2025-2026 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінің алғашқы өтпелі матчында Әзербайжанның Карабах клубы мен Англияның Ньюкасл Юнайтед командасы кездесті. Ойын 6:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.
Кездесу Бакудегі Тофик Бахрамов атындағы стадион аренасында өтті. Матчтың бас төрешісі – норвегиялық Эспен Эскос.
Ойынның 3-минутында Энтони Гордон есеп ашып, қонақтарды алға шығарды. 9-минутта Малик Тшау ағылшын клубының басымдығын еселей түсті.
32-минутта Гордон пенальтиді сәтті орындап, дубль авторы атанды. 2 минуттан кейін хет-трик жасап, есепті 4:0-ге жеткізді. Ал бірінші таймға қосылған уақытта (45+1) тағы бір пенальтиді мүлт жібермей, покер тіркеді.
54-минутта Элвин Джафаргулиев "Карабах" сапынан бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен 72-минутта Джейкоб Мёрфи қонақтардың 6-шы добын енгізіп, матчтың соңғы нүктесін қойды.
Жауапты кездесу 24 ақпанда Ньюкасл-апон-Тайн қаласындағы Сент-Джеймс Парк стадионында өтеді.
Жалпы кезең қорытындысы бойынша "Карабах" 10 ұпаймен 22-орында тұрса, "Ньюкасл Юнайтед" 14 ұпай жинап, 12-сатыға жайғасты.