ОҚО-да өндірістік жарақат салдарынан 19 адам бақилық болған

Клара Ларина Клара Ларина
2771

Облыстың мемлекеттік еңбек инспекциясы өткен жылдың қорытындысын шығарды.  

ОҚО-да өндірістік жарақат салдарынан 19 адам бақилық болған

2017 жылдың 12 айында облыстағы өндіріс орындарында 117 жазатайым оқиға тіркелген, соның салдарынан 127 адам жарақат алып, оның 19-ы қайтыс болған деп мәлімдеді Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков.

Өткен 2016 жылмен салыстыратын болсақ, статистика көрсетіп отырғандай, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында құқық бұзушылық өскен. 2016 жылы тіркелген  94 жазатайым оқиға барысында 104 адам жарақат алып, оның 12-сі қайтыс болған.

Алмасбек Мамытбеков өндірістік үдеріс пен жұмысты қауіпсіз жүргізу бойынша нұсқаудың болмауы, жұмыс орындарындағы кез келген қауіптің алдын алу бойынша шаралардың қабылданбауы және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша ұйымдық-техникалық іс шараларды өткізу деңгейінің жеткіліксіздігі  – өндірістегі жазатайым оқиғалардың басты себебі болып отырғанын баяндады. Сондай-ақ ол өндірістік тәртіпті жұмыскерлердің өздері де бұзатынын,  мұндай фактілер анықталғанын айтты.  

Өңірдегі еңбек заңнамасын сақтаудың жалпы жағдайына сараптама жасаған Алмас Мамытбеков жұмыс берушілер тарапынан орын алған екі заң бұзушылықты атап көрсетті. Бұл – жұмыскерлермен еңбек келісімшартын жасамау және оларды заңсыз жұмыстан шығару, сонымен қатар жалақысын уақытылы төлемеу және демалыс, мереке күні істеген жұмыстарына үстеме ақша төлемеу.

Алмасбек Мамытбеков ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылдың 12 айында басқарма облыстың 17 кәсіпорыны мен ұйымы 2174 жұмыскерге  жалақы бойынша 292,7 млн теңге қарыз болғанын анықтаған. Оның 155,3 млн теңгесі қайтарылған.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақыны уақытылы  төлемеген 17 жұмыс берушіге ұйғарым шығарып, 5,3 млн теңгеге 17 әкімшілік айыппұл салған.

2016 жылды қоса алғанда бүгінгі күні үш ұйымның жалақы бойынша 1100 жұмыскер алдындағы берешегі 137,4 млн теңге болып отыр.  Оның ішінде "Ютекс" АҚ 211 жұмыскерге 16,5 млн теңге, "Меланж" АҚ 167 жұмыскерге 28,5 млн теңге, "Компания ZALI" АҚ 722 жұмыскерге  92,4 млн теңге қарыз.

Былтыр 181 заң бұзушылық анықталған. Оларды жою үшін мемлекеттік инспекция 168 ұйғарым жасап, 1,2 млн теңгеге жуық 51 әкімшілік айыппұл салған. 

Басқарма басшысы еңбек заңнамасы жұмыс берушінің және олардың жауапты тұлғаларының заң талаптарын немесе заңды білмеуінен, сондай-ақ кейбіреулерінің заң нормаларын қасақана бұзудан болғанын атап кетті.

Өткен жылы инспекторлар барлығы 1027 мекеме мен ұйымды тексерген. Нәтижесінде 1308 құқық бұзушылық белгілі болды. Оның ішінде 812-сі еңбек қатынасына, 315-і еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, 181-і халықты жұмыспен қамту бойынша тіркелді.

Анықталған заң бұзушылықтың 1276-сы жойылған немесе еңбек заңнамасына сәйкестендірілген. Белгілі болған заң бұзушылыққа қатысты 674 ұйғарым жасалып, 19,7 млн теңге көлемінде 166 әкімшілік айыппұл салынған. Ал 71 іс құқық қорғау органдарына берілген.

Гүлназ Ермағанбетова, Клара Ларина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу