Оқушылар мен ата-аналарды жабырқататын жаңалық жарияланды

1436

Тек мектеп бітірушілерге ғана емес, бастауыш сыныпқа енді келетін балдырғандарға да "жайлы мектептермен" қош айтысуға тура келеді.

Оқушылар мен ата-аналарды жабырқататын жаңалық жарияланды Фото: gov.kz

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы биыл аяқталады. Оның үстіне мұндай мектептер жоспарланғаннан да аз салынуы мүмкін.

"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы 2022 жылғы күзде іске қосылды. Үйлестірушісі, "Самұрық-Қазына" қоры хабарлағандай, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының бастапқы жоспары бойынша 2025 жылға дейін 401 жаңа мектеп салу қарастырылды.

"Бұл заманға сай мектептер 842 000 оқушы қабылдай алады, осылайша, үшінші ауысымнан толығымен құтылуға мүмкіндік береді. Мектептер республикамыздағы қалаларда да, шалғай елді мекендерде де салынады. Жобаның жалпы бюджеті 2,6 трлн теңгені құрайды", – деп мәлімдеді ұлттық әл-ауқат қоры.

Бұл ақпаратты сол кезде Оқу-ағарту министрлігі де тілге тиек етіп жүрді. Алайда 2022 жылы министрлік жоспардың қайта қаралғанын хабарлады.

Оған сәйкес, енді екі еседей аз, 217 жайлы мектеп салу ғана қарастырылады. Олар екі еседей аз, 460 мың оқушыға ғана арналады. Осымен "Жайлы мектеп" жобасы биыл жабылады деп жоспарланған.  

Ақпарат құралдары биылғы мамырда Үкіметтің 2025 жылғы 30 сәуірдегі №294 қаулысымен "Жайлы мектеп" білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасына өзгерістер енгізілгенін жарыса жазды. Құжат бұл білім ордаларының былтырғы және биылғы санын түзетті.

Жаңа қаулыда атап өтілгендей, ұлттық жобаның талаптарына сәйкес келетін кемінде 460 400 (екі ауысымда оқыту кезінде) жаңа оқушы орнын іске қосу жоспарланады:

  • 2024 жылы – 257 000 жаңа оқушы орны (ескі қаулыда былтыр 260 600 жаңа оқушы орнын енгізу жоспарланған еді),
  • 2025 жылы – 203 400 жаңа оқушы орны (ескі жоспарда – 199 800 орын).

Қарапайым арифметика, бұрынғы жоспар бойынша 260 600 + 199 800 = 460 400 оқушы орны. Жаңа жоспар бойынша 257 000 + 203 400 = 460 400 оқушы орны. 

Жаңа қаулы тек "Жайлы мектептің" былтырғы жоспары орындалмағанын көрсетеді. Сондықтан Үкіметтің шешімімен кейбірінің былтыр бітпеген құрылысы биылға ауыстырылды.

Айтпақшы, осы қаулыда Үкімет "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының үш ауысымды түгіл, елдегі апатты мектептер проблемасын шеше алмайтынын, олардың белгілі бір бөлігі бәрібір қалатынын ашық білдірді.

"Жобалық қуаты 300 орыннан асатын авариялық мектептердің үлесі: 2024 жылы – 0,2%, 2025 жылы – 0,1% болады. Жобалық қуаты 300 орыннан асатын орта білім беру ұйымдарында үш ауысымда оқытатын мектептердің үлесі 2024 жылы – 1,2%, 2025 жылы – 0,6% болады", – делінген Үкімет қаулысында.

Дегенмен, жаңарған жоспар да орындалмай қалғалы тұрғандай. Оқу-ағарту министрлігінің мəліметінше, қазірге дейін елімізде жалпы құны 798,2 миллиард теңгеге 105 объектінің құрылысы аяқталды.

Ал, ұлттық жобаның бірыңғай операторы "Samruk-Kazyna Construction" АҚ-ының дерегінше, 2024 жылы 104 жайлы мектеп қана пайдалануға берілді, ал, 2025 жылдың соңына дейін тағы 104 нысанның ел игілігіне тапсырылуы жоспарлануда. Бұл бір ауысымда 217 300 жаңа оқу орнын ашуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, ұлттық жобаға 1,4 трлн теңге  жұмсау көзделген. Яғни, қалған 113 жайлы мектепке небәрі 602 млрд теңгедей ғана қалды.

Жоғары аудиторлық палата әшкерелегендей, "Жайлы мектеп" жобасында тек 2023 жылы 311,9 млрд теңге бюджет қаражаты талан-тараж болған.

Осы орайда Парламенттегі "Ақ жол", "Amanat", "Қазақстан халық партиясы" депутаттары базбіреулердің "Жайлы мектепті" бюджет қаржысын жеудің көзіне айналдырып алғанына алаңдап, Үкімет басшысына хат жолдаған болатын.

Олар Премьерге біріншіден, мемлекет қаржысын тиімді игеру үшін мектеп құрылыстарын күмәні көп тендер тәсілімен емес, жеке инвесторлардың ауқымды жобаларын қолдау арқылы салуды ұсынды. Сонда өңірлерде бәсекеге сай жекеменшік мектептер көбейеді.

Екіншіден, мектептер салу үшін жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жер учаскелері беріліп, олармен сенімді серіктестік қатынас орнатылуы қажет. Осы жағдайда стандартқа сай, заман талабына лайық ғимараттар өз мерзімінде, әрі артық шығынсыз салынады.

Үшіншіден, депутаттар ауқымды тексеріс жүргізіп, жайлы мектептер құнын бірнеше есе қымбаттатқандарды қатаң жазалауды сұрады.  

"Басында ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған 401 жаңа мектеп салу қарастырылған еді. Жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге болған. Кейін бюджет тапшылығына байланысты 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу жоспарланды. Алайда Үкіметтің 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №1079 қаулысымен қаржыландыру сомасы 1 трлн 493 млрд теңгеге дейін кемітіліп, жаңа оқушы орындары 460 400-ге дейін, мектеп саны 217-ге дейін қысқартылды", – дейді мәжілісмен Қазыбек Иса.

Ол "Жайлы мектепті" іске асыру барысында мектеп құнын нақты бағасынан бірнеше есе асырып көрсетуден "социалистік жарыс" өткенін айтады. Салдарынан, бастапқыда 3 миллиардқа салынады деген 1 мектептің құны 9,6 миллиард теңгеден асып кеткен. Сарапшылар осы қаражатқа тұтас университет ашуға болатынын айтады.

Депутаттар 2025 жылғы қаңтарда өңірлерді аралағанда, жайлы мектептерге қатысты жағдайды біліп, жаға ұстапты. Депутат Иса бір салыстыру келтірген еді: мысалға, Шымкентте "Zangar Bilim" ЖШС салған, өте жоғары деңгейде озық жабдықталған, төрт қабатты, үш қанатты, 10 200 шаршы метр пайдалы алаңы бар жекеменшік "Auzhan KTL" мектебінің құны небары 1,72 млрд теңгеге түсіпті.

Бұл қаражатқа – жер учаскесі, коммуникация тарту, кеңейтілген лабораториялар, компьютер және интерактивті тақталар, оқу материалдары, көрнекі құралдар, тіптен үйірмелерге қажет мүкәммалға дейін алынған. 30 түрлі үйірме-секциясы, бизнес-мектеп, компьютер жөндеу шеберханасы бар екен.

"Бір сөзбен айтқанда, жайлы мектепке қойылатын талаптан жоғары, материалдық-техникалық базасы артығымен жабдықталған. Ал, 1 200 орындық мемлекеттік жайлы мектеп 6,4 млрд теңгеге салынуда. Яғни, бір орынның құны "Auzhan" мектебінен 4 еседен де көп! 600 орындық тағы бір жайлы мектеп 4,6 млрд теңгеге салынған. Сорақысы сол, 2 000 орындық жайлы мектептердің құны 9 млрд 630 млн теңгеден де асып кеткен!", – дейді мәжілісмен.

Салдарынан, мемлекеттік жайлы мектептердің құны қожайыны құнтты жекеменшік мектептен 4-5 есе артық. Бұл келер ұрпаққа үкілеп сақталуға тиіс Ұлттық қорды 4-5 еседей артық шығындау деген сөз.

"Сонда 4-5 мектеп орнына бір мектеп қана салғанда, қалған қаржы қайда кетіп жатыр? Бұл есепсіз миллиардтардың сұрауы кімде, кімнің қалтасында? "Жайлы мектептерді" майлы мектептерге айналдырып отырғандар кімдер? Бір мектептің орнына 4-5 мектеп салуға, сол арқылы 1,5 триллион қаржыға 217 мектептің орнына 1 000 мектеп салуға кім кедергі? Үкіметке "бюджет тапшылығында көрпеге қарай көсілу, орынсыз артық шығындарды доғару" жүктелді. Ал, біз бір мектептің бағасын бес есе көтеріп, болашақ ұрпағымызға арналса да бүгінде түбі көрініп қалған Ұлттық қорға қол салып, қол салғанда мол салып, қарап отырмыз", – деген еді Қазыбек Жарылқасынұлы.

Мәжіліс депутатының осы мәлімдемесінен кейін аталған жекеменшік мектепке Астанадан "тексерушілер" сау ете қалды.

"Ұлттық жоба туралы пікірталас депутат Қ.Исаның сыни ескертпелерінен кейін қайта қызған еді. Осыған орай "Samruk-Kazyna Construction" АҚ-ның жауапты қызметкерлері басқарма төрағасының тапсырмасымен Шымкентке барды. Көптілді "Auzhan KTL" лицейінің негізін қалаушы Әлімхан Абжановпен бейресми кездесу өтіп, 600 орындық жайлы мектеп пен лицей ғимараттары тексерілді. Олар қос ғимараттың қазіргі жағдайын, құрылыс сапасын бақылап, қолданылған шешімдермен және жабдықталуымен танысты, сондай-ақ олардың талаптарға сай екеніне көз жеткізді", – деп хабарлады ұлттық жобаның бірыңғай операторы.

Тексеру қорытындысы қандай? "Samruk-Kazyna Construction" АҚ-ның Түркістан облысы бойынша басшысы Әшірбаев "Жайлы мектеп" жобасының білім ошақтарын жекеменшік білім ұйымдарымен, соның ішінде "Auzhan KTL" лицейімен салыстыруы мүлде дұрыс емес деді.

"Жеке және мемлекеттік мектептердің даму тұжырымдамасының негізгі айырмашылығы – олардың ашылу мақсатында, қаржыландыру көздерінде, басқару жүйесінде, білім беру тәсілдерінде. Сондықтан бұл екі жүйені қарама-қарсы қоюдың қажеті жоқ! Керісінше, оларды үйлесімді дамытып, мемлекеттік және жекеменшік секторда білім сапасын арттыруға ұмтылу қажет", – деді Сәкен Әшірбаев.

Бұл – құны удай "Жайлы мектептердің" жобасы арзандамайтынын да білдірсе керек.

Үкімет не дейді?

Премьер-министр Олжас Бектенов те депутаттардың айтып отырғанын негізсіз санайды.

Оның мәліметінше, "Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау" РМК мәжілісмендерге қатты ұнаған "Auzhan KTL" мектебі мен Шымкенттің Еңбекші ауданындағы 1200 оқушыға арналған жайлы мектепті салыстыра талдау жүргізіпті.

"Талдау барысында "Auzhan KTL" жекеменшік мектебінде STEM-зертхана, робототехника, зертханалық бөлмесі бар биотехнология, зертханалық бөлмесі бар нанотехнология, әлеуметтік педагог, білім беру ұйымдары жанындағы инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерінің жоқ екені анықталды. Жалпы алғанда, жайлы мектептердің ауданы орта есеппен 15-20%-ға үлкен. Жарақтандыру деңгейі 4 есеге артық. Бұл объектілер құнының айырмашылығына да әсер етеді", – деді Бектенов.

Оның айтуынша, жайлы мектептердің қымбат болатыны – оларда IT-сыныптар, робототехника, зертханалар, хореографиялық сыныптар, интерактивті жабдықтар, волейбол, баскетбол және шағын футбол алаңдары, демалыс аймағы, жүгіру жолы бар.

Сондай-ақ, солтүстік өңірлердегі жайлы мектептерде – хоккей корты, оңтүстік өңірлерде – теннис корты, 600 орындық мектептерде – 2 спорт залы, 2000 орындық мектептерде – 4 спорт залы болады.

Үкімет басшысы депутаттар сұрағандай жайлы мектептерге жан-жақты тексеру жүргізуді де құптамады.

"2024 жылы "Samruk-Kazyna Construction" АҚ мен Қаржылық мониторинг агенттігі қол қойған меморандумға сәйкес жайлы мектептердің жобалау-сметалық құжаттамалары осы ведомствоның тексеруінен өтті. Бас прокуратураға ұлттық жоба бойынша материалдар жіберілді. Ұлттық жоба шеңберінде құрылыстың барлық өмірлік циклін цифрлық форматта қамтитын "eQurylys" ақпараттық жүйесі енгізілді", – деп санамалады Олжас Бектенов.  

Алайда ол да жайлы мектептер құрылысының бағасы бастапқы құнынан неге қатты қымбаттап кеткенін нақтыламады.

Тек ұлттық жобаны іске асыру бойынша жауапкершілік квазимемлекеттік ұйымға – "Samruk-Kazyna Construction" АҚ-ға жүктелгенін мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу