Нұрсұлтан Назарбаев: Жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8170

Елімізде "7-20-25" жаңа тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, студенттерге 75 мың орындық жатақхана салынады.

Нұрсұлтан Назарбаев: Жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты Фото: akorda.kz

Бүгін өткен парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жолдап, бес әлеуметтік бастамасын таныстырды.  

"Парламент қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқыма үндеу жариялағалы отырмын. Бұл қадам талайдан бері менің көкейімде жүр. Бірақ, Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуы керек еді. Міне, сол күн де туды! Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
 

Баспаналы болу жеңілдейді
Президенттің бірінші бастамасы – әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру.

"Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан, мен "7 – 20 – 25" бағдарламасын ұсынамын", – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бағдарламаның тиімділігі көп.

Біріншіден, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16% емес, жылына 7%-дан аспайтын болады.

Екіншіден, қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30%-ына дейін, кейде тіпті 50%-ын салуды талап етеді. Ал бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20%-дан аспауға тиіс.

Үшіншіден, несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 жыл емес, 25 жылға дейін болады.

"Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет", – деді президент.
 

Салық жүктемесі азаяды
Екінші бастама – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту.

"Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1% ғана салық салуды ұсынамын", – деді президент.

Елбасының айтуынша, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады.

"Әрі қарай үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі керек", – деді елбасы.
 

Білім гранты 20 мыңға артады
Президенттің үшінші бастамасы білім саласына арналған. Атап айтқанда, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас білім алуда. Олардың 30%-ға жуығы мемлекет бөлген грантпен оқып жатыр.

Президент жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін мынадай шараларды ұсынды.    

"Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады", – деді президент.

Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандарына басымдық берілмек.

"Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру керек. Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд. Сонымен бірге, адам ресурстарына салынатын үлкен салым", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аудару қажет екенін айтты.    

"Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді", – деді Қазақстан президенті.
 

Шағын несиеге басымдық беріледі
Төртінші бастама – шағын несие беруді көбейту. Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік саналады.

"2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда, "Бастау Бизнес" жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиелерді ала алмады. Сондықтан, 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын", – деді елбасы.

Осының нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жететін болады.

"Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді", – деді мемлекет басшысы.
 

Газдандыру жұмысы жалғасады
Президенттің бесінші бастамасы – елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру.

"Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текше метрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі. Қазір еліміздегі тұрғындардың 50%-ға жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады", – деді президент.

Елбасының айтуынша, газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Президенттің бес бастамасы – осы. Елбасы үкімет пен Ұлттық банкке бастамаларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетіктерін жасауды тапсырды. Сондай-ақ, парламент депутаттары заңнамаға қажет өзгерістерді уақтылы енгізуі қажет.

"Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Ал, ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге,  қазаққа керек. Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да бұзылмайтын берік ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін қауіп жоқ. Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты. Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік", – деп түйіндеді сөзін президент.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу