Нұрсұлтан Назарбаев: Мешіттің кірпішін қалағанымда қасымда Қасым-Жомарт Тоқаев болды

2409

Мешітке мемлекет қаражаты жұмсалған жоқ, демеушілер қаржы құйды.

Нұрсұлтан Назарбаев: Мешіттің кірпішін қалағанымда қасымда Қасым-Жомарт Тоқаев болды

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мешітінің ашылу салтанатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Мешіт өзінің бастамасымен салынған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Бүгін қасиетті жұма күні елордамызда еңселі мешіт ашылып отыр. Бұл елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының бас мешіті деп аталады. Тәуелсіздік дәуірінде бізді қолдаған, елімізді ел қылуға жар болған Алла Тағалаға деген құрметімізбен мен осы мешітті салуға ниет жасадым. Бұл бас қаламыз ғана емес, бүкіл еліміз, барлық мұсылман қауымы үшін маңызды оқиға", – деді Назарбаев.

Ол құдай үйінің кірпішін қазіргі президентпен бірге қалағанын айтты.

"Тәуелсіздік таңы атқаннан бері еліміздің әр түпкірінде көп мешіт ашылып, жамағатты риза қылғаны бәрімізге белгілі. Оларда оқылған намаздар мен дұғаларды Алла қабыл етсін. Мен Мемлекет басшысы ретінде өкілеттігімді тоқтатудан бір күн бұрын, 2019 жылғы наурызда осы мешіттің алғашқы кірпішін қаладым. Сол сәтте менің қасымда қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Аллаға жүгініп, ризашылығымызды білдіріп, болашақта халқымыздың тәуелсіздігі мен еліміздің еркіндігі ұзағынан болсын деп тіледік. Асыл дінімізге осынша қолдау көрсетуді әу бастан мұсылмандық міндетім, халқымның алдындағы перзенттік парызым деп білдім", – деді ол.

Мешіт әлемдегі 10 үлкен мешіттің қатарына қосылуы мүмкін. Сыйымдылығы жөнінен Орталық Азияда ең ірісі.

Оның 130 метрлік мұнарасынан туристер қаланы тамашалай алады. Ал ауласында 300 метрлік субұрқақ орнатылған, аула саябаққа айналдырылады.

Бұған дейін inbusiness.kz үлкен мешіттпен кеңірек таныстырған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу