Одақтас елдер криптовалютаға ойысуда

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4076

Қазақстанда криптовалюта туралы заң қабылдау ұсынылды.

Одақтас елдер криптовалютаға ойысуда

Бұл – Қазақстан блокчейн және криптовалюта қауымдастығы өкілдерінің пікірі. Қауымдастық басшысы Есет Бутиннің айтуынша, заң қабылдау мәселесін биылдан қалдырмай талқылаған дұрыс. Өйткені әлемді жайлаған бұл үрдістен Қазақстанның қалып қоюы мүмкін емес, алайда кешігуі әбден ықтимал.

"Бұл бір жылда кесіліп-пішіліп қабылданатын дүние емес. Біріншіден, Ұлттық банк, қаржы министрлігі, ұлттық экономика министрлігі секілді мемлекеттік мекемелер тарапы ұстанатын бірыңғай саясат әзірленуі қажет. Тиісті саясат әзірленген соң, заң жобасына не енуі керек деген сұрақпен бас қатыра беруге болады. Менің ойымша, криптовалюта туралы заңды қабылдауға әлі ерте. Дегенмен, бұл мәселені қазірден бастап мемлекеттік мекемелермен бірлесіп талқылай бергеннің айыбы жоқ. Әйтпесе, Қазақстан өзге елдерден қалып қоюы мүмкін. Ал мұның салдары ел тұрғындарының шетел нарығына тұтастай ауып кетуіне алып келуі әбден ықтимал", – деді Есет Бутин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде ел тұрғындарының біразы шетел нарығына ауып жатыр. Атап айтқанда, Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді елдерге инвестиция құюда.

"Қазір көпшіліктің криптовалютаға деген қызығушылығы зор. Олар қандай жағдай болмасын криптовалютаны сатып алады. Ал оған жұмсалатын қаржы өз елімізде қалуға тиіс. Қазақстан қаржысының сыртқа кетуі ел экономикасы үшін тиімсіз. Сондықтан бұған жол бермес үшін мейлінше жеделдетіп криптовалюта туралы заң қабылдау керек", – деп есептейді Есет Бутин.

Қауымдастық басшысының сөзінше, қазақстандықтардың криптовалюта нарығына қатысып, қаржы табуына толыққанды жағдай жасалуы керек.

"Сондықтан криптовалюта алаңдарын құруды, оның биржа мен айырбас бекеттеріндегі қозғалысын қадағалап, реттейтін ережелерді әзірлеу маңызды деп ойлаймын. Отандастарымызға токендерді долларға емес, өзіміздің ұлттық валютамызға сатып алуына мүмкіндік берілуге тиіс. Мұның бәрі қазақстандықтардың қаржы табуына жол ашады. Ал әр адамның көздеген негізгі мақсаты – тұрмысын түзеу, кірісін көбейту", – дейді Есет Бутин.

Қазақстан блокчейн және криптовалюта қауымдастығы басшысының сөзіне сенсек, іргеміздегі Ресей осы жылдың жазында криптовалюта туралы заңды қабылдамақ. Ал Беларусь мемлекеті криптовалюта нарығын былтыр заңдастырған екен.

"Минск қаласындағы жоғары теxнологиялар паркінде криптовалюталар мен токендерді саудалауға рұқсат берілді. Сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар майнингпен айналыса алады. 2023 жылға дейін бұл іспен айналысатындар салықтан босатылған. Осылайша, Беларусь елі криптовалюта нарығын дамытуға құлшына кірісті. Демек, Қазақстан да қалыс қалмағаны жөн. Үш мемлекеттің бір одақта екенін де естен шығармаған абзал", – деді Есет Бутин.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың 17 қарашасында Қазақстан блокчейн және криптовалюта қауымдастығы құрылған болатын. Қауымдастықтың көздегені – елімізде блокчейн технологиясын дамыту. Оның құрамына медицина, қаржы, инжиниринг салаларында блокчейн жобаларды жүзеге асыруға ниетті еліміздің "Медэлемент", "СанскрИТ", "Асыл төбе", "Техсол Инжиниринг" секілді жетекші компаниялары еніп отыр.

"Біз "Астана" халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп жұмыс істеуге бейілдіміз. Бұл ретте қаржы орталығынан отандық криптовалюталар үшін арнайы тәжірибе аймағын құру жоспарда бар. Сондай-ақ Оңтүстік Корея елімен де тығыз қарым-қатынас орнатудамыз. Себебі бұл елдің халқының 30%-ы сауда-саттықты криптовалютамен жүргізеді. Оңтүстік Кореяның тәжірибесін өзімізде қолданып көруге әбден болады", – дейді Есет Бутин.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу