажет екеніне назар аударды.

"Мұнымен салалық министрліктер, университеттер, халықаралық технология, инвестиция орталықтары айналысуға тиіс. Ал шетелдік инвесторлар кеңесі бұл мәселеге өз үлесін қоса алады", – деді елбасы.

Елбасы дәстүрлі салалармен қатар қазір Қазақстан басымдық жасап отырған инновация мен сандық технологияны қолданатын жаңа индустрияны да дамыту керек екеніне тоқталып өтті.  Министрліктер мен өңірлердегі барлық арнайы органдар осымен айналысатын болады. Мұның барлығы едәуір инвестиция мен кадрларды және белсенді жұмысты қажет етеді. Сондықтан келесі пленарлық отырысты "Жеделдетіп жаңғырту"  тақырыбында өткізуді ұсынамын. Егер сіздер қарсы болмасаңыздар, онда осы тақырыпты бекітеміз", – деп қорытындылаған елбасы кеңеске қатысушыларға қарады. Ешқандай қарсылық болмаған соң, тақырып бірауыздан бекітілді".

Энергетика министрлігі: "Энергия тиімділігі сұранысты азайтады"  

Кеңес отырысында елбасы сөз алмастан бұрын энергетика министрі Қанат Бозымбаев энергетика нарықтарының даму болжамы жайына тоқталып өтті. Оның айтуынша, энергетикалық форсайт дайындауға шешім қабылдаған энергетика министрлігінің мамандары ЭКСПО дайындалып жатқан кезде энергетиканың жаһандық өзгерістерімен және трендтерімен таныса бастаған. Осыған сай өндіріс және тұтыну барысында энергия тиімділігін арттырудың арқасында энергияға деген жалпы сұраныс 2050 жылға қарай 3%-ға төмендейді. 

"Жағдай осылай дамитын болса, энергияны  дәстүрлі қор көздерінен тұтыну төмендейді. Осыған орай ЖЭК-тің рөлі артатын болады, – деді Қанат Бозымбаев. – 2050 жылға қарай көмірге деген әлемдік сұраныс 3,2 млрд тоннаға дейін төмендейді. Мұнайға деген сұраныс 2030 жылы өз шегіне жетеді, содан кейін 2050 жылға қарай қайта төмендейді да, күніне 95 млн баррель деңгейінде тұрақтайды".

Оның айтуынша, ЖЭК негізінде өндірілген электр энергиясының есебінен газды пайдалану сәл төмендейді. Аккумуляторлар құны бес-сегіз есеге арзандайды, желдің есебінен электр энергиясының құны екі есеге төмендесе, күннің есебінен төрт-бес есеге арзандайды. Бұл әлем бойынша 2050 жылға қарай күн және жел электр стансаларының үлесі 5%-дан  50%-ға дейін артуына жол ашады. Қазақстан әлемдік үрдістерді қалт жібермей, жаңа өзгерістерге дайын болуы керек, – деп аңғарды энергетика министрі. – Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, мұнай пайдаланудың шарықтау шегі 2030 жылға тұспа-тұс келеді, сондықтан біз мұнай өндірісін 10 жылда үдетуіміз керек. Ол үшін министрлік мұнай саласына инвестиция тарту шараларын қолдануда".

Қанат Бозымбаевтың сөзінше, оның мекемесі инвестициялық тартымдылықты жоғарылатып, әкімшілік кедергілерді қысқару жөнінде норманы жасап шығарған. "Тиісті заң жобаларын биылғы жылдың қыркүйегінде парламентке тапсыру  жоспарланып отыр", – деп нақтылады министр.

Оның айтуынша, мұнай бағасы арзан болған күннің өзінде енгізілген түзетулер жыл сайын мұнай-геологиялық барлау жұмыстарына миллиард долларға жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

"Кеше ғана "Еуразия" жобасы бойынша келісімге қол қойдық, Каспий маңы ойпатының аса терең қабаттарын барлаумен айналысатын консорциум құру туралы келістік", – деп баса айтты министр, сондай-ақ бұл геологиялық кен орнының қоры, мамандардың бағалауы бойынша, 50 млрд тонна мұнайдан асатынын еске салды.

"Әлем бойынша көмір пайдалануды қысқару жөніндегі болжам ескеріліп, Қазақстанның көмір ресурстарының баламасы ретінде метан-көмір қыртыстарын барлау және өндіру бойынша жұмыс жолға қойылды. Бұл атмосфераға шығарылатын қалдықтар мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Алғашқы газды алдық, мәліметтерді талдап жатырмыз, – деп сөзін жалғады энергетика министрі. –  Атом өнеркәсібінде "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясын әлемдік нарықтарға шикізат жеткізуші ретінде емес Қытай, Еуропа және өзге елдердің атом стансалары үшін дайын отын әзірлейтін компанияға айналдыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз".

ЖЭК шынайы ретінде

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, елде жаңартылатын энергия секторы жоспарлы түрде дамып келеді, мұнда соңғы жылдың ішінде инвестициялық климатты жақсарту жөнінде нақты қадамдар жасалды.

"Желілік инфрақұрылым мен табиғи-климаттық жағдайдың дайын екені ескеріліп нысандарды орналастыру жоспары бекітілді, ұлттық валютаның құбылмалы бағамы ескеріліп нақтыланған тарифтерді индекстеу принципі бекітілді, – деп санап айтты министр. – Қазір ірі өнеркәсіптік топтарға ЖЭК жобаларын іске асыруға мүмкіндік беру мәселесін парламентте талқылап жатырмыз".

Бұл ретте айта кету керек, нарықтың кейбір қатысушылары өз ЖЭК паркін құруда жұмысты бастап кетті. Дәлірек айтсақ, Еуразиялық ресурстық топ (ERG) Қазақстанда отын ретінде феррокорытпа газын пайдаланатын газ электр стансасын салу мүмкіндігін қарастырып жатқанын топтың менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевия мәлімдеген.

"Қалдықсыз өндіріс құру аясында біз отын ретінде ферроқорытпа газы пайдаланылатын электр стансасын салу мәселесін зерттеп жатырмыз, – деді ол кеңес отырысында. – Бұл жоба өндірістік циклден шығатын электр энергиясының да, ферроқорытпаның да өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді".

Менеджерлер кеңесі басшысының айтуынша, қазіргі кезде ERG басшылығының қолында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін шығару нысандарының құрылысы жөнінде жобалар қоржыны жатыр. Александр Машкевич түсінідіріп өткендей, сөз жел, күн электр стансаларын, сондай-ақ СЭС-ті пайдалану туралы болып отыр.

"Аталған бастамаларды іске асырсақ топтың энергиялық теңгеріміндегі жаңартылатын көздер үлесін қойылған мақсатқа, яғни жалпы шығарылған электр энергиясының 3%-на дейін жеткізеді", – деді ол.

Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу