Ольга Рыпакова әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3043

Лондонда өтіп жатқан ХVІ әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына қола медаль түсті.

Ольга Рыпакова әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды Фото: zimbio.com

ХVІ әлем чемпионатында үш қарғып секіруден әйелдер арасындағы финалдық бәсеке бүгін түнде аяқталды. Негізінен, жүлделі орындарға үш спортшы таласты. Олар – Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова, Рио Олимпиадасының чемпионы Катрин Ибаргуэн (Колумбия) және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Юлимар Рохас (Венесуэла).

Осы үшеуінің ішінде ең әуелі Ольга Рыпакова шықты. Ол бірінші мүмкіндігінде 14,45 метрге секіріп, көш бастады. Бұдан кейін Венесуэла аруы Юлимар Рохас шығып, 14,55 метрді еңсерді. Іле-шала Колумбияның мақтанышы Катрин Ибаргуэн өз өнерін ортаға салып, одан да асып түсті (14,67 метр). Басқа қыздар үшеуіне ілесе алмай қалды.

Содан спортшы қыздар екінші мүмкіндіктерін бастады. Өкінішке қарай, Ольга қарғу сызығын басып кетіп, жаза басты. Ал Юлимар 14,82 метрге, ал Катрин 14,69 метрге секіріп, көш басындағы орындарын ауыстырды.

Ольга үшінші мүмкіндігінде 14,77 метрге қарғып, екінші орынға шықты. Бірақ ұзақ тұрмады...

Ізінше Рохас өз көрсеткішін бір сантиметрге арттырып, Ибаргуэн 14,89 метрді еңсерді де, қайтадан бірінші орынға көтерілді. Ольга бұдан кейін 14,32 метрге, бесінші мүмкіндігінде 14,52 метрге, ал соңғысында 14,36 метрге секіріп, әлем чемпионатын үшінші орынмен тәмамдады.

Ал Юлимар мен Катрин арасындағы бәсеке мейілінше қызып, барлық көрермендердің назары соларға ауды. Қазанның 21-ші жұлдызында 22-ге толатын Венесуэла аруы бесінші мүмкіндігінде 14,91 метрге секіріп, Лондондағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Талантты қыз өз қабілетіне көпшілікті тәнті етті.  

Ал жасы 33-тен асқан, "Лондонға үшінші рет әлем чемпионы болу үшін келдім" деген Катрин Ибаргуэн қалған мүмкіндіктерін өзінің Венесуэланың жас талантынан аса алмай қойды. Ең соңғы, алтыншы мүмкіндігінде барын салып-ақ еді, алайда 14,88 метрмен шектелді...

Сөйтіп, 2013 жылғы Мәскеуде және 2015 жылғы Бейжіңде өткен әлем чемпионаттарында чемпион атанып, алдына жан салмаған Катрин Ибаргуэн Лондонда күміс жүлдені қанағат тұтты. Үш дүркін әлем чемпионы бола алмады.

Ал Ольга Рыпакова әлем чемпионаттарынан үшінші рет жүлде алды. 2011 Тэгуде – күміс, ал 2015 Бейжіңде қола жүлдегер атанған. Енді, міне, 2017 жылы Лондонда да үшінші орынға ие болып отыр. Негізі, бұл – үлкен жетістік! Қараша айының соңында 33-ке толатын қызымыз сенімді ақтап, ел қоржынына әлі жүлде салып жүр.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу