Ойын-сауық іздегендерді от құшпасын десек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2519

Астанадағы "Mega Silk Way" ойын-сауық орталығына аудиторлар бара жатыр.

Ойын-сауық іздегендерді от құшпасын десек Фото: informburo.kz

Ресейдің Кемерово қаласындағы "Зимняя вишня" сауда орталығындағы қайғылы оқиға тек солтүстік көршіміздің ғана емес, қазақстандықтардың да жанын түршіктірді.

Төрт қабатты сол орталықта кем дегенде 64 адам, соның ішінде 41 бала қыршынынан қиылып, тірідей жанып кеткен. Өртке оранған жоғарғы қабаттардан апаттық шығу жолдарымен зорға дегенде төмен түскен адамдардың жабық тұрған темір есікке маңдай соғып, түтінге қақалып жатқаны түсірілген бейнероликтер ғаламторда қаптап кетті. Оның үстіне билетсіздер кіріп кетпеуі үшін сауда орталығындағы кинозалдар қойылым кезінде сыртынан кілттеп, жабылатын болған, салдарынан сыртқа шыға алмай, қаншама көрермен, соның ішінде балалар тобы қаза тапты.

Өкінішке қарай, мұндай тәжірибе өңірлердегі көптеген ойын-сауық және сауда орталықтарында қолданылады. Өйткені әрбір кинозалға қойылым кезінде кіріп-шығып жүретін әрбір адамның билетін тексеріп отыру үшін жеке-жеке бақылаушы ұстауға тек алматылық, елордалық және облыс орталықтарындағы кейбір ірі орталықтар ғана қауқарлы. Сонымен қатар, қоғамдық бақылауға кіріскен кейбір қазақстандықтар тіпті ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында да қосымша апаттық шығу есіктерінің құлыпталып тұратынын дәлелдейтін фото және видеожазбаларды әлеуметтік желілер арқылы жариялауда.

Бұл дүрбелеңге әзірге Астанадағы бір сауда және ойын-сауық орталығы ғана үн қатты: елордадағы бұқара көп жиналатын танымал орын "Хан шатыр" ресми хабарлама жолдады:

"Кемерово қаласында болған жағдайға байланысты "Хан шатыр" СОСО қонақтарын ғимаратта болу кезіндегі қауіпсіздігі үшін алаңдамауды сұраймыз. Біздің қауіпсіздік жүйелеріміз: өрт сөндіру жүйесі, сигнализация және эвакуациялық есіктер ақаусыз жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ біздің техникалық команда да, мемлекеттік органдар да тұрақты негізде оларды бақылауда ұстайды. Біздің келушілеріміздің қауіпсіздігі бәрінен құнды. Шұғыл жағдайлар орын алғанда "Хан шатыр" СОСО персоналы еш кідіріссіз ден қоюға және адамдарды ғимараттан эвакуациялауға дайын", – делінген елордалық осы нысанның ресми хабарламасында.

Елді алаңдатқан осы мәселе бойынша "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы да өз ұстанымын білдірді. Палата құрбандары көп Кемероводағы қайғылы жағдай еш жерде қайталанбауға тиіс деген пікірде.

"Қазақстанның "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы тек адал бизнесті – заң аясында жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді ғана қолдайтынын және қорғайтынын әлденеше рет мәлімдеді. Егер бизнес тарапынан заң бұзу фактілері орын алса, онда ол кәсіпкерлер белгіленген тәртіппен, заңда қарастырылған жауапкершілікті арқалауға тиісті. Бұл ретте біз еліміздегі сауда және ойын-сауық орталықтары жоғары дәрежелі тәуекелді объектілерге жатқызылғанын атап өткіміз келеді. Тиісінше, оларды құзырлы органдар жыл сайын өрт қауіпсіздігі бойынша тексеріп тұрады. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда меморган кейін олардың шын мәнінде жойылған-жойылмағанын қайтадан тексеруге құқылы", – деп мәлімдеді кәсіпкерлік палата.

Ұйымның дерегінше, 2017 жылы жауапты меморган бұрын өткізілген тексерістердің 95%-дан астамы бойынша ізінше қайтара тексеріп шыққан. Сол арқылы "өрт қаупі төмендетілген".

Мұның сыртында, қолданыстағы заңнама меморганға тұтынушылардың шағымы не нақты бір заң бұзушылық дерегі бойынша жоспардан тыс тексерістер өткізуіне де мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта ел үкіметі тексерістер санын күрт қысқартуға, бизнесті шектен тыс реттеуден босатуға, оның орнына "профилактикалық бақылауды" енгізуге, яғни кәсіпкерге еш айыппұл салмай, тек бұзушылықты жоюға міндеттеумен шектелуге бет алды.

Дегенмен, ұлттық палата өртке қарсы қауіпсіздік саласында профилактикалық бақылау енгізілмейтінін атап көрсетеді. Яғни, өрттен қорғану және оған жол бермеу шараларын қабылдамағандар, тиісті талап-ережелерді бұзғандар заң жүзінде қатаң жазаланатын болады.  

Сол себепті, "Атамекен" КҰП "мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттілігін көріп отырмағанын" мәлімдейді.

"Өйткені бұл шенеуніктер үшін салмақты коррупциялық мүмкіндіктер жасайды және бизнеске түсер қысымды әлденеше есеге күшейтеді. Бизнес өз жауапкершілігін өзі сезінуге тиіс", – дейді палатадағылар.

КҰП СОСО-ларды жобалау және салу мәселелеріне қатысты да өз байламын ортаға салды.

Бірнеше жыл бұрын өртке қарсы қауіпсіздік органы объектілерді жобалау, олардың құрылысы және пайдалануға беру кезіндегі келісім рәсімдері қатарынан шығарып тасталды. Жобалау кезінде өртке қарсы нормаларды сақтау міндеті жобалаушыларға және сараптамаға жүктелген. Ал құрылыс пен іске қосу кезінде ол міндетті авторлық және техникалық қадағалаушылар арқалайды.  

Сонымен бірге, палата егер жобалаушылар мен сарапшылар құрылыс барысында осы жұмысына жауаппен қарамаса, әкімшілік қана емес, сондай-ақ қылмыстық жазаға тартылатынын еске салады.

"Біздің ойымызша, аталған келісім рәсімдері өрт қаупін толық төмендетеді, өз кезегінде уәкілетті орган өртке қарсы нормалардың сақталуын жыл сайын тексеріп отырады. "Атамекен" КҰП бизнестің де, қоғамның да мүдделерін сақтауды толығымен қолдайды", – делінген ресми мәлімдемеде. 

Қазақстанда қазір 1 151 сауда және ойын-сауық орталықтары бар. Олардың барлығы биыл тексеруден өтеді. Қазақстанда бұқаралық танымал орындардың өрттен қаншалықты қауіпсіз екенін тексеруге мораторий, немесе "каникул" енгізілмеген. Ал қауіпсіздік техникасын бұзғандарға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, 120 мың теңгедей айыппұл салынады. Егер қайтара тексеру кезінде кемшілігі түзетілмегені анықталса, айыппұл жазасы 100 АЕК-ке дейін артады. Болмаса, тіпті сот арқылы объектінің жұмысы да тоқтатылуы мүмкін екен. Былтыр 21 нысанның қызметі осыған байланысты доғарылыпты.

Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, бас қалада 117 ірі сауда объектісі есепте тұр. Оның 83-ін сауда үйлері құрайды. Бұдан бөлек, тоғыз сауда-ойын сауық орталығы, 25 базар бар. 2017 жылы елордада 46 тексеру жүргізілген. Соның ішінде 9 СОСО-ның алтауы тексерістен өтіпті. Үшеуінде 32 бұзушылық анықталған. Үш жауапты тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған. Биылғы жылы қаладағы аса танымал жаңа орталық Mega Silk Way Astana тексерілетін болады. Оның сыртында астаналық 50 сауда нысанына осындай аудиторлар сапары жоспарланып отыр. Олар қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталуына, өрт сөндіру, хабарландыру жүйелерінің ақаусыз жұмыс жасауына, эвакуациялау схемаларына, апаттық шығуларға мән беретін көрінеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу