"Өлген балықтан қауіп жоқ"

3948

Павлодарда 40 келі балық қырылып қалды.

"Өлген балықтан қауіп жоқ"

Ертіс өзенінің Потанин ауылының маңындағы жағасынан өлі балықтар  табылды. Мөңке балық, шортан, сазан және торта су бетінде қалқып, жартысы жағаға шығып қалған. Табиғатты қорғау прокуратурасы, экология департаменті және Алтай балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының филиалы өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына жеткен. Мамандар қырылған 40 келі балықты жинап, жер астына көміп тастаған. Айтуларынша, өлген балықтан қауіп жоқ.

"Судың және балықтың сынамалары алынды. Тиісті талдама жұмыстары жүргізілген соң нақты себебі анықталады. Ал алдын ала болжам бойынша, балықтарға ауа жетпеген", – дейді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті аумақтық инспекциясының бас маманы Василий Павлов.

Дәл мұндай жағдай осыдан 3 жыл бұрын да тіркелген еді. 2016 жылы Ақсу қаласының ауылдық аймағы, Май, Павлодар аудандары және Павлодар қаласының тұрғындарынан судың бетінде балықтардың қалқып жүргені туралы ақпарат түскен. Сол кезде 50 келіден астам балық қырылып қалған. Сол кезде де тиісті талдама жұмыстарын жүргізген санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандары балықтардың жаппай қырылуына ауа тапшылығы себеп болғанын айтқан еді.

Болған оқиғадан сабақ алса керек, аумақтық инспекция мен облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қызметкерлері соңғы жылдары қыс кезінде мұз үстін ойып, балықтардың терең тыныстануына жағдай жасай бастады. Тіпті, биыл олардың қатарына жастардан құралған еріктілер тобы қосылды.

"Қыс, көктем мезгілінде су астында фотосинтез үдерісі баяулап, судағы ауа деңгейі күрт төмендейді. Осыны ескере отырып, жыл сайын мұз ою жұмысын жүргіземіз. Бұл балықтың жаппай қырылуының алдын алады", – деген еді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Ернар Шәкеев.

Бірақ мұндай шаралар толыққанды жүргізілмегенге ұқсайды. Әйтпегенде Потанин ауылының маңындағы өзен тармағын мекендеген балықтар жағаға шықпас еді.

Балықтардың ауа жетпей қырылғаны аздай, браконьерлер де айласын асырып, еш рұқсатсыз су астына ау құрып жүр. Әсіресе сенбі, жексенбі күндері олардың "науқаны" қыза түседі. Тек өткен демалыс күндері облыстың тәртіп сақшылары  балық аулауға қатысты 11 құқықбұзушылықты анықтаған.

"Железин ауданы Башмачное ауылында заңсыз балық аулаған екі тұрғын ұсталды. Олардан 41 келі балық, ұзындығы 50 метр болатын ау тәркіленді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері Ертіс ауданы Қызылжар ауылының тұрғынының еш рұқсатсыз балық аулағанын анықтады. Құқық бұзушылардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциясының қызметкерлері де браконьерлерге қарсы күрес жүргізуде. Айталық, өткен сенбі мен жексенбіде Павлодар қаласының аумағында заңсыз балық аулаушыларды ұстап, олардан 2 қайық, 9 балық аулайтын ау және 5 келі балық тәркіледі. Нәтижесінде 2 әкімшілік хаттама толтырылды. Ал жыл басынан бері барлығы 60 әкімшілік хаттама сотқа жолданды.

Жалпы, Павлодар облысында жергілікті маңызы бар 265 балық шаруашылығы бөгені бар. Тағы 153-і – резервте. Ал 59 су бөгені 26 кәсіпкердің иелігіне берілген.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу