Оқулықтарды Ресейден импорттап жатырмыз

5667

Мемлекеттің оқулықтарды сатып алуға мәжбүрлеп жатқанына ата-аналар наразы.  

Оқулықтарды Ресейден импорттап жатырмыз

Көзбояу тірлік кімге керек?

"Ұстаздар күні" қарсаңында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өңірлерді аралап қайтты, сапары барысында бірқатар мектептерге бас сұғыпты. Ол жайында министр Facebook-тегі жеке парақшасында егжей-тегжейлі жазды. Бірақ сапары барысында нақты қандай проблемаларға қаныққанын А.Аймағамбетов айтпайды.

Мысалы, Алматы облысының Қарасай ауданының тұрғыны Нұргүл Қасымова оқушы қызының бірқатар пән бойынша оқулықтан қағылғанын айтады. Дәл осындай проблема барлық өңірде бар.

"Қателеспесем, мектепте бізге 5 пән бойынша кітап берілді. Басқа пәндер бойынша не себепті кітап берілмейтінін түсіне алмадық. Неге мемлекет бермеген кітапты ата-аналар сатып алуы керек? Сынып жетекшіміз "сатып аламын десеңіздер, өз еріктеріңіз" деп, әр кітап қанша тұратынына дейін көрсетіп, бағасын нақты жазып жіберді. Содан шамасы жеткендер алды, қалтасы көтермегендер алмады. Салдарынан, "менде кітап жоқ" деп бала жылап келеді. Егер індетке байланысты қайтадан онлайн оқуға көшіп кетсек, бала кітапсыз қалай оқиды?", – деп алаңдайды ана.

Оның айтуынша, оқу жылы қарсаңында мұғалімдер сыныпта қанша бала тіркелсе және қанша өтініш берілсе, оқулықтар сол тізімге сәйкес алынатынын айтыпты.

"Егер мұғалім осы қарапайым ақпаратты, тізімді дұрыс бере алмаса, онда одан сапалы білім беруді қалай талап ете аламыз. Баламыздың болашағы үшін алаңдаймыз. Мектеп мұғалімдері біліктілігін көтерсін, аттестациядан өтсін. Өз жұмысымен айналысу орнына, мұғалімдер ата-аналарға хабар жазып, бізден "санақтан өтіңіздер, өткеніңізді растайтын кодты жіберіңіздер" деп қайта-қайта талап етті. Ұстаздардың жалпыұлттық санаққа қандай қатысы бар, одан басқа жұмысы жоқ па?", – дейді оқушының анасы.

Ол осы шағымымен мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарына жүгініпті. Ол директорға жеткізіп, бір жауабын беруге уәде еткен. Бірақ еш жауапсыз, хабарсыз кеткен.

Оқулық шетелден тасылады

Елордадағы ата-аналар да ұқсас жағдайға тап болды. Мысалы, астаналық орыс тілді мектептерде оқитын ата-аналарға "Занимательная математика", "Увлекательная грамматика", "Чтение с увлечением", ағылшын тілі пәндерінен қосымша кітаптар сатып алуға тура келген. Бұл ретте ол кітаптардың көпшілігі Ресейден импортталатын болып шықты. Атап айтқанда, мектептер ата-аналардан ресейлік "Вако" баспасы шығарған "Тренажер по чтению", воронеждік "М-Книга" басып жатқан "Тематический контроль знаний учащихся" сериясындағы орыс тілі, математика пәндері бойынша "сынақ дәптерлерін" сатып алуды сұраған.

Кітаптарды импорттап, жеткізумен айналысатын жетекші компанияның директоры Нұрлан Байгелдиев оқулықтарды елге тасуда кедергіге кезіккенін мәселе өтіп көтерді.

Оның айтуынша, мысалы, Австрияның "EDU Stream GmbH" компаниясы жеткізетін, ұлыбританиялық "Express Publishing" баспасы әзірлеген, 1 сынып оқушыларына арналған ағылшын тілі пәні бойынша "Smiles 1 for Kazakhstan. Pupil’s Book" қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтары кеденде тұрып қалған екен. 

"Оқулықтарға кеден тарапынан "кедендік сараптама" тәуекел профилі қолданылады. Осыған байланысты біз бұл тауарларды сараптамадан өткіздік. Кедендік сараптама өткенімізге және тиісті қорытындысының болғанына қарамастан, кедендегілер кейінгі 3 жеткізілімді тоқтатып тастады. Бұл Қазақстанның білім беру ұйымдарына кітаптарды тапсыру ісіне теріс ықпал етуде. Біз оқулықтарды мемлекеттік тапсырыс аясында жеткіземіз. Оның мерзімі шектеулі. Сондықтан кеден органдарынан аталған сараптаманы өткізудің орындылығын зерделесе дейміз", – дейді Н.Байгелдиев.

Алматы тұрғыны Мұхтар Нұржан да қазақ тілді мектептерде ата-аналар оқулықтың кейбір түрін сатып алғанын мәлім етті.

"Балам қазақ тілінде білім беретін мектеп-гимназияның 3-ші сыныбында оқиды. Мұғалімдер кейбір кітаптардың жоқтығын ашық айтты. Білім министрлігі мұны қалыпты жағдай деп санай ма? Санамаса неге үнсіз, неге жауапты шенеуніктерінің, өңірлердегі білім басқармаларының шаңдағын қақпайды? Әйтпесе, ата-аналарға шығынға батып, 10–15 кітап пен кітапшаға дейін сатып алуға тура келеді. Бір оқулық орта есеппен 5 мың теңге тұрады. Кейбір кітаптарды баспаханалар тек 15 қыркүйектен кейін жеткізді", – дейді ол.

Ақмола облысындағы ата-аналар да дабыл қағуда. Мысалы, Аршалы ауданындағы мектептерде сынып жетекшілері What`s App чат арқылы қандай кітаптарды сатып алу керектігін көрсетіп, тізім тастапты.

"8 жұмыс дәптерінің екеуін ғана таба алдық. Елордаға дейін барып қайттық. Жұмыс дәптерлерін іздеуге қаншама күш, уақыт пен қаражат кетті. Тіпті саудада да жоқ нәрсені талап етеді. Ана-аналардан жұмыс дәптерлерін талап ету заңсыз деп БҒМ талай айтты емес пе! Кейбір мектептерде жұмыс дәптерлері тегін беріледі екен. Тек оқушыдан онда қаламмен емес, қарындашпен жазуды сұрайтын көрінеді, келесі жылы келесі балаға беруге жарамды болсын деп. Неге бұл сала осылай ала-құла болып кетті?! Бұл білім беру саласын дағдарыс пен бейберекетсіздік жайлағанын білдірмей ме?", – деп ренжиді Аршалы ауданының тұрғыны Гүлнәр Шерниязова.

Ақмола облысының әкімдігі жұмыс дәптерлерінің "көмекші материал болып табылатыны және оны пайдалану міндет еместігі" жөнінде қысқаша түсініктеме берді. Оны сатып алу-алмау мәселесін әрбір ата-ана өзі шешетін көрінеді. Алайда сыныпта балалардың жартысы қосымша оқу құралдарын пайдаланатын болса, қаласын, қаламасын, қалған шәкірттер де солай жасауға мәжбүр болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу