Парламент депутаттары мен Министрлер кабинетінің бір бөлігі кейінгі жылдары білім ұйымдарында жаңа пәндерді енгізуге күш салуда. Мәселен, 2022-2023 оқу жылында сынақ ретінде "Патриотизм және жаһандық компетенциялар" жаңа пәнін енгізу қолға алынды. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба Білім және ғылым министрлігін қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов басқарып тұрған тұста әзірленген.
5-11 сыныптарда оқытылуға тиіс жаңа пән балаларды бір мезгілде әдепке, медиа сауаттылық негіздеріне және қаржылық сауаттылыққа үйретуге тиіс. "Винегрет салатына" көбірек ұқсайтын пән аясында шәкірттерге "Парасаттылық пен әдеп", "Экологиялық мәдениет", "Азаматтылық пен патриотизм", "Тіршілік қауіпсіздігі негіздері" (ОБЖ), "Медиа сауаттылық" сияқты сан-сапалақ курстар оқытылады.
Бұған наразы болған сарапшылар бірнеше қарсы дәйектеме келтірді: ең бастысы, мұның бәрін бір ғана мұғалім оқытады. Яғни, ол бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің қыр-сырын білетін, қауіпсіздікті сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу тәсілдемелерін меңгерген, экобелсенді немесе осы саладан жақсы хабары бар әмбебап маман болуға тиіс. Әйтпесе, есейіп қалған оқушыларға қызықты, танымды, өмірде қажет болатын өзекті білім бере алмауы мүмкін.
Тиісті жаңа оқулықтардың тапшылығы да бөлек мәселе. Қазақстанда жалақысы жоғары болғандықтан біраз мектепте педагог лауазымы сатылатыны әшкереленген. "Мұндай жағдайда ұстаздар парасаттылық пен әдеп туралы не айта алады?" деген сұрақтарға кезінде Білім және ғылым министрлігі сол бойы жауап бермеді.
10-11-ші сыныптарда "Кәсіпкерлік негіздері" және "Қаржылық сауаттылық" пәндері қосылуда. Ата-аналар пәндердің негізінен, үстірт, көзбояу өтетініне шағымданады.
"Мысалы, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан спикерлерді, кәсіпкерлерді шақырып, оқушылармен тәжірибе бөлісу, тренинг түрінде өткізуге болар еді. Мектеп директорлары мұндай шараларды ұйымдастыруға бас қатырғысы келмейді. Білім министрлігі кезінде ата-аналармен кездесуде осындай пәндер арқасында балалар бизнес жүргізудің, өз ісін ашудың негіздеріне үйренеді, жаһандық оқиғаларды бағалап, олардың себептері мен салдарларын талдауға машықтанады, командада жұмыс істеп, табысты болуының іргетасын қалайды, тұлға болып өседі деп айтқан. Тіпті дебаттар өткізіп, өз ұстанымын дәйектеп, табанды қорғауға үйренеді деген. Оның бірі де жоқ. Сорақысы сол, жаңа пәндердің бәрі ескіргендерін ысырып шығарған жоқ, солардың үстіне қосылды. Аймағамбетов оқушылардың рюкзагын жеңілдетемін деген. Уәдесін орындамады", – дейді көп балалы ана Жәния Юлдашева.
Шенеуніктер шәкірттердің оқу жүктемесін арттыруын жалғастырды. Ата-аналар енді "Күрес" пәнінің енгізілгенін айтады. Бұл қазақ күресін дамыту үшін жасалса керек.
Мұнымен тоқтамай, шахмат та мектептердегі жаңа пән ретінде енгізіліп жатыр. Әзірге, алғашқы кезеңде еліміздегі 42 мектептің бірінші сынып оқушылары қамтылатын болады. Осы мақсатта өткен жылдың соңында Қазақстанның шахмат федерациясы Астана, Шымкент қалаларында жалпы білім беретін мектептердің педагогтерін "Шахматқа оқыту әдістемесі" бойынша оқыту семинарларынан өткізді.
Бір апта ішінде кәсіби шахматшылар мұғалімдерге шахматқа үйретудің ерекшеліктерін түсіндіріпті. Шәкірт даярлайтындай деңгейге жету үшін мұғалімдерге бір ғана аптаның қаншалықты жететіні белгісіз. Бірақ қатысқандардың бәріне тиісті сертификаты таратылды. Шахматты бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасына кезең-кезеңмен енгізуге де дәл осы федерация күш салды.
Спорт шеберіне кандидат Олжас Меңғалидің айтуынша, алғашқы кезеңде, 2023-2024 оқу жылдарында "Шахмат негіздері" пәні пилоттық жобаға таңдалған 7 өңірдегі 42 мектепте сынақтан өтеді. Бірінші кезеңге Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарының бірқатар мектептері іріктелді.
Бұдан бұрын атақты шахматшы Бибісара Асаубаева "биліктен 3 миллиард теңге сұратқызды" деп, федерацияны айыптаған болатын. Үкімет шахматты осынша кең ауқымды дамыту үшін федерацияға енді жалпы сомасы қанша миллиард бюджет қаржысын бөліп отырғанын хабарламады. Бір белгілісі, жалпы білім беретін мектептердің 1-4 сыныптарына шахматты енгізу үшін аталған өңірлердің әкімдіктері 2023 жылы – 115,2 миллион, 2024 жылы – 125,8 млн, 2025 жылы – 128,2 млн, 2026 жылы – 132,6 млн теңге бөледі.
Мектептерде шахмат секцияларының желісін кеңейтуге 2023 жылы – 341,1 млн, 2024 жылы – 432,6 млн, 2025 жылы – 500 млн, 2026 жылы – 568,4 млн, 2027 жылы – 639,7 млн теңге шығындалады. Бұл пәннің ауыртпалығы республикалық бюджетке де түсіп жатыр.
Оның сыртында "Freedom Broker" компаниясы "2023–2027 жылдарға арналған шахматты дамытудың кешенді жоспарын" жүзеге асыруға мол қаржы бөлген екен. Осыдан мектептерге пән енгізу мол қаржы көзі екенін байқауға болады. Ендеше жаңа пәндер туралы алда да жаңа ұсыныстар түсері сөзсіз.
Мектептерде "суперпәндерді" енгізу жоспарлануда
Сенат депутаты Советбек Медебаев жаңа пәндерді қарастыру мәселесін көтерді. Ол жаңа Парламенттің өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық түзетулерді қабылдағанын еске салды.
"Сонымен қатар 2023 жылдың маусымында Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқасында жастардың құқықтық сауаттылық деңгейінің төмендігін, оның салдары ауыр болуы мүмкін екендігін айтқан болатын. Осыған байланысты мынадай сұрақтар туындап отыр. Жалпы білім беретін мектептерде "Отбасы өмірінің негіздері", ондағы қарым-қатынас этикасы және балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша қосымша білім беру пәндерін, оның ішінде ұлттық салт-дәстүр элементтерін, яғни ұлттық педагогиканы пайдалана отырып енгізуге болады. Бүгінгі оқушылар болашақ ата-ана емес пе!", – деген сенатор құқықтық сауаттылық негіздерін бастауыш сыныптардан бастап енгізу ұсынысына Үкіметтің назарын аудартты.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева ашығын айтты: тіпті Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін дамыған елдердегі құрбы-құрдастарына қарағанда, қазақстандық балаларға түсетін ауыртпалық тым жоғары.
Бірақ соған қарамастан, жоғарыдан түсіп жатқан ұсыныстарға байланысты мектептердің оқу бағдарламаларына жаңа пәндер ары қарай да кіретін түрі бар.
"Біз білім ордаларынан балаларды өмірге және түрлі өмірлік жағдайларға дайын болатындай етіп, даярлап шығаруға тиіспіз. Бұл іс-шаралар құқықтық сала мәселелерін, оқушылардың машықтар мен компетенцияларды меңгеруін, саламатты өмір салтын ұстануын, мінез-құлық мәдениетін, сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды игеруін қамтиды. Бүгінде дұрысы, қосымша пәндерді енгізбегеніміз жөн. Себебі, қазіргі кезде біздің балалардың апталық оқу жүктемесі тіпті ЭЫДҰ елдеріндегіден айтарлықтай асып түседі. Егер қосымша пәндерді енгізе берсек, салдарынан, ауыртпалық та еселеп артады. Бұл балалардың денсаулығына теріс әсер етеді. Жас ұрпақтың менталды, психологиялық денсаулығына да зиянды", – деді бірінші вице-министр.
Алайда биліктегі аға ұрпақ жас ұрпақты өз қалауынша тәрбиелеу ниетінен қайтпайды. Мұны олар жаңа пәндер арқылы да жүзеге асыруға ынтық. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі "саған да, маған да" деп, ортадан шығатын шешім қабылдапты.
"Ортақ бір пән енгізу туралы шешім қабылданды. Ол "Жаһандық компетенциялар" деп аталады. Соның аясында балаларды әлеуметтендіру үшін қажетті барлық машықтарға баулу көзделеді. Бұл тұрғыда тәрбие беру жағы күшейтіледі. Ол үшін былтырғы 2023 жылы "Біртұтас тәрбие" тәрбие беру бағдарламасы әзірленді. Онда толығымен ұлттық құндылықтар басшылыққа алынған. Сондай-ақ "ұлттық құндылықтар" қайта қаралып жатқан мемлекеттік білім беру стандартының негізіне қаланады. Біз ұрпақты ар-ұждан, ұят, намысқа тәрбиелеуге күш саламыз", – деп сөз берді Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаева.
Ол педагогтердің әдеп, дұрыс мінез-құлық, саламатты өмір салты және басқа да тәрбиенің түрлі құндылықтарын балалардың бойына "Дүниетану–Познание мира", қазақ және орыс әдебиеті сияқты пәндер аясында да сіңіруге тырысатынын айтты.
Мыңдаған тақырыпты жалғыз өзі қамтитын "супергигант пәндер" онсыз да терең күрсініп, қажып жүрген шәкірттердің ұнжырғасын түсірмес пе?!
Тамара апайды кім тыңдар?
Кейінгі кезде қаптап кеткен "жаңа пәндерді енгізу" ұсыныстарына қатысты Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова да өз ұстанымын білдірді. Ол оқу бағдарламасын кеңейтуге қатысты ұсыныстар жиілеп кеткенін жасырмады.
"Бүгінде мектеп бағдарламасын қосымша пәндермен толықтыру туралы өте көп ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл ретте оған жаңа сын-тегеуріндер себеп ретінде алға тартылады. Бірден айтайын, қандай маңызды құбылыс, мәселе болса да, оның бәрі мектеп бағдарламаларында ескерілген. Педагогтер мұны біледі және менің сөзімді растай алады. Барлығын оқу жүктемесін арттыру арқылы шеше беруге болмайды! Жаңа пәнді енгізу емес, тек сол мәселені оқу бағдарламасының қолданыстағы мазмұнына кіріктіру, интеграциялау арқылы кез келген бағытта нәтижеге жетуге болады. Сондай-ақ жүйелі жобаларды жүзеге асыру керек", – деді Тамара Дүйсенова.
Ол PISA жаһандық рейтингінде Сингапурдың оқушылары білімі жөнінен әлемдегі ең үздігі деп танылғанына назар аудартты.
"Неге Сингапур әлемнің алды болып отыр? Олар мектептердегі пәндер санын арттыру жолына түспеді, оның орнына маңызды, өзекті бағыттарда тереңдеуге ден қойды. Біз де әр пән бойынша берілетін білімді тереңдетуге тиіспіз. Олай болса, Оқу-ағарту министрлігі білім беру бағдарламаларын, стандарттарын дайындау кезінде осыған баса көңіл аударғаны жөн. Ең дұрысы, балаларға түсетін жүктемені барынша азайтуға тиіспіз", – деді вице-премьер Тамара Дүйсенова.
Алайда биік лауазымына қарамастан, бұл оның жеке ұстанымы болып қалатынға ұқсайды. Өйткені салалық министрлік бұдан былай жаңа пәндерді енгізуден бас тартатынын, ең құрығанда, бірер жылға мораторий енгізетінін жарияламады. Әрі күрес, шахмат ізінен басқа федерациялардың мектеп төрінен орын алуға ұмтылмасына кепіл жоқ.