Нығматулин Цойға: Сізге "окоптан" шығу керек

3195

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қатаң сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Нығматулин Цойға: Сізге "окоптан" шығу керек

Мәжіліс отырысында 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берілген болатын. Депутаттар тарапынан Алексей Цойға сұрақ қойылған. Әйтсе де министрдің жауабы Мәжіліс спикерін қанағаттандырмаса керек.

"Алексей мырза, Еуропаны не қыласыз? Еуропаны еуропалықтарға қалдырсаңызшы. Өз міндетіңізбен айналысыңыз. Сізге окоптан шығу керек. Құрметті министр, сізге халықтың алдына шығатын уақыт келді. Бас санитарлық дәрігердің қаулысын желеу етіп, адамдармен сөйлесуді қойыңыз. Ауруханаларға, емханаларға, әсіресе, аудандарға барып қайтыңыз. Сол жерде кезекте омалып отырған адамдармен сөйлесіп көріңіз. Сол жерде медициналық көмектің сапасы жайлы көп білер едіңіз",деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасының айтуынша министр келтірген статистиканың бәріне сене беруге болмайды. 

"Статистикаға, әдістемелерге сүйеніп отырасыз ылғи. Алексей Владимирович, Денсаулық сақтау министрлігіне қаншама ауыр жүк түскенін түсінеміз. Бірақ сасқалақтап отыратын уақыт өтті ғой. Жиналу керек. Коммуникацияны ретке келтіру керек. ОКҚ-ға келесіз де, құрғақ сандарды оқып шығасыз. Ол аз десеңіз, журналистер қойған сұрақтардың жартысына жауап бере алмайсыз. Барыңыз да, сөйлесіңіз. Кім үшін терлеп жүрміз өзі? Олар – біздің сайлаушылар емес пе! Парламент комитеттегі тағайындауға сізге толық мүмкіндік берді. Енді сол сайлаушылармен кездесу керек қой. Олар медицина қызметінің сапасын қалай бағалайтынын сізге де білу керек қой. Ел билігі сізді қолдады. Парламент те қолдау білдірді. Біршама сома бөлді. Баяғыдан бері жұмыс істеу керек болатын", деп ескертті Нұрлан Нығматулин.

Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу