ОҚО құс еті мен жұмыртқаның импортын азайтуды көздеп отыр

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
3990

Үкімет Оңтүстік Қазақстан облысының құс шаруашылығын дамытуға  2 млрд 30 млн теңге субсидия бөлді.

ОҚО құс еті мен жұмыртқаның  импортын азайтуды көздеп отыр

Оңтүстік құс етін өндіруді жақсылап қолға алды. Қазір мұнда құс өсіретін ірілі- ұсақты  40-қа жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Олардағы жалпы құстың саны 2 млн  499  мың басқа жетті. Оның 1 219,6 мыңы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, 33,3 мыңы шаруа қожалықтарында, 1 246,2 мыңы қарапайым халықтың үйінде өсірілуде. Бұл құстардан өткен жылы 300 млн дана жұмыртқа мен 12,1 мың тонна ет өндірілді.

Оңтүстікте құс шаруашылығын дамытып жатқан агроқұрылымдардың барлығы дерлік мемлекеттен демеуқаржы алып отыр. Мысалы "Ордабасы құс" ЖШС 2013-2016 жылдар аралығында мемлекеттен 3 539,5 млн теңге  субсидия еншілеген. Ордабасы ауданында орналасқан "ИнфраСтрой ЛТД" ЖШС-ға  2013-2016 жылдар аралығында үкімет құс етіне 405,5 млн, балапанға 7,8 млн теңге демеуқаржы бөлген.  Бүгінгі таңда мұнда 250 мың құс бар. Кәсіпорын жылына 3500 тонна құс етін сатады.

Шымкент қаласында орналасқан  "Шымкент құс" ЖШС жоғарыда көрсетілген жылдар аралығында үкіметтен тағамдық жұмыртқаға 1 554,9 млн, асыл тұқымды жұмыртқаға 44,8 млн теңге ақша алған. Ал Сарыағаш ауданындағы "Бесқара" ЖШС-ға өткен жылы 13,1 млн  дана жұмыртқаның әр данасына 2 теңгеден  жалпы сомасы 26,3 млн теңге демеуқаржы берілген.

"Кәсіпорын жұмысын жандандыруда  мемлекет тарапынан беріліп отырған субсидияның көмегі көп. Айталық 2013 жылы 3,8 мың тонна өнімнің келісіне 105 теңгеден 402,1 млн  теңге демеуқаржы алсақ, оның көлемі жыл санап артып, былтыр 7 мың тонна өнімнің келісіне 210 теңгеден 1 471,4 млн теңгеге қол жеткіздік", – деді "Оңтүстік құс" ЖШС директоры Мұрат Тағаев.

Былтыр облыста құс шаруашылығының дамуына мемлекет тарапынан жалпы құны 2 млрд 29 млн 246 мың теңге көлемінде субсидия бөлініп, оның 1 млрд 471 млн 440 мың теңгесі күркетауық етін, 132 млн 499 мың теңгесі бройлер етін өндіруге жұмсалды.  

"Биыл құс шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдарға 2 млрд 30 млн теңге субсидия бөлініп отыр. Қазіргі таңда бірқатар кәсіпорындар алғашқы демеуқаржыға қол жеткізіп үлгерді", – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тұрбеков.

Болашақта өңірде құс еті мен жұмыртқаның  импорты азайып, тұрғындар тек қана отандық өнім тұтынатын болады. Мақсатқа жету үшін 2020 жылға дейін қалалар мен аудандарда 75 шағын құс фабрикасы ашылады. Айтпақшы, жобаны жүзеге асыру басталып кетті. Бүгінгі таңда Түркістан қаласы мен Төлеби ауданында шағын құс фабрикасының құрылысы жүріп жатыр.

"Ауданымызда құс шаруашылығы кемшін қалғаны рас. Негізінен бүгінге дейін құс түрлері жеке тұлғалардың шаруашылығында өсіріліп келді. Осыны ескеріп, жуырда "Шымкент құс" ЖШС ауданымыздан құс фермасының құрылысын бастады", – деді Төлеби ауданының әкімі Бұқарбай Парманов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өңірде халықты құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 73,7%-ға, жұмыртқамен қамту көрсеткіші  75%-ға  жетіпті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселенетін болса, Оңтүстік Қазақстан облысы құс шаруашылығы бойынша  республикада көш бастайды.  

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу