Оқу – білім қазығы, жинақ – оның азығы

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4055

Халықаралық қаржыландыру арналары тарылып, аңқасы кепкен, халықтың депозиттеріне күні қарап қалған қазақстандық банктер үшін қаржының жаңа көзі ашылғалы тұр.

Оқу – білім қазығы, жинақ – оның азығы

Сәрсенбі күнгі жалпы отырыстарында мәжілістегі қалаулылар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) Қазақстанда 2013 жылы іске қосылған болатын. Ол әрбір қазақстандық өз баласы болашақта өзі қалаған отандық не шетелдік ғылым ордасына түсе алуы үшін ерте бастан жинақ жинай бастауына мүмкіндік береді.

Яғни, осы жүйеде әр азамат техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін қазақстандық және шетелдік оқу орындарында өз баласының оқуына ақы төлеу үшін ақшалай қаражатын екінші деңгейлі банктердегі депозиттерде жоспарлы түрде жинақтайды.

Әрине, азамат ол жинақты өз бетінше кез келген банктегі депозитте де жинай алады, сонда бұл жүйенің артықшылығы неде? Мемлекет Қазақстан халқын жас ұрпақтың "адами капиталының" дамуына және әлеуетін арттыруға инвестиция салуын ынталандыру үшін бұл жүйеде жақсы жағдайлар жасауда.

Атап айтқанда, МБЖЖ-дағы салымдарға әр банк депозиттерге берілетін төл сыйақыларын төлейді. Оған қосымша мемлекет те жинақталған қаражатқа өз сыйақысын қосады: қазір ол 5 пайыз мөлшерін құрайды. Ал басым санаттағыларға – жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы немесе аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға мемлекет жоғарылатылған 7 пайыздық жылдық сыйақы бөледі. 2015-2016 жылдары осы салымдарға сыйлықақы түрінде мемлекеттік бюджеттен 330 миллион теңге құйылған екен. 2017 жылғы республикалық бюджеттен енді осы мақсатта 566 миллион теңге бағытталуда.   

Ресми дерек бойынша, бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру жинақтау салымдарының саны 15 мың 620-ны құрайды. Оларда жиналған қаражаттар мөлшері 10 миллиард 700 миллион теңгеге жетті. Оның үстіне ұсынылып отырған заңды парламент қабылдаған соң, жас ұрпаққа білім беруге арналған бұл жүйе ары қарай қанат жаяды деп күтілуде.

Мемлекеттік білім беру жинақтау салымдарында жинақталған қаражат есебінен 300 студент оқу орындарында оқып жүр. Оның ішінде 20 студент шетелдік ғылым ордаларында оқуға мүмкіндік алды.

Бәрі дұрыс делік. Сонда жаңа заң жобасын жазуға не түрткі болды?

"Бүгінде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қажеттілігін және оған азаматтар тарапынан сұраныстардың бар екендігін сеніммен айтуға болады. Дегенмен өзгеріп жатқан жағдайлар мен әртүрлі саладағы қазақстандық заңнаманың өзгеруіне байланысты жаңа заң жобасын әзірлеу қажеттігі туындады. Ол "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" заңының қолданылуы аясына кіретін қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленді", – дейді мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов.

Жоба қолданыстағы заңды қалай өзгертеді? Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушы банктерге қойылып келген "облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында банк филиалдарының болуы" талабын алып тастау көзделуде. Бұл тағы бес банктің МБЖЖ-ге қатысып, қазақстандықтардың білім жинақтарындағы миллиардтарға қол жеткізуіне жол ашады.

"Бұл халықтың білім беру жинақтау салымын ашуына мүмікіндігін арттырады, қолайлы жағдай тудырады" деген дәйектеме айтылды.

Қазіргі кезде МБЖЖ туралы қолданыстағы заңға сәйкес, банктерге бағдарламаға қатысу үшін келесідей талаптар қойылады:

1. Ұлттық банктің депозиттер қабылдауға арналған лизензияларының болуы. 2. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу. 3. Ұлттық банкі қолданған санкциялардың болмауы. 4. Облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында банк филиалдарының болуы.

Депутаттар банк білім беру жинағын қабылдай алуы үшін осының алдыңғы үшеуі де жеткілікті деп ұйғарып отыр.

"Бүгінгі таңда Қазақстанда 33 банк бар, соның ішінде тек онының ғана көптеген өңірлерде филиалдары жұмыс жасайды. Бірақ олардың барлығы бірдей МБЖЖ-ге қатыса алмайды, тек бес банк қана қатысады, бұлар – Халық банкі, Цесна банкі, Нұрбанк, Фортебанк, Қазком. Сол себепті де қолданыстағы заңға барлық өңірде филиалы болуы туралы талапты жоятын өзгеріс енгізілуде. Нәтижесінде, жүйеге қатысатын банктер саны онға дейін артады деп күтілуде" деді Нұртай Сабильянов.

Заң жобасының басқа да жаңалықтары бар. Мәселен, мемлекеттен 7 пайыздық жоғары сыйақы алатын "басымдықты санатқа" жататын салымшыларды анықтауға уәкілетті меморгандар тізімі кеңейтіледі. Яғни, МБЖЖ-ге қатысушылар тізбесіне БҒМ-ның балалардың құқығын қорғау комитеті енгізіліп отыр.

Тағы бір өзгеріс мемлекеттің азаматтардың білім беру жинақтарына құйған қаражаттарын сол азаматтарға сот арқылы қойылуы ықтимал әртүрлі шектеулер мен тосқауылдаулардан қорғауға бағытталған. Ол "білім беру жинақтау салымдарындағы ақшаларға, оның ішіндегі мемлекеттің сыйлықақысына тыйым салуларды және әртүрлі өндіріп алуларды болдырмау арқылы салымдардың сақталуын қамтамасыз етуді" қарастырады.

Заң жобасында сондай-ақ "мемлекеттік сыйлықақысы түрінде есептелетін бюджет қаражатын тиімді пайдалану, дұрыс емес мәліметтер анықталған жағдайда бұрынғы кезеңдердегі артық есептелген мемлекеттің сыйақыларын бюджетке қайтару" ескерілген. Бұл артық төленген мемлекеттік сыйлықасы немесе әртүрлі себептер бойынша дұрыс берілмеген мәліметтерге орай мемлекеттік сыйлықақыны төлемеу фактілерінің анықталуына байланысты болып отыр. Мәселен, банктер біріккен кезде көптеген мәліметтер дұрыс берілмеуде. Осыған байланысты тиісті өзгерістер енгізілуде.

МБЖЖ-ге жауапты білім және ғылым министрлігінің қаржылық орталығының президенті Асқар Ибрайымов қандай жағдайда мемлекеттік сыйлықақы азаматқа төленбейтінін ескерте кетті:

"Мемлекеттік сыйлықақы екі жағдайда салымшыға төленбей, кері қайтарылады. Біріншісі – келісімшартты бұзған жағдайда, екіншісі – егер ол Қазақстан азаматтығын жоғалтса. Сыйлықақыны қайтару тетігі жолға қойылған. Үш күн ішінде біз бұл қаржыларды бюджетке қайтарамыз", – деді президент.

Баланың болашағы үшін инвестиция салған дұрыс. Дегенмен, қазіргі дағдарыс кезеңінде көптеген банктердің бір-бірімен бірікпесе, ары қарай дамуға қауқарсыз екендігі анықталуда. Егер банк бірігуге серік таппай, жабылып қалса, азаматтар өз перзенттерінің білім-ғылым шыңын игеруі үшін жиған қаражатын қалай қайтарып алады? Кепілдік қандай?

Заңды әзірлеушілердің айтуынша, егер банк мәжбүрлі түрде жойылса, ондағы барлық салымдар ұлттық банк құрылтайшысы болып табылатын "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан" қайтарылады. Бұл талап білім беру жинақтау салымдарына да таралады екен. Екінші деңгейлі банктер тоқсан сайын аталған қорға жарна енгізіп отыратыны мәлім. Ол жарна көлемі әр банкте жатқан және кепілдік берілетін депозиттер сомасына байланысты болады. Бұл ретте тек 10 миллион теңгеге дейінгі көлемдегі салым осы қор тарапынан кепілдендіріледі және банк жойылғанда, қайтарылады.

"Өз баласының болашағын ойлаған азамат қандай да бір банкте білім беру салымын ашты делік. Сонымен бірге дәл сол банкте оның өз депозиттері де бар. Қазіргі уақытта депозиттерді кепілдендіру қорының бір банк бойынша кепілді түрде өтейтін салымдардың жиынтықты сомасы 10 миллион теңгені ғана құрайды. Демек, азамат баласы үшін көп сома жинай да алмайды. Неге онда мемлекеттік білім беру жинақтау салымын азаматтың сол банктегі басқа депозиттерінен тыс, 10 миллион теңге көлемінде жеке кепілдендірмеске?" – деп ұсынды депутат Сергей Симонов.

Бұған ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов бас шайқады:

"Шынында, егер жеке тұлғада бір банкте бірнеше депозиті болса, банк жабылып қалған жағдайда олардағы қаражаттардың барлығы топтастырылады да, соның ішінен тек он миллионы ғана кепілді түрде өтеледі. Сондықтан әр азаматқа өз банкінде білім беру салымын ашқанда таңдау беріледі: не ол ондағы басқа депозиттерін басқа банктерге ауыстырады немесе барлық салымдарын өз банкінде қалдырады, бірақ олардағы жинақталған соманың кепілді көлемнен асып кетпеуін қадағалайды. Қазіргі кезде ұлттық банк жеке кепілдік беру мәселесін қарастырып отырған жоқ" – деп шорт кесті Алпысбай Ахметов.  

Айтқандай, мәжілістегі бірқатар қалаулылар жас ұрпақ келешегі үшін жауаптылық танытып, басымдықты санатқа жататын балаларды қамқорлыққа алған және оларға осы жүйеде салым ашып беріпті. Мұны білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова хабарлады.

"Қазіргі кезде жүйеде 15,6 мың салымда қаржы жинақталуда. Оның ішінде 7 мың 770 салымды "Бөбек" қайырымдылық қоры, тағы 2 мың 77 салымды "Нұр Отан" мен оның мәжілістегі депутаттары ашты. Бірақ оның ішінде басымдыққа ие санатқа шамамен 4,6 мың салымшы жатады. Міне, дәл осыларға 7 пайыздық жоғарылатылған көлемдегі мемлекеттік сыйлықақы төленеді", – деді вице-министр.

Білімді ұрпақ елдің бағы. Банктердің дәрменсіз жағдайы солардың бағын байламаса болды. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу