Оқ жаудырған АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметінің (ICE) қызметкерлері болып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға Манхэттеннің солтүстігіндегі Марбл-Хилл ауданында тіркелген. Полицияның мәліметінше, азаматтық киім киген агенттер ер адамның көлігіне жақындаған. Көлік қозғала бастаған сәтте қызметкерлердің бірі оқ атқан. Нью-Йорк полициясының басшысы Джессика Тиштің айтуынша, ол 7 оқ шығарған.
Нью-Йорк қаласының полициясы бұл операцияға қатыспаған, оқ атылғаннан кейін ғана оқиға орнына жеткен.
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі операцияның мақсаты Доминикан Республикасының азаматы болғанын мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, оның ірі көлемдегі ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталғаны және бұған дейін бірнеше рет ұсталғаны белгілі. Сондай-ақ, министрлік ер адамның "Трини-тариос" көше қылмыстық тобымен байланысы болғанын алға тартты. Күдіктінің аты-жөні – Оскар Бельгаль.
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани федералдық агенттердің әрекетін қатаң сынға алды. Ол жараланған ер адамды босату үшін АҚШ президенті Дональд Трамппен және Ішкі қауіпсіздік министрлігінің басшысы Марквейн Маллинмен бірнеше сағат бойы телефон арқылы келіссөз жүргізген. Десе де, тараптар ортақ шешімге келе алмаған.
– Мұндай әрекеттер қаланың қауіпсіздігін төмендетеді, – деді Мамдани.
Ол ICE қызметкерлерінен Нью-Йорк көшелерінде, мектептер мен ауруханаларда операция жүргізуді тоқтатуды талап етті.