"Оқжетпес" кімге қарыз?

1730

Көкшетаулық футбол командасының бас бапкері Андрей Карпович әлеуметтік желілерде "Оқжетпестің" мәселесін асыра сілтемеуге шақырды.

"Оқжетпес" кімге қарыз?

Наурыз айында FIFA-ның ойыншылар мәртебесі жөніндегі комитеті украиналық бапкер Виктор Пасульконың қазақстандық құрамаға қатысты мәлімдемесін қолдағаннан кейін ақпарат кеңістігінде "Оқжетпестің" мәселесі жайлы жағымсыз пікірлер таралған болатын. Пасулько көкшетаулық клубта 2017 жылы мамыр мен қазан айлары аралығында жұмыс істеген. Ал қазан айында бапкер мен клуб арасындағы келісім-шарт тоқтатылды. Осы жылдың наурыз айында "Оқжетпеске" клуб пен жаттықтырушы арасындағы келісім-шартты бұзғаны үшін келісім-шарт аяқталғанға дейінгі барлық жалақы мөлшерінде өтемақы төлеу міндеттелді. Украиналық маманның талаптары 35 мың еуроға бағаланды. Шешімнің міндетті шарты бойынша оны 7 сәуірге дейін орындау қажет еді. Олай болмаған жағдайда "Оқжетпестен" осы маусымда алты ұпай алынып тасталып, жаңа ойыншыларды тіркеуге тыйым салынады деп шартта жазылған.

Қазақтандық бұқаралық ақпарат көздері көкшетаулық клубтың қойылған талаптарды орындамағаны туралы жарыса жазып жатты. Алайда "Оқжетпес" бұл ақпаратты жоққа шығарды. "Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында "Оқжетпестің" бұрынғы бапкерге қарызы туралы және қарыз өтелмеген жағдайда турнирлік кестеде алты ұпай жоғалтуы мүмкін деген ақпарат пайда болды", - деп хабарлады клуб. – "Оқжетпес" ФК бұл ақпаратты жоққа шығарады және қазіргі таңда Виктор Пасулькоға қарызы жоқ екенін ресми түрде мәлімдейді. Клубқа FIFA-ның тәртіп комитетінен "Оқжетпес" ФК-ның бұрынғы бас бапкерге қатысты ісі ресми түрде жабылды деген хат келді", - деп хабарлады көкшетаулық клуб.  

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін клубтың қарыздары толықтай өтелмегеніне байланысты ұпай қысқарту жағдайы Қазақстан Премьер-Лигасында "Ақтөбе" футбол клубында орын алған болатын. Өткен жылдың ақпан айында FIFA-ның тәртіп комитетінің шешімімен футболшы Айоделе Аделейге "Ақтөбе" клубы қарызын төлемеген жағдайда алты ұпайдың қысқартылатыны жайлы хабарлады. Нәтижесінде былтыр "Ақтөбе" маусымды минус алты ұпаймен бастап, бірінші дивизионнан шығып қалды.

Ал, қазіргі таңда "Оқжетпестің" жағдайы да мәз емес. Себебі 2020 жылғы маусымда үш ойында да жеңіліс тапты. Таяуда көкшетаулық команданың бас бапкері Андрей Карпович тәлімгерлері мен клуб қызметкерлері туралы қисынсыз сөздерді айтпауға шақырды. "Ұзақ уақыт бойы үндемедім. Бірақ, шыдамның да шегі бар. Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде біздің клуб пен команда туралы әр түрлі ақпараттарды оқыдым. Оның барлығын тек мен ғана емес, команда ойыншылары мен біздің жанкүйерлеріміз де оқиды. Мұның барлығы олардың титығына тиеді. Сондықтан нақтырақ айтар болсам, иә, бізде шешімін таппаған біраз мәселелер бар. Біз бай клуб емеспіз. Үлкен команда да емеспіз. Барлығы ылғи біздің қалағанымыздай бола бермейді. Жақсартуды қажет ететін жағдайлар да бар екені түсінікті. Бұл тек клубқа ғана емес, сонымен қатар ойынның өзіне де қатысты", - деп жазды Карпович өзінің Facebook парақшасында. – Алайда клубтың жағдайы мүлде нашар деп айта алмаймын. Көптеген клубтарда мұндай мәселелер бар: жалақының кешіктірілуі, кейбір позицияларға ойыншылардың жетіспеуі және тағы басқалар. Бұл өмір және ойынның өз ережелері бар. Қазіргі таңда бұл жайлы айту артығырақ. Мұның барлығын өз басым қорлау деп есептеймін. Себебі қазіргі таңда біздің ортақ мәселеміз коронавирус пандемиясы. Бұдан кейін футбол қандай болатынын білмеймін. Өркениеті дамыған еуропалық футбол клубтарында да әр түрлі мәселелер бар кезде біз туралы не айтуға болады? Бірақ, барлығы қалпына келеді деп ойлаймын. Жанкүйерлерге айтарым бар. Чемпионат қайта басталған соң "Оқжетпестің" футболшылары, бапкерлері және басшылығы команданың жағдайын жақсарту үшін қолынан келгенін жасайды және ол үшін бізде барлығы бар. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенемін", - деп қоса кетті бапкер.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу