banner

Оқушыларды квест ойнауға шақырды

2874

Елбасы кітапханасында жаңа экскурсиялық бағдарлама ашылды. 

Оқушыларды квест ойнауға шақырды

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының алаңында қалалық колледж оқытушылары, туристік сала өкілдері және гид-аудармашылар бас қосты. Кездесуді ұйымдастырған Елбасы кітапханасының басшылығы келген қонақтарды кітапхананың жаңа экскурсиялық бағдарламаларымен таныстырды.

Сондай-ақ   мекеме басшысы "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жаңа экскурсиялық бағдарламалары" тақырыбы тарқыланып, сыртынан қарағанда алынбас қамалдай көрінетін соңғы сәулет үлгісінде салынған зәулім ғимараттың есігі оқушылар, студенттер, туристер және басқа азаматтар үшін қызықты іс-шаралар өткізуге әрдайым ашық екенін айтты.

"Жалпы Елбасы кітапханасы– Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын Қазақстан аумағында ғана емес, шетелдерде ілгерілететін, насихаттайтын ірі ақпараттық-идеологиялық кешен. Осындай ерекше тәртіптегі нысан екеніне қарамастан, кітапхана мен музейге келем деушілерге есік ашық.  Экскурсиялық қызметтен басқа кітапханада ғылыми- тәжірбиелік конференциялар, семинар-тренингтер, лекциялар, сайыстар, кинокөрсетілімдер өткізіледі. Ал экскурсиялық қызмет көрсету жұмысы одан әрі жанданып, жаңа экскурсиялық бағдарламалар іске қосылуда. Себебі елімізде ішкі және сыртқы туризмді дамытуға тың серпін беріп отырған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Осыған орай, "сұранысқа ұсыныс" дегендей әрқашан өзіміздің тұрақты да таңдаулы экспозицияларымыз, мерзімі бойынша уақытша делінгенімен, мазмұны жағынан аса маңызды және тартымды көрмелеріміз әрдайым қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылуда", – деді "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесінің директоры Әмірхан Рахымжанов.

Елбасы кітапханасында он екі жастан асқан балаларға арналған "Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыс" атты 45 минутқа созылатын квест ойынын ойнауға мүмкіндік бар. Ойын басында тәжірибелі гид квест шарттарымен таныстырып, қазақстандықтардың Олимпиадаға қатысуы жайында танымдық ақпарат береді. Содан кейін қатысушылар арнайы дайындалған картадағы бағдармен тоғыз аялдамадан өтуге тиіс. Ойын балаларға арналғанымен, ересектерге де қызықты.

Сондай-ақ  кітапханада баланың туған күнін атап өтуге, бүкіл отбасымен келіп, тамаша уақыт өткізуге болады. Ол үшін "Отбасымызбен музейге барамыз" арнайы бағдарламасы жұмыс істеуде. Ал еңбек ұжымындағы әріптестер үшін "Ұжым болып музейге барамыз" жобасы ұсынылады. Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің айтуынша, бұл жобалар оқушылардың, азаматтардың жан-жақты дамуына, адамгершілік, патриоттық сезімінің нығайуына, эстетикалық тәрбие беруде пайдасы мол.

Көрме тек елордада ғана қызмет етіп қоймай, Қазақстанның өңірлеріне де шығуда. Көптеген жәдігерлер аймақ тұрғындарының назарына ұсынылуға жол тартуда. Елбасы кітапханасы директорының айтуынша, мекеме қызметінің маңызды бағыты – Елбасы кітапханасы қызметінің ауқымды ғылыми-зерттеу, ізденіс, шығармашылық және ұйымдастырушылық нәтижелерін көрнекі түрде көрсететін экскурсиялық жұмыс жүргізу.

"Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" атты Елбасы кітапханасының кең ауқымды саяхаттар көрмесінің бір бөлігі көшпелі тақырыптық экскурсиялардан тұрады. Жоба ғылыми, білім беру және мәдени шараларды қамтиды. Жобаның басты оқиғасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы рөлін жүйелі түрде, жан-жақты баяндайтын қор көрмесі. "Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" көшпелі көрме жобасы Елбасы кітапханасында 2017 жылдың қарашасынан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында көрме Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларына барды, оларға 900 мыңға жуық адам келді. Жамбыл облысында "Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам" жобасы 2019 жылдың қазан айының соңына дейін жалғасады",- деді мекеме басшысы Әмірхан Рахымжанов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу