ОАЭК құру әзірге бос қиял ғана

2844

"АрселорМиттал Теміртау" 2-ЖЭО-да 500 заң бұзушылықтың бары анықталған, ал станцияны жаңғырту үшін бірлескен кәсіпорын құру мәселесі әлі шешілмей отыр.

ОАЭК құру әзірге бос қиял ғана

Биылғы жылдың 22 маусымында Қарағандыда өткен баспасөз мәслихатында прокурор Арман Аханов "АрселорМиттал Теміртау" 2-ЖЭО-да инвестициялық бағдарлама орындалмай отырғанын айтты. 

"Теміртауда жылу беру жұмысының сапасыздығы – басты мәселенің бірі. Екі жыл ішінде ЖЭО-да 260-тан астам апат тіркелген, орташа қыздырмау шамамен 11,5 градус болған. Біз мамандарды тартып, жағдаймен толық таныстық. Прокурорлық тексеру қорытындысы бойынша АМТ 2-ЖЭО жұмысында халыққа қызмет көрсету сапасына әсер ететін 500 заң бұзушылық бар екені анықталды. Ең басты заң бұзушылық – бұл инвестициялық бағдарламаның орындалмауы және қызмет көрсетуді дұрыс тарифтемеу. Станциядағы жабдық тозған. Орталық жылу жүйесі үшін тазартылмаған су қолданылады, ал бұл станцияның желісі мен жабдығына үлкен зиян келтіреді. Жаңғыртуға бөлінген қаражат игерілмей жатыр", – деді прокурор.

Іргетасы 1973 жылы қаланған 2-ЖЭО станциясындағы жағдай биылғы жылу беру маусымында мүлдем күрделі болды. АМТ басшылығы 2016 жылы қазандықтардың бірінің жоспарланып қойған күрделі жөндеуінен қаражатты үнемдеу мақсатында бас тартқан. Ақыр-соңында бұл комбинаттың технологиялық тізбегіндегі, сондай-ақ қалаға жылу беруде де мәселеге айналып, салдарынан қайта-қайта апат орын алды.  

2016 жылдың 27 желтоқсанында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Теміртаудағы жылу беру жұмысы үшін сол кездегі Қарағанды облысының әкімі болған Нұрмұхамбет Әбдібековтың жұмысын сынға алған болатын.

"Жылу беру мерзімі басталғаннан бері "АрселорМиттал Теміртау" 2-ЖЭО-да  қазандықтар жұмысын тоқтатуға әкеп соққан 17 апат тіркелген. Бүгін сағат 6.20-да №2 қазандық жұмысы тоқтады, ал осы кезде екі қазандыққа жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан еді. Жекелеген күндері суды жеткілікті жылытпау нормативте көрсетілгеннен  15 градусқа дейін түскен. Теміртаулықтардың пәтерлеріндегі температура небәрі 16 градус болса, ал температура күрт төмендегенде 12 градусқа дейін мүлдем түсіп қалады".

Облыс басшысы жағдайды реттеуге уәде берген болатын, алайда екі апта өткеннен кейін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі  "11 қаңтар күні сағат 17.40-та "Арселор Миттал Теміртау" 2-ЖЭО-да №5 қазандық агрегатының жұмысы бу ысытқышында пайда болған саңылау салдарынан апатты жағдай орын алып тоқтатылды. 12 қаңтар күні сағат 22.20-да экрандағы саңылау салдарынан №3 қазандық агрегаты істен шықты. 13 қаңтар күні сағат 09.15-те су берудегі тығыздаманың бұзылуынан №1 қазандық агрегатының жұмысы тоқтатылды" деген хабарлама таратты.

"Орталық Азия Электр энергетикалық корпорациясы (ОАЭК) және "АрселорМиттал Теміртау" АҚ арасында станцияны басқару бойынша бірлескен кәсіпорын құру арқылы Теміртау қаласының жылу жүйесін қалыпқа келтіру және 2-ЖЭО-ның қаусап тұрған жабдығын жаңғырту мәселесі осы жылдың наурыз айында шешілу керек деп хабарланған болатын. Егер БК құрылатын болса, онда 2017 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі арада АМТ 2-ЖЭО-да 83 млрд теңгенің жаңғырту жұмысы жүргізіледі делінген еді.

Бірлескен кәсіпорын 2017 жылдың 1 наурызында құрылуы керек болатын, алайда ол кейін 1 маусымға шегерілді. Ал жаз басталғаннан кейін бірлескен кәсіпорын құру туралы сөз де болып жатқан жоқ.

Аbctv.kz-тің келіссөздер қалай жүріп жатыр, тараптардың бір келісімге келуіне не кедергі деген сұранысына ОАЭК жауап бермеді. "Арселор Миттал Теміртау" АҚ сұранысқа  "дәл қазіргі уақытта ауыз толтырып айтатындай еш келісім жасалған жоқ" деп жауап берген.

Редакция дереккөзі бойынша, бірлескен кәсіпорынды құруға ең басты кедергі  негізгі қорлардың әр түрлі бағалауында болып отыр. 2016 жылы екі халықаралық компания 2-ЖЭО-ның негізгі қаражатына тексеріс жүргізген. "Оның бірі ОАЭК тапсырысы бойынша, ал екіншісі АМТ тапсырысы бойынша жұмыс істеген болатын. Сондықтан да тексерушілер станциялардың актив құнын әр түрлі шығарған. Егер келіссөздің басында кәсіпорынды кім басқарады деген түбегейлі мәселе қаралған болса, қазір ол шешілді. Енді АМТ үшін ең бастысы ОАЭК олардың ұсынған бағалауымен келіссе болды. Бұл АМТ-ға құрылатын БК-ның жарғылық капиталын арттыруға мүмкіндік береді, бірақ ОАЭК жарнасын автоматты түрде арттыру керек болады".

Тараптардың ейшқайсысы келіссөздің тоқтағаны туралы хабарламағанына қарағанда, келіссөз әлі жасалып жатыр.

Прокуратура тексерісі кезінде анықталған заң бұзушылықтар АМТ басшылығына станцияның жабдығы жайына көңіл аударып, ОАЭК-пен бір келісімге келуге мүмкіндік туғызады деп ойлаймыз.

Гүлназ Ермағанбетова, Олег И. Гусев
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу