Одаққа кіріп, опық жеу

3524

Қазақстан футболында жаңа өзгеріс орын алды. 

Одаққа кіріп, опық жеу

Қазақ футболын дамытудың әртүрлі әдісін қарастырып жатқан Қазақстан футбол федерациясы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ұсынысымен келер маусымнан бастап ЕЭО елдерінің футболшыларын ел біріншілігінде легионер деп санамайтын болды. Сонымен қатар премьер-лигада ойнайтын клубтың әрқайсысы Қырғызстан, Беларусь, Армения, Ресей секілді елдердің ойыншыларын ресми түрде тіркей алады. Сондай-ақ бұрынғысынша 8 легионер алуға да мүмкіндік болады. Ал ЕЭО елдерінің ойыншыларының саны 10-нан аспауға тиіс. Бұл өзгеріс бойынша кез-келген премьер-лига клубы 8 легионер, оған қосымша 10 ойыншы алуына болады. Сонда 18 футболшы сырттан келсе, қалған 10 ойыншыны жергілікті аяқдопшылармен толтырмақ.

Бұл жаңа өзгеріс қоғамда екіұдай пікір қалыптастырып отыр. Жаңа жобаны жақтаушылар да, даттаушылар да баршылық. Мысалы, "Қайсар" футбол командасының атақты ойыншысы болған Мақсат Байжанов:

"Жергілікті футболшылар бәсекеге қабілетті болсын деп істеліп жатқан болуы керек. Бірақ менің ойым басқа, ойнайтын футболшы онсыз да ойнайды. Ашылатын талант түбі ашылады ғой. Ресей мен Беларусь немесе Армениядан келген ойыншының қазақ футболшысына керемет бәсеке боларына күмәнім бар. Егер олар біздің футболшылардан бір бас жоғары тұратын болса, Еуропаның кез-келген біріншілігінде өнер көрсетер еді. Сондықтан да бұл жаңа бастамаға өзгерту енгізген дұрыс. Еуразия экономикалық одақ елдерінен келетін футболшылар өз елдерінің Ұлттық құрамасында немесе жастар құрамасында ойнап жүруі тиіс. Сонда ғана сапалы аяқдопшылар келеді", – дейді ол. 

Мұндай пікірмен қақпашы Давид Лория да келісіп отыр.

"Қазір "Астана" сапында ойнайтын Юрий Перцухты алайық. Ол легионерлердің тасасында қалып, алаңға көп шыға бермейді. Бірақ ол Ұлттық құрамада негізгі футболшылардың бірі. Осыдан соң өзге футболшылар туралы не айтамыз? Ұлттық құрама ойыншылары ойын тәжірибиесінен айырылып қалатын сыңайлы", – дейді танымал қақпашы.

Ал Кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев жағдай керісінше болатынын айтады. "Ресей, Армения, Беларусь елінің ойыншылары бізге келеді. Біздің футболшылар да, сол елдерге барып доп тебе алады. Демек Ресей біріншілігіне жол ашылады. Қазақстанда жүрген футболшылар негізгі құрамда ойнауға талпынбайды. Олар үлкен сомада жалақы алып, жылы жерден кеткісі келмейді. Енді олар елімізде сырттандарға бәсекелес болады. Бәсекеге шыдамаса өзге чемпионаттарға баруға тура келеді", – дейді Олжас Шәкенұлы.

Айта кетуіміз керек, күні кеше ғана "Ертіс" футбол клубы ресейлік қорғаушымен келісімге отырып, алғашқы трансферді тіркеп те үлгерді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу