647 оқулықты кемшіліктен арылту оңай емес
– Мұның түрлі себептері бар. Міне, төл оқулықтарымыз жазыла басталғалы да жиырма жылдан асты. Содан бері бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Соңғы жылдары оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше назар аудара бастады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов те жағдайды басты назарда ұстауда. Президент оқулықтарға қатысты педагогикалық-ғылыми сараптаманы күшейтуді, оқулық жазатын авторлардың әлеуетін арттыруды тапсырды. Соған сәйкес біздің орталық сараптама жүргізу жүйесін қайта әзірлеп шықты.
Кемшілік мемлекеттік стандарттан, соның негізінде жасалған оқу бағдарламаларының жеткілікті дәрежеде ойластырылмағандығынан кетіп отыр. Бастапқы жүйе дұрыс құрылмағандықтан, одан кейінгі қадамдардың да шалыс болатыны заңдылық. Шикі стандарт пен олқылығы бар бағдарламаға сүйенген авторлар да қателікке бой алдырады. Бұған баспадан кететін кемшіліктерді қосыңыз. Сөйтіп, орын алатын жүйелі қателіктер оқулықтың сапасына кері әсер етеді.
Биыл оқулық ісіне қатысты үлкен жұмыстар басталды және оның нәтижесі бүгін-ертең белгілі болмайды. Бәріне уақыт керек. 1-11сыныптар аралығындағы 647 оқулықты кемшіліктерден арылтып, толықтай өзгерту үшін, осы саладағы 250-ге жуық оқу бағдарламасының кем-кетігін реттеп, сапасын арттыру үшін уақыт та, күш-жігер де керек. Бұл – бір. Екіншіден, бағдарламалар Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітіледі. Ол Әділет министрлігіне тіркелуі қажет. Яғни, мұның арғы жағында үлкен үдеріс тұр. Үшіншіден, бекітілген бағдарламаға сүйене отырып оқулық жазу керек. Бұл да аз уақытта атқарылатын шаруа емес. Сондықтан қазір басталған жұмыстардың жемісін көру үшін кем дегенде екі-үш жыл қажет.
Үздік сарапшылар ғана іріктеліп алынады
– Оқулықтарға, оқу-әдістемелік құралдарға сараптама жүргізетін сарапшыларды әзірлеудің жаңа форматына көштік. Бұрын қалай еді? Сарапшылар базасын құру үшін әрбір өңірдегі университеттер мен білім басқармаларына ресми хат жолданатын. Ол жақтағы өкілдер сол өңірдегі үздік ұстаздарды, білікті ғалымдарды ұсынатын. Соның негізінде сарапшылар базасы құрылатын. Оның бәрі елге танымал тұлға, халық мойындаған мықты маман болғанымен, олардың қатарында оқулыққа сараптама жүргізудің қыр-сырын терең меңгермегендердің де болатыны шындық. Сондықтан оларды бұл іске баулу керек. Біз осыны қолға алдық. Ең үздіктерін ғана іріктеп аламыз. Сарапшылардың оқу бағдарламасынан, мемлекеттік стандарттардан хабардар болуы міндетті. Оқулықтанудан, жалпы білім мазмұнынан қаншалықты хабары барына, өз пәнін қаншалықты жетік білетініне көңіл бөлеміз. Іріктелген мықтылар арнайы оқудан өтеді. Кейін сол бойынша сынақ тапсырады. Осының бәрінен сүрінбей өткендер ғана сарапшылар базасына енеді.
Бұрын бір оқулыққа сараптама жүргізгенге 9 мың теңге төленетін. Енді бұл төлем он есеге дейін көтерілетін болады. Сондай-ақ олардың мәртебесіне де ерекше мән бермекпіз. Мәселен, "Оқулық" орталығының "Сарапшылар базасына" енгізілген маманға жоғары санатқа көтерілуіне жол ашып отырмыз. Сонымен қатар сарапшының бірнеше жыл қатарынан жүргізген сараптамалары жоғары бағаланса, онда оған сол пән бойынша "ұлттық сарапшы" деген мәртебе берілуі жоспарлануда. Осылайша, болашақта Қазақстанда жоғары деңгейлі сарапшылар пулын қалыптастырмақ ойымыз бар. Мұндай жаңашылдық біздің елде бұрын-сонды болған емес.
Өзінің пәнін жетік білу аздық етеді. Олар психо-лингвистикалық, этно-культорологиялық ілімнен хабардар болуы керек. Оқулық авторлары да, баспа редакторлары да орфографиялық, орфоэпиялық, стилистикалық, лингвистикалық, техникалық қателерге мән бермей келеді. Яғни, баспаішілік сараптама жұмыстары сын көтермейді. Кейбір баспаларда ондай қызмет бүгінге дейін болмаған. Бұл ретте біздің сарапшылардың сауаттылығы өте жоғары деңгейде болуы шарт. Олар үтірдің өзінен қате жібермеуі керек. Мейлі ол мықты ғалым, я үздік ұстаз болсын, бірақ арнайы оқытпай олардан жақсы сарапшы шықпайды. Осыған көзіміз жетті. Өйткені сараптама жасаудың өз технологиясы бар. Дәріс беру бір бөлек, сараптама жүргізу мүлдем басқа бағыт. Сонымен қатар сарапшылар екі тілді жетік білуі қажет. Біздің оқулықтар қазақ және орыс тілінде жазылады. Мәселен, "Қазақстан тарихы" пәнінің мазмұны екі тілде де бірдей болуы шарт. Егер оның қазақша нұсқасына басқа адам, орысшасына бөлек сарапшы сараптама жүргізсе, онда ол оқулықта міндетті түрде сәйкессіздік орын алады. Идеологиялық мәні бар мұндай жағдайларға да баса көңіл бөліп отырмыз.
Авторлар қартайып барады
– Кімнің жазғаны маңызды емес, маңыздысы – сауатты әрі сапалы жазылуында. Оқулықты ғалым да, мұғалім де жазып жүр. Ал сауатты жазатындар қатары қалың емес. Айтулы ғалым-жазушы, ұстазым Ақселеу Сейдімбектің кезінде "Ойпыр-ай, ғалымды қоссаң да, ұстазды тартсаң да оқулықтың сапасы артпады-ау. Бұл қатарға журналисті немесе лингвисті қосса қайтар еді" дегені бар-тын. Осы идея өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ. Қазіргі оқулық авторлары сөйлемді балаға түсінікті етіп жазуда қиналатын көрінеді. Сын-ескертпелердің мәтіндердің ауырлығына, түсініксіздігіне қатысты айтылатыны да сондықтан. Авторлардың өз ойын қағазға түсінікті етіп түсіре алуы, оны оқушының деңгейіне лайықтап жазуы өте маңызды. Сондықтан бұған да өмір мен өлімнің мәселесіндей, асқан жауапкершілігі бар жандардың тартылғаны абзал. Қазіргі оқулықты шамамен алды жетпіске жеткен, соңы елудің ішіндегі адамдар жазып жүр. Жас авторлар жоққа тән. Буын сабақтастығы сақталмай отыр. Авторлардың қатары қартайып барады. Оқулық жазатын авторлар пулын қалыптастыру керек. Білім және ғылым министрінің тікелей қолдауымен жоғары оқу орындарына "оқулықтанушы" деген мамандықты енгізіп жатырмыз. Педагогикалық оқу орындарында білім алатын суденттерге белгілі бір пәндер бойынша оқулық жазу үйретілмек. Бұдан бөлек Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет пен Педагогика ғылымдары академиясының жанынан оқулық авторларын оқытатын курс ашылды. Рас, әуелде авторлар бұған қырын қарады. Оның қаншалықты маңызды екенін түсіндірдік. 400-ден аса автор оқып шықты. Олар мұндай курстың қажет екенін мойындады. Оқулық авторларын оқытатын мектеп қалыптастыру ХХ ғасырдың аяғында-ақ айтылған болатын. Осыдан жиырма жыл бұрын айтылған сол мектептің іргесі министр Аймағамбетовтың қолдауымен енді-енді қалана бастады. Арнайы курстардың санын көбейту керек. Сол себепті тағы екі мекемеге ұсыныс жасадық. Оқулық жазатын жас авторлар мектебін қалыптастыру да – маңызды міндет. Бұйыртса, алдағы 5-10 жылдың ішінде елімізде әлемдік деңгейде тәжірибесі бар оқулық жазатын мықты мамандар шоғыры қалыптасады деген сенімдеміз.
Авторлардың қартайып бара жатқанын айттым. Сараптама жүргізе алатын жастар да саусақпен санарлық. Жас сарапшылар жоқ. Сондықтан "Оқулық" орталығының жаңынан "Жас сарапшылар мектебін" қалыптастырдық. Бұйыртса нәтижесі ойдағыдай болуға тиіс.
Оқулықпен қамту – әкімдіктердің міндеті
– Әлемдік тәжірибеге иек артпау мүмкін емес. Мәселен, біз білім саласында алға озған Франция, Финляндия, Оңтүстік Корея, Германия секілді 10 мемлекеттің тәжірибесін зерттеп, зерделеп көру үшін олардың оқулықтарын алдырып жатырмыз. Бұған Дүниежүзілік банк қолдау көрсетті. Әлемдік тәжірибеден ұққанымыз, оқулықтардан ұлттың рухы аңқып тұруы керек. Сонда оқулық та, білім саласы да сапалық тұрғыдан жоғары болады. Оқулық елдің дәстүр-салтының, ділінің негізінде жасалуы керек. Иә, мінсіз ештеңе жоқ. Әлемнің озық елдерінің оқулықтарында да қате-кемшілік болады екен. Бұл қалыпты дүние көрінеді. Бірақ "қалыпты екен ғой" деп қарап отыруға тағы болмайды. Мінсіз оқулық шығаруға, барынша биік деңгейге жетуге ұмтылу қажет.
"Қазақстанда оқулық жеткілікті ме?" деген сұрақ жиі қойылады. Биыл алғаш рет Қазақстандағы оқушылардың барлығы оқулықпен толық қамтылды. Бұл дегеніміз – 3 млн 364 мың оқушы. Бұған дейін бір оқулықты бірнеше бала кезектесіп ұстайтын. Пандемия болмаса, дәл осылай жалғаса беруі де мүмкін еді.
Оқулықпен қамту – жергілікті әкімдіктердің міндеті. Бірақ "солай екен-ау" деп министрлік те қарап отырған жоқ. Біз "жергілікті мекемелерде мектептерді оқулықпен қалай қамтыған дұрыс, алдымен нені ескеру керек, қалай жоспарлаған абзал" екенін түсіндіру үшін жауапты құрылымдардың қызметкерлеріне екі апталық оқу ұйымдастырдық. Себебі өңірлердегі тиісті органдар оқулық алуды дұрыс жоспарламайды. Әкімдік мөлшерлі ақшаны бөледі де, әр мектепке орташа есеппен үлестіре салады. Өкінішке қарай, ондағы бала саны ескерілмейді. Жоспарлаудың мұндай түрі – қате. Бұл іске заманауи тұрғыда қадам жасау керек. Қысқасы жоспарлаудың жаңа технологиясын үйрету үстіндеміз.
Оқулықпен қамту жұмысы жылда қаңтар айында басталатын. Биыл бұл іске қараша айынан кірістік. 2021-2022 оқу жылдарына арналған оқулықтардың, оған бөлінетін қаржының жеткілікті, я жеткіліксіз екенін реттеудеміз. Өкініштісі, оқулықты сатып алу ісіне жүрдім-бардым қарайтын өңірлер бар. Олар жағдайды реттемесе, атын атап, түсін түстеп жалпақ елге жария қылмақпыз.
Барлық оқулықтың электронды нұсқасы Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында орналасқан. Оқулықтар ePub/PDF форматтарында жүктелген. Осы жерден керегін жүктеп алып, пайдалана беруге болады.
Біздің заң бойынша оқулық бес жыл сайын жаңарып отыруы керек. Бірақ қоғамда оқулыққа көп қаржы жұмсалады деп шу көтеретіндер бар. Біздіңше, баланың болашағы есебінен ақша үнемдеу дұрыс емес. Мәселен, Финляндияда мемлекет тарапынан бір оқушыға екі оқулық беріледі. Бірін мектепте, екіншісін үйде ұстайды. Ал Корея жыл сайын жаңа оқулық шығарып отырады. Олар бұл жерде гигиеналық мәселеге назар аударып отыр. Сондықтан сапалы оқулық әзірленсе, ұрпақтың кемелдігі, оның білімі мен салауаттылығы үшін одан қаржы аяудың қажеті қанша?!
Оқулықтар сараптамадан өтпей қалуы мүмкін
– Автор да, сарапшы да оқулық жазу ісіне жауапкершілікпен қарауы керек. Сондықтан ендігі жерде оқулықтың бастапқы беттеріне автордың ғана емес, сараптама және сынақ жүргізген мамандардың аты да жазылатын болады. Сондай-ақ бұрындары оқулықтарға "Білім және ғылым министрлігі ұсынған" деп жазылатын. Енді "республикалық ғылыми-практикалық орталығының сапа сертификаты берілді" деп ашып көрсетуіміз керек. Жауапкершілік күшейді. Талап қатаңдатылды. Енді бір қорқыныш бар – бірде-бір оқулық сараптамадан өтпей қалуы да мүмкін. Яғни, дүдәмал дүниені ешкім де өткізе алмайды. Бір оқулықты бірнеше маман тексереді. Алғаш рет орталықтың жанынан психо-лингвистикалық, дидактикалық және этно-мәдени сараптау бөлімдерін ашып отырмыз. Олар да әр оқулықты мұқият қарайды. Мәселен, көп адам ұлттық құндылық дегенді дұрыс түсінбейді. Оқулықта киіз үйдің немесе ою-өрнектің суреті тұрса, соны қазақы контент деп ұғады. Бұл біржақты пікір. Оқулықтан қазақтың рухы шығу үшін экзистенциялық-тәрбиелік мәні зор мәтіндер жазылуы керек. Қазір экосабақтарға көңіл бөлініп жатыр. Мұндай проблема неге дәл бүгін туындап отыр? Өйткені оқулықтардан "Қарлығаш пен дәуіт" секілді қаншама тәлімі мол мәтіндер түсіп қалды. Былайша айтқанда қарлығаштың киесін, яки дәуіт пен шегірткені айыра алмайтын буын пайда болды. Экобілім, экомәдениет деген сол емес пе?! Осының бәрі оқулықта қамтылуы керек. Бұдан бөлек оқулықта өмірге бейімделудің технологиясы жазылуға тиіс. Жоқ дегенде математикадан алған ілімді өмірде кәдеге жарату қажет.
Мектеп кітапханаларына мән берілсе...
– Мектеп кітапханаларын жаңа кітаптармен толықтыру арқылы балалардың оқуға деген құштарлығын арттыра аламыз. Ұл-қыздарымыз кітапты көп оқу, сіңіріп оқу болашақта табысты болудың кепілі екенін ұғынуы керек. Біз осыған қатысты арнайы Жол картасын әзірледік. Онда коворкинг орталықтардың көптеп құрылуына маңыз берілген. Яғни, оқушылар кітап оқу ғана емес, оқылған дүниені тұстастарымен бірге талқылауды, пікір алмасуды дағдыға айналдыруы керек. Мұның бәрі баланың ой-өрісін дамыту үшін қажет. Әлемдегі үздік шығармалар қазақ тіліне аударылып, оқушыларға ұсынылуы керек. "Кітап оқымайды" деп жастарды кінәлаймыз. Ал біз оларды қажетті кітаппен қамтып отырмыз ба? Өкінішке қарай, өңірлер мектеп кітапханаларына көркем әдебиет алуға аса мән бермейді. Биыл ауыл мектептерін араладым. Жылдар бойы көркем әдебиет алмаған мектептер бар. Ал әлем елдері болса, мектеп кітапханаларына ерекше назар аударады. Мәселен, Франциядағы бір қаланың басшысы жазғы демалысқа кетерде әрбір оқушыға бір-бір кітаптан сыйлайды екен. Бізге де осындай қамқорлық керек-ақ. Оқу сауаттылығын бақылайтын PISA деген халықаралық рейтинг бар. Германия 2000 жылдардың басында аталған рейтингте 27 орынға тұрақтаған екен. Бұл ел алғашқылардың қатарынан көріну үшін не істеді дейсіз бе? Мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен қамтуды қолға алған. Франция мектеп кітапханаларын қолдауға жыл сайын 2 млн еуродан астам қаржы бөледі. Германияда жыл сайын 4,5 мың атаулы кітап шығарылса, соның 2,4 мыңы мектеп кітапханаларына жіберіледі. Жастарды кітап оқуға тартпасақ, жағдай жасамасақ, зардабы зор болмақ. Қазір біздің мектептердегі оқушылардың көркем шығарма оқитын белсенділері орта есеппен 20-30 пайызды ғана құрайды екен. Мұндай көрсеткіш мұғалімдер арасында одан да төмен болып отыр. Отбасында немерелеріне ертегі оқымайтын, тәлімді әңгіме айтып бермейтін үлкендеріміз де ойлануы керек секілді. Яки, отбасында да кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға назар аудару керек. Оқу сауаттылығы дегеніміз – тәрбиенің, білімнің, ілімнің керек десеңіз табыстың көзі. Қазір қоғамдағы бұзақылық, суицид, буллингтің кең таралуының бірден-бір себебі жастардың кітап оқудан қол үзіп қалуында жатыр. Кітап оқуға тұтас ұлт болып атсалысуымыз қажет. Өйткені көп түйткілдің кілті сонда жатыр.
Санжар Беркінбай
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!