"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәнінің мұғалімдерімен кездесті, деп inbusiness.kz ҰКП сайтына сілтеме жасапа хабарлайды.
Ол елде кәсіпкерлердің үлесін арттыру маңызды екенін атап өтті.
"Сіздер оқытып жатқан балалар өз кәсібін ашып, елге қызмет ете алады. Отбасының жағдайын жасап, жаңа жұмыс орындарын ашады. Еліміздегі мектептерде 3 млн-ға жуық бала оқиды. Алдағы уақытта олардың саны 3,5 млн-ға жетеді. Колледж бен университеттерде білім алатын 1 млн-ға жуық студент бар, яғни жыл сайын еңбек нарығына шығып, немен айналысу керегін білетіндер саны артып келеді. Мемлекет экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін 50% жеткізу керек деген тапсырма қойды. Себебі тұрақты дамыған мемлекет болу үшін осындай көрсеткішке жету керек. Сондықтан бұл жұмыс маңызды", – деді төралқа төрағасы.
Қазақстанда кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәні бойынша білім алған оқушылар өз кәсібін аша бастаған.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлнара Кәрімованың айтуынша, оның оқушылары кәсіпкерлік бойынша олимпиадалар мен конкурстарға қатысқан. Тіпті, кейбірі өз ісін де ашыпты.
5starseducation DALA School балаларды дамыту орталығы – Тимур Русланов пен Сағида Айтқожина есімді оқушылардың бірлескен жобасы. Оның жалпы түсімі – шамамен 5 млн теңге.
"Оқушыларға сабақ ұнайды. Төрт оқушыдан тұратын команда Оzgeris бизнес-инкубаторында 50 мың теңгенің грантын жеңіп алды. Сондай-ақ 2020 жылы Марсель Мадияров есімді оқушы AIFC Finance and Economics Olympiad конкурсында бірінші орынды иеленіп, алтын медаль алды. Болашақта біз балаларымызды Forbes тізімінен көргіміз келеді", - деді Гүлнара Кәрімова
Сонымен қатар екібастұздық мұғалім Дария Дошимова кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәні тек оқушыларға емес, мұғалімдерге де қызық екенін атап өтті. Ол мектеп оқушылары мен студенттерді кәсіпкерлік негіздеріне бейімдеп, оқытуға көмектесу үшін бейінді қауымдастық құруды ұсынды.
Қауымдастық мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, тұрақты курстар, әдіснамалық қолдауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
"Бұл мұғалімдер үшін өте қажет. Себебі біз болашақ кәсіпкерлерді даярлаймыз. Одан әрі Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әрбір оқушының дағдысын дамытып, қаржы алуға, бизнес бастауға мүмкіндік береді. Стартаптың жұмысын сүйемелдейді", – деді Дария Дошимова.
Мұғалімдер Тимур Құлыбаевқа 5-9 сынып оқушылары үшін экономика, бизнес және қаржылық сауаттылық негіздері бойынша мектеп бағдарламасына арнайы курстар енгізуді ұсынып, біліктілікті арттыру курсын көбейтуді сұрады. Төралқа төрағасы бұл мәселені шешуге уәде берді.
"Мұғалімдерге бар жағдайды жасаймыз. Ұстаздар жылына бір рет қана біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Енді Білім және ғылым министрлігінің ресурстары жетпесе, біз "Халық" қоры арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз. Мұғалімдер жылына бір рет емес, төрт рет біліктілікті арттыру курсынан өтуі керек", – деді төралқа төрағасы.
Тимур Құлыбаев жобаның болашағы бірінші кезекте мұғалімдерге байланысты екенін, олар айтқан барлық ұсынысты қабылдайтынын атап өтті. Ол үшін аталған министрлігтің өкілдерімен кездесіп, тиісті шара жүргізілетінін жеткізді.
"Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәнін оқыту қалай жүріп жатқанын жіті қадағалайды. Қазақстанда мектеп партасынан бастап ерекше бизнес-орта қалыптасып жатқанына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл ел экономикасы үшін маңызды. Ортақ жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Біліммен қаруланған мектеп оқушылары кәсіпкерлікке батыл қадам жасап, бизнес ашып жатыр. Оның ауқымын кеңейту үшін ұсыныстарыңызды зерделеп, Білім және ғылым министрлігімен талқылаймыз", – деп түйіндеді сөзін Тимур Құлыбаев.
Айта кетейік, 2019 жылы еліміздегі мектептерде кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәні енгізілді (10-11 сынып оқушылары үшін). Бұл пәннен сабақ беретін мұғалімдер арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өткен.