Оқушы бос уақытының көптігінен бұзық болады ма?

Қызылорда облысында жасөспірімдердің қатысуымен болған қылмыс саны азаймай тұр.

Оқушы бос уақытының көптігінен бұзық болады ма? Фото: inbusiness.kz

Жауапкершілікке тартылғандардың арасында оқушылар да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қызылорда облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар туралы бірқатар статистикалық дерек келтірді.

– Облыс көлемінде қабылданған шараларға қарамастан, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны артты. Өткен жылы аймақта 68 қылмыс жасөспірімдермен жасалды, 84 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24-і – орта мектеп оқушысы, 52-сі – колледж студенті, 8-і – жұмыссыз. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 137 – кәсіпкер, оларға темекі бұйымдарын сатқан 9 дүкен иесіне әкімшілік хаттамалар рәсімделді. 186 жасөспірім және 121 міндеттерін орындамаған ата-ана полицияның есебіне алынды, – дейді ол.

Қоғамда оқушылардың жаппай төбелесу себебін әртүрлі топшылайтындар бар. Бірі мектептегі ер мұғалімдердің аздығын сөз етсе, "оқушылардың бос уақытының көп болуы басбұзарлыққа әкеліп жүр" деп есептейтіндер кездеседі. Ең бастысы, тәрбиеге келгенде тек білім ошағы ғана емес, отбасының да жауапты екенін бәрі жақсы біледі.

– Өкінішке қарай, кейбір мектепте жасөспірімдердің бір-біріне әлімжеттік, зорлық көрсетуі, суицидке баруы тіркелуде. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына, жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізіп, оқу үдерісіне кері әсер етеді. Олардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасының бұзылуына әкеп соқтыратын кез келген жағдайға тосқауыл қоюымыз керек. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуын, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын келеңсіздіктерді түбірімен жоюымыз қажет. Өткен жылы қыркүйек айында "Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы" құрылды. Биыл облыс орталығынан "Психологиялық қолдау орталығы" өз жұмысын бастайды. Жаңа орталықтар жұмысы балалардың ой-танымын арттыруға, спорттық қабілетін шыңдауға, жасөспірімдер арасындағы түрлі келеңсіздіктің алдын алуға бағытталуы тиіс, – деген болатын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім саласына қатысты кеңейтілген мәжілісте.

Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов алдағы уақытта бала тәрбиесімен айналысатын мұғалімдердің сапасына жіті мән беретінін айтып отыр.

– Педагог кадрлардың кәсіби деңгейі мен біліктілігі – білім беру сапасы көрсеткішінің негізі. Алдағы уақытта бала тәрбиесімен айналысатын педагогтардың сапалық құрамына ерекше назар аударамыз. Облыс бойынша педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Бұл өз кезегінде ұстаздарымыздың белгілі бір деңгейге жетіп, соны қанағат тұтып, ары қарай ізденбей, жеткен жетістігіне тоқмейілсіп, одан әрі кәсіби дамуды мақсат етіп қоймауының салдары, – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу