Гүлбану, 31 жаста:
Мен қарсы емеспін. Мектепте жыныстық тәрбиені оқытқаны, мүшеқапты қалай пайдалануды, жүктілікті болдырмайтын таблеткаларды қашан тұтыну керектігін айтып, түсіндіргені дұрыс. Кез келген ата-ана ондайды өз баласына айта алмасы анық. Сондықтан, мектепте, арнаулы білімі бар сексопатолог маман түсіндіргені дұрыс деп санаймын.
Баян, 53 жаста:
Үзілді-кесілді қарсымын! Тыйым деген болу керек. Бесіктен белі шықпай жатып, ондай нәрсені үйренсе, мектепте жүріп жүкті боп қалу көбейеді. Мұғалім оқытып, үйретіп тұрса, әрине, жас бала оны қолданып көргісі келеді.
Нұрсұлу, 40 жаста:
Әйтеуір, балаларымызға неше түрлі тәжірибе жасалатын болды ғой. Мұғалімдер әуелі өздерін түзеп алсыншы. Балам аман-есен тезірек мектебін бітіріп, жоғары оқуға ма, әскерге ме, кетсе екен. Мектепте не білім, не тәрбие беріп жатқанын білмейміз ғой. Одан да тезірек есейіп, үлкен өмірден тәжірибе алғаны дұрыс.
Оразғали, 48 жаста:
Егер Батыстың тәрбиесін беретін болса, онда мұсылманша да шариғатты мектепте оқытсын. Балаларға сабақ кезінде намаз оқуға жағдай жасасын. Неге тек біржақты Еуропаша тәлім-тәрбие беруді қолдайды?! Мысалы, мен ұл-қызымның Ислам дінін мектептен біліп, меңгеріп шыққанын қалаймын. Мектепте дінге тыйым салады екен, олай болса Батыстың әдепсіз тәрбиесін де жолатпасын!
Алтын, 52 жаста:
Шынымды айтсам, бұл тақырыпты оқушы алдында айтпақ тұрмақ, отағасының алдында сөз қылуға ұяламыз ғой. Біздің кезімізде мектепте "Анатомия" деген пән болған, соның оқулығындағы жалаңаш еркектің суреті бар бетін ашуға тәрбиеміз жібермейтін. Одан жаман болғанымыз жоқ. Екі ұл, екі қыз өсіріп отырмыз. Ер мен әйел арасындағы қатынасты өз бетімізше зерттеп алдық қой. Ондайды сыбырлап айтса да, тез ұғып аласың. Мектептегі балаға "төсек қатынасы" туралы сабақ өтуіне қарсымын!
Лаура, 26 жаста:
Қарсы емеспін. Қазіргі бала онсыз да интернеттен бәленің бәрін көріп-біліп отыр. Сондықтан оларға дұрыс тәрбие беру керек. Ұятты жиып қойып, балдарымызға өмір сүруді, қателеспеуді үйретуіміз керек. Тангенс, тригонометрия деген заңдарды өмірде қолданбайды ғой. Одан да осындай, есейгенде алдынан шығатын өмірлік тәжірибені үйреніп шықсын.
Бауыржан, 29 жаста:
Мен реалистік тұрғыдан қараймын. Барды "бар" деп, жоқты "жоқ" деп оқыту керек. Өмірде бар ма, бар?! Онда оны түсіндіру керек, үйрету керек. Қоғам ақпаратпен толық қамтылғанда ғана, қателіктер аз болады. Қазір ғалам космостық жылдамдықпен дамып жатыр. Жастар үшін жабық тақырып болмауы керек деп есептеймін.