Бұл туралы танымал актер, режиссер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің "AntikorLive" онлайн платформасындағы тікелей эфирде айтты.
Оның сөзінше мемлекет қазіргі қиын кезде шешім қабылдағанға дейін қазақстандық қалталы олигархтар халыққа көмектесуі керек.
"Жақында әлеуметтік желіде осы туралы жаздым. Оқығандардың 95%-ы қолдады. Ішінде бизнесмендер неге көмектесуі керек деп сұрағандар да бар. Әрине, бизнесмендер міндетті емес. Бұған тікелей мемлекет жауапты. Бірақ мемлекет заңда жазылған тәртіппен шешім қабылдағанша, біраз уақыт кетеді. Сондықтан ірі бизнесмендер, олигархтар, қалталылар тізіміне кіретіндер, біздің жердің арқасында байлыққа ие болған адамдар мемлекет шешім қабылдағанға дейін көмек қолын созса", – деді Нұртас Адамбай.
Оның айтуынша, қазір мен неге көмектесуім керек немесе бұдан қандай пайда бар деп деп ойлайтын кез емес, мүмкіндігі, байлығы болса жүздеген отандастарының өмірін сақтап қалу үшін көмектесуге болады.
"Миллиардтарды, үй, шоттарын ешкім алып кетпейді. Қазіргідей маңызды, қажетті кезде бұдан қандай пайда табамын деген ойды ысырып қойып, көмектесуге шақырамын. Көмек көрсетіп жатқандар бар. Көріп жүрміз. Бірақ ол бір реттік, бІр-екі таныс алу аппараттарын алып беріп, көмектестім деген ой болмаса. Қазақстан бай ел, қалталы адамдардың біреуі ғана бар мәселені шешіп тастай алады. Қазір адам болу керек", – дейді режиссер.
Оның айтуынша халыққа өзі де көмектеседі.
"Мен де көмектесемін. Бірақ мұны жарнамалағым келмейді. Мен пост жазған соң бір досым көмектескісі келді. Ол олигарх емес, бірақ ай сайын қайырымдылық жасайды. Бірге тыныс алу аппаратын алу үшін қаржы жинауды ұйымдастырмақпыз. Қандай да бір үлес қосқымыз келеді. БІз мәселені шешіп тастамаймыз, бірақ, бір адамға болса да көмектесеміз деп ойлаймын", – деді Адамбай.
Құралай Құдайберген