Оқушы сөмкесін ауырлататын сабақ кестелерін бұғаттау ұсынылды

6298

Ата-аналар Үкіметті тағы бір талабына иліктіруде. 

Оқушы сөмкесін ауырлататын сабақ кестелерін бұғаттау ұсынылды

Қазақстандықтар мектеп сөмкелерінің ауырлығына қатысты мәселені көп жылдан бері айтып келеді. Білім және ғылым министрлігі кезінде бұл проблема E-learning ақпараттық және электрондық технологияларға құрылған оқу жүйесіне көшу арқылы шешілетінін уәде етті. Оның аясында барлық оқулық электронды форматқа көшіріліп, әр оқушыға таратылатын планшеттерге енгізілетіні мәлімделді. Парламент депутаттары бұл бағдарламаның нәтиже береріне сенбей, 2014 жылы жауып тастауды да ұсынған. Алайда БҒМ лобби жасап, жалғастыру керектігін Үкімет пен Республикалық бюджеттік комиссия алдында қорғап шықты.

Ақыры 2019 жылдың соңында министрліктің жеке компаниялармен бірге жүзеге асырған E-learning электронды оқыту жүйесіне аста-төк бюджет қаржысы шығындалғанымен, ол сол бойы пайдалануға қабылданбағаны жария етілді. 

Есеп комитетінің дерегінше, Білім және ғылым министрлігі ілгерілеткен е-learning жүйесіне 35 млрд теңге жұмсалған, бірақ ол ақыры эксплуатацияға қабылданбапты. Оның үстіне Парламент депутаттарының айтуынша, мектептердің барлығы Интернетке қосылды деген есеп те жалған болып шықты. 93 мектеп ешқашан ғаламтор көрмеген. Олардың саны Батыс Қазақстан облысында көп – 30 мектеп. ХХІ ғасырда интернеттен қараң қалған білім ордалары Түркістан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында да бар.

Тағы 684 мектеп қағаз жүзінде интернетке қосылғанымен, оның жылдамдығы секундына 4 мегабиттен төмен екені анықталды. Яғни, электронды оқуға жарамайды, пайдасы жоқ, қайта ақпаратты ұзақ жүктеп, оқу үдерісіне кедергі келтіреді.  

Мәжілісте кең жолақты интернетке қосылған мектептерде істен шығулар жиі орын алатыны да мәлім етілді. Яғни, елімізде оқулықтарды цифрландырып кең қолдану туралы ауыз ашудың өзі ұят.

Сондықтан мектептер қағаз күйіндегі оқулықтарды жаппай одан әрі қолдануда. Өткен жылы арқасындағы ауыр рюкзагының салмағы басып кетіп, өз-өзінен шалқасынан құлаған оқушы туралы видеоролик әлеуметтік желілерде кең таралып, талқыланған болатын.  

"Мұндай проблеманың барын биік лауазымды шенеуніктер білмейтін де шығар, білмесе қайдан түсінсін?! Олардың баласы мектепке көлікпен барады, көмекшісі не малайы есігін ашады. Шенділердің перзенттері бұқара баласы терезесінен де сығалай алмайтын ақылы мектептерде оқиды, олардың барлығы жеке шкафпен жабдықталған, бар жүгін баласы сонда тастап кетеді. Ал біздің балаларымыз үш сөмке тасиды. Зілбатпан оқу рюкзагы сыртында ауыстырып киетін аяқ киімі, дене шынықтыру формасы бар. Арқақоржынын өз қолыма аламын, мектепке жеткенше қарым талып қалады", – дейді шәкірт анасы Әйгерім Солтиева.

Кітап маманы Александр Золюк мектеп оқулықтары жиынтығының салмағы мәселесін министрлік ұзақ уақыттан бері сағызша созып, шешпей келе жатқанын айтады. Ол БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетовке ұсыныспен шығыпты.

"Оқушы сөмкесінің салмағына қатысты нормативтер баяғыда-ақ бекітілген. Баспагерлердің бәрі болмағанымен, біразы жекелеген оқулықтардың салмағы тым ауыр болып кетпеуін қадағалайды. Алайда оқулықтардың жалпы жиынтығының іс жүзіндегі салмағын ешкім де бақыламайды. Регламенттер де тек ұсыным күйінде. Міндетті емес. Салдарынан мектеп сөмкелері тым ауыр. Ол оқушылардың денсаулығына, бой-бітімінің дұрыс қалыптасуына нұқсан келтіреді. Осыдан ұлт саулығына залал келуде", – дейді ол.

Александр Золюктің айтуынша, оқулықтардың жиынтық салмағын реттеу проблемасын шешуге болады. Біріншіден, тек жекелеген оқулықтардың және мектеп сөмкесінің салмағын ғана емес, сондай-ақ бір оқу күніне арналған оқулықтар жиынтығының қорытынды салмағын норматив түрінде бекіту керек. Екіншіден, оның қатаң сақталуын бақылаудың пәрменді тетігін түзу қажет.

Бұл ретте оқулықтар жиынтығының салмағын бақылаудың бір тетігі Kundelik.kz ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл үшін оны тиісті модульмен толықтыру талап етіледі.

Атап айтқанда, жүйеде мұғалімдер күн сайын өтетін сабақ кестесін іледі. Ал әрбір пәнде қандай оқулық қолданылатынын министрлік бекітіп қойған. Демек, олардың әрқайсысының салмағын өлшеп, жүйеге тіркесе, сабақ кестесі іліне салысымен оқушы таситын оқулықтардың жалпы салмағы автоматты түрде есептеліп шыға келеді.

Бұл үшін жүйеде оқулықтардың бірыңғай реестрі құрылуы қажет. Сонда әр оқулықтың нақты салмағы енгізіледі.

Бұған қоса, "Күнделік" электронды ақпараттық жүйесінде шәкірттердің әр жас тобына қандай салмақ нормативі бекітілгені көрсетілуге тиіс. Одан асса, мектеп әзірлеген сабақ кестесін бұғаттап тастау функциясын қарастыруға да болады. Яғни, салмақ есептеу нәтижесін рекомендация түрінде де, немесе қатаң шектеу шараларына да пайдалануға мүмкіндік бар.

Оқулықтар жиынтығының жалпы салмағының автоматты калькуляциясы қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Kundelik.kz ақпараттық жүйесін тиісті модульмен толықтыру туралы бастамамен танысып шығыпты.

"Оқулықтар тізілімін құрып, онда әр кітаптың нақты салмағын көрсету құптарлық. Бұл ұсынысты енді мамандар зерделейді және Kundelik.kz жүйесін келесі жетілдіру кезінде қарастырады", – деді ведомство басшысы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу