Оқушыларға шамадан тыс үй тапсырмасын беруге болмайды – Асхат Аймағамбетов

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6210

Kundelik.kz, Daryn.online, Bilimland.kz  жүйелерінің серверлері күшейтіліп жатыр.   

Оқушыларға шамадан тыс үй тапсырмасын беруге болмайды  – Асхат Аймағамбетов

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы тікелей эфирге шығып, ата-аналар мен ұстаздардың сауалдарына жауап берді.

Қашықтан білім беру барысында оқушыларға шамадан тыс үй тапсырмасын жүктеуді құптамайтынын алға тартқан министр: "Білім саласындағы жағдайды ушықтырғаннан мәселе шешілмейді. Білім беру саласының өкілдері мәселені күрделендірмеуі керек. Барлық бала озат болуға және бестік алуға міндетті емес. Барлық бала бүкіл пәннен жоғары нәтиже көрсете алмайды. Әр баланың өз қабілеті, өз мінезі бар. Біз осыны ескеруіміз керек. Қашықтан білім беру үдерісі ұйымдасқан түрде және қалыпты жағдайда өтуге тиіс. Ата-аналар балаларының өзгелер үшін емес, өздері үшін білім алатынын жақсы түсінеді. Барлығымызға өз жұмысымызды тиісінше атқару қажет. Оқушыларға шамадан тыс үй тапсырмасын беруге болмайды", – деді ұстаздар қауымына бағыттаған сөзінде.

Асхат Аймағамбетов қашықтан білім беру кезінде болуы ықтимал  техникалық ақаулардың алдын алу және оған жол бермеу маңызды екеніне тоқталды.

"Біз бір мезетте миллион адам бір ресурсқа жүгінетінін ескеруіміз және осыған дайын болуымыз керек. Kundelik.kz, Daryn.online, Bilimland.kz және басқа жүйелердің істен шығуына жол беруге болмайды. Мамандар байланыс арналарын кеңейтіп, серверлердің қуатын күшейтіп жатыр. Мақсат –  үздіксіз, ақаусыз қызмет көрсету", – деді министр.

Оның сөзінше, карантин жағдайында қашықтан оқыту "Ел арна", "Балапан" телеарналары, Qazaq radiosy, интернет ресурстар және пошта арқылы жүргізіледі.

Тікелей эфирде Асхат Аймағамбетов биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің мерзіміне қатысты сауалға да жауап берді. 

"Ұлттық бірыңғай тестілеу әр түлек үшін маңызды. Қазір ҰБТ-ның мерзімін өзгертуге ешқандай негіз жоқ. Көршілес елдердің емтихандары мамыр айында болуына байланысты олар сынақты маусымның басына ауыстырды. Бізде ҰБТ маусым айының соңында, яғни шілдеге қарай өтеді. Бұл уақытқа дейін жағдай дұрысталып, дәстүрлі білім беру тәртібіне оралатын болсақ, ҰБТ-ны бұрынғыдай ұйымдастырамыз деп үміттенеміз", – деді еліміздің бас ұстазы.

Естеріңізге салайық, бұған дейін министр биыл ҰБТ әдеттегідей қағаз жүзінде тапсырылатынын, ал "ҰБТ электронды форматта өтеді" деген сөз жалған екенін мәлімдеген болатын.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу