Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan-ды сайлау науқанына белсенді түрде қатысуға шақырды

1684

"Nur Otan" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның орталық аппараты құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілерімен кеңес өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan-ды сайлау науқанына белсенді түрде қатысуға шақырды Фото: akorda.kz

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы "Nur Otan" партиясының орталық аппаратына барып, оның қазіргі жұмысымен танысты және құрылымдық бөлімшелер жетекшілерінің қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлады Елбасының баспасөз қызметі. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде болған соңғы саяси оқиғаларға байланысты партияның алдында стратегиялық маңызы бар бірқатар міндет тұрғанын айтты.

"Біз жақында "Nur Otan" партиясының съезін өткізіп, оның 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Партияның жаңа мақсат-міндеттері айқындалды. Елімізде болған оқиғалар барша жұртқа белгілі. Мен партияның, Қауіпсіздік кеңесінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы болып қала беремін", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев белсенді әрі нәтижелі жұмыстың арқасында "Nur Otan" партиясы еліміздің басты саяси күшіне айналғанын атап өтті.

"Реформалар, даму, азаматтық қоғам – партияның жұмылдырушы негізі. Қоғамның тұрақтылығы, халықтың бірлігі мен келісімі өсіп-өркендеуіміздің басты басымдықтарына айналды. Азаматтарымыздың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету және Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде дамыту мәселесі басым бағытымыз болып қала береді", – деді "Nur Otan" партиясының Төрағасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашудың маңыздылығын атап өтіп, әлеуметтік масылдыққа жол бермеу қажеттігіне баса мән берді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының өтуіне байланысты "Nur Otan" партиясы алдағы сайлау науқанына белсенді қатысуға тиіс екенін айтты.     

"Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің заңды құқығын пайдаланып, Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл сайлау биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Енді бізге партияның съезін өткізіп, ел президенттігіне кандидатура ұсынуымыз керек. Партияның аппараты съезді өткізу үшін қажетті жұмыстардың бәрін жылдам іске асыруға тиіс. Партиямыздың атынан кандидатура ұсынғаннан кейін Қоғамдық сайлау штабының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыспен менің бірінші орынбасарым Мәулен Әшімбаев айналысады", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.   

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев сайлауды толығымен ел заңнамасына сәйкес және барлық демократиялық нормалар мен рәсімдерді сақтай отырып өткізу қажеттігіне назар аударды.  

Кеңес барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев сайлау штабын ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев М.Әшімбаевтың ақпаратын назарға алып, партияның орталық аппараты мен филиалдары алдағы іс-шараларды ұйымдастыру үшін жылдам әрі үйлесімді жұмыс істеуге тиіс екеніне тоқталды.     

"Партияға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл – таңдап алған саяси бағдарымыздың сабақтастығын және өзім белгілеген барлық стратегиялық міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ету. "Nur Otan" Қазақстанды жаңғыртатын басты қозғаушы күшке айналды. Сондықтан, белгіленген міндеттердің бәрі толығымен орындалуға тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Nur Otan" партиясының Төрағасы "Бақытты отбасы", "Құтты мекен", "Ауыл – Ел бесігі" және "Халыққа көмек" жобаларын тиімді іске асыру мәселелері туралы айтты.  

Сондай-ақ, Елбасы партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын іске асыру үшін нақты іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев партияның мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадр дайындайтын негізгі құрылым болуға тиіс екенін атап өтіп, "Nur Otan" партиясының республикалық кадр резервін жасақтауды тапсырды.

Елбасы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша партия мүшелері жүргізетін тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. 

"Nur Otan" партиясы менің саясатымның мәнін түсіндіру ісінде басты институт болуға тиіс. Уақыт пен қол жеткізген жетістіктер ұстанған бағытымыздың дұрыстығын көрсетті. Бұл бағдарды одан әрі іске асыру үшін нақты жұмыс істеу керек", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу