"Олар нағыз сұмырайлар": Путин Макачкаладағы оқиға үшін Батыс пен Украинаны айыптады

1360

Вашингтон да, Киев те әуежайдағы "еврейлерді ұстау" бүлігіне қатысы жоқтығын мәлімдеді. 

"Олар нағыз сұмырайлар": Путин Макачкаладағы оқиға үшін Батыс пен Украинаны айыптады Фото: inbusiness.kz

Ресей президенті Владимир Путин дүйсенбі күні Дағыстанда Израильден ұшып барған ұшақты нысанаға алған тәртіпсіздіктер үшін Кремльге кір жуытпай,  бар кінәні батыстың барлаушылары мен украин агенттеріне тақты.

Путин АҚШ-тың Ресейді әлсіретуге бағытталған әрекеттері деп сипаттаған қақтығыстардан жексенбінің кешінде 20-дан астам адам зардап шекті. Олардың ешқайсысы израильдіктер емес.

Антисемиттік ұрандар жазылған баннерлер ұстаған жүздеген ашулы ер адам Тель-Авивтен жеткен израильдік жолаушыларды ұстау үшін Махачкала әуежайының ұшу-қону жолағын басып алды.

"Полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар зардап шекті, олардың екеуі ауыр халде", - деп хабарлайды аймақтық денсаулық сақтау басқармасы.

Полицияның мәліметінше, тәртіпсіздік кезінде 80-нен астам адам ұсталды. Ал Ресейдің Тергеу комитеті жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен қылмыстық іс қозғаған.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби болса, Путиннің бұл зорлық-зомбылықтың артында Батыс құрылымдары тұр деген мәлімдемесін "орыстың классикалық риторикасы" деп атады.

"Батыстың бұған еш қатысы жоқ", - деп дейді ол Путинді Махачкаладағы оқиғаны айыптауға көп әрекет жасамағаны үшін сынай отырып.

Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк та Reuters агенттігіне берген сұхбатында осыған ұқсас мәлімдеме жасады.

Ресей Израиль мен Хамас арасындағы соғыста екі жақты да абайлап сынап, Таяу Шығыстағы дағдарысты Мәскеудің жаһандық рөлін алға жылжытатынын және Батыстың РФ-ны оқшаулау әрекеттеріне қарсы тұратын мүмкіндік деп қарастырып отыр.

"Израиль-Хамас соғысы Израильдің және басқа да елдердің бейбіт азаматтарына жасалған лаңкестік шабуылдардан басталды. Бірақ Израильдің бұл жағдайдағы жауабы қашатын, жасырынатын жер таппаған халықты нысанаға алуға ұласты", - дейді жоғары деңгейдегі үкімет шенеуніктерімен өткен кездесуде Путин.

Әлеуметтік желіде тараған бейне және фотосуреттерде Махачкала әуежайына басып кіргендердің кейбірінің Палестина туын желбіретіп, "Аллаһу әкбар!" деп айғайлағаны байқалады. Өзге біреулері "Дағыстанда балаларды өлтірушілер құпталмайды", "Біз еврей босқындарына қарсымыз" деген жазуы бар баннерлер ұстаған.

Сонымен қатар, ашынған дағыстандықтар жексенбіге қараған түні ұшу алаңына жүгіріп шығып, ресейлік Red Wings әуе тасымалдаушысына тиесілі реактивті ұшақты қоршап алды. Бірақ ол бос болып шықты. Басқалары Израильден жеткен жолаушыларды әкетіп бара жатқан автобусты тоқтатып, емделіп қайтқан кейбір балалар мен олардың ата-аналарының төлқұжаттарын тексере бастады. Дегенмен ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, демонстранттар Ресей мен Израильдің қос азаматтығы бар жолаушыларды паспорт көрсеткеннен кейін жіберген.

Полицияға тас лақтырған топты тарату үшін бірнеше сағат қажет болды.

Путин әуежайдағы оқиға қатысты биліктің реакциясына баға бермеуге тырысты. Бірақ ол АҚШ-қа жаңа шабуыл жасап, Вашингтонды Таяу Шығыста хаос пен Украинадағы соғыс үшін айыптау мүмкіндігін жіберген жоқ.

"АҚШ пен оның серіктерінің басқарушы элитасы - жаһандық тұрақсыздықтың негізгі бенефициарлары. Олар бұдан қанды пайда тауып отыр", - дейді РФ президенті.

Сонымен қатар, ол еш дәлел келтірместен, Украинадағы "батыс агенттерін" Ресейді әлсірету мақсатында Дағыстандағы дүрбелеңді қоздыруға әлеуметтік желілерді пайдаланды деп айыптады.

"Мен АҚШ басшылығының мұның бәрін білетініне сенімді емеспін. Егер Америка өзінің арнайы қызметтерінің Украинада отырып, Ресейде тәртіпсіздіктерге дем беруге тырысып жатқанын тексерсе, жақсы болар еді. Олар нағыз сұмырайлар, бұларды басқаша атау мүмкін емес", - дейді Путин.

Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттігі РИА Новости Дағыстан губернаторы Сергей Меликовке сілтеме жасап хабарлағандай, авиациялық терминалдағы тәртіпсіздіктер Украинада орналасқан "сатқындардың" Telegram арнасында үйлестірілген. Мақсаттары - Дағыстанды тұрақсыздандыру екен.

Кейбір жергілікті Telegram-каналдар тәртіпсіздіктер алдында Дағыстанға "Израильден босқындар" келетінін хабарлаған. Осындай жазбалар тарағаннан кейін сенбі күні Дағыстанның Хасавюрт қаласындағы қонақүйдің алдына көп адам жиналып, Израиль азаматтарын іздеген, бірақ ешкімді таппағандықтан, олар отельден кетіп қалған.

Дағыстандағы тәртіпсіздіктерден кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі "Ресей құқық қорғау органдары барлық Израиль азаматтары мен еврейлерді қай жерде болса да қорғап, оларға қарсы бағытталған жабайы арандатуларға қарсы батыл әрекет ететініне" үміт білдірді.

Израильдің Мәскеудегі елшісі Александр Бен Зви RTVI ақпараттық агенттігіне берген сұқбатында аталған рейстегі израильдіктердің, ресейліктердің және қос азаматтығы бар адамдардың ешқайсысы зардап шекпегенін атап өтті.

Махачкала әуежайы дүйсенбіде сағат 14.00-де жұмысын қайта бастады. Кейбір ресейлік әуе компаниялар болса, Израильден Махачкалаға Мәскеу арқылы ұшатын рейстерді ұсынып отыр. Олардың бағасы тікелей рейстермен салыстырғанда арзанырақ.

Әуежайдағы дүрбелеңнен кейін Израильдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен Сыртқы істер министрлігі Дағыстанға және Ресейдің оңтүстігіндегі басқа да аймақтарға саяхат туралы ескертуді ең жоғары 4-деңгейге дейін жаңартып, израильдіктерге бұл жақтарға барудан аулақ болуға кеңес берді және қазір сол жерлерде жүрген еврейлердің барлығын кетуге үндеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу