Өлген кісі ағзасы бөлшектенбеу үшін туысы араша түсе алады

5289

Билік ағза доноры туыстарына жәрдемақы төлеу идеясынан бас тартты. 

Өлген кісі ағзасы бөлшектенбеу үшін туысы араша түсе алады

Үлкен айтыс-тартыс туғызған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексін сенаторлар талқылауға кірісті. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, заң жобалары Сенатта көп өзгеріске ұшырамайды. Бұл ретте қоғамды "өлгеннен кейінгі донорлық" мәселесі алаңдатып отыр.

Әлеуметтанушы Серік Ержан трансплантологияның пайдасы зор екенін айтады, оның беделінің ту-талақайын шығарған, теріс пікірлердің белең алуына жағдай жасаған – жемқорлық.

"Ағза ауыстырып салу арқасында қаншама адам аман қалады. Алайда дәрігерлердің біліктілігі төмен екенін, медициналық ЖОО-лар беретін білімнің сапасыздығын, кейбір ақ халаттылардың жемқорлығын жұрт біледі. Ендеше әлдебір бай-бағлан, шенді-шекпенді ақысын берсе, талап етсе, дәрігер ағзасын алу үшін кез келген сырқат жанды өлімге жыға салмасына кім кепіл. Еш кепіл жоқ. Демек, әлгі проблемалар шешілмей, бұқараның бұл іске теріс көзқарасын өзгерту қиын", – дейді сарапшы. 

Қоғам белсендісі Әнуар Көшербаев қазірден ағза донорлығынан бас тартуға әзір. Бірақ билік ондай мүмкіндік бермей отыр дейді.

"Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа бұл жайында мәселе көтеріп, хат жазғанмын. Одан: "Қазақстан азаматының өлгеннен кейін өзінің тіндерін және ағзаларын транспланттау үшін алуға келіспейтіні туралы өтініші қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркелім-регистрінде тіркеледі" деген жауап алдым. Ол үшін өзің тіркелген емханаға немесе "электронды Үкімет" порталына жүгінуің керек деді. Алайда бас тартатынымды тіркетейін десем, ондай қызмет көрсетілмейтін болып шықты", – деді ол.

Министрліктің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті осы донорлық мәселесі жаңа Денсаулық кодексіне Президент қол қойғаннан кейін егжей-тегжейлі регламенттелетінін және оны жүзеге асыру басталатынын хабарлады. Өйткені жаңашылдық сонда қарастырылған.

Департаменттің мәліметінше, 2020 жылғы 18 мамырда Елжан Біртанов №ҚР ДСМ-50/2020 нөмірлі жаңа бұйрық бекітіпті. Сол арқылы "Қайтыс болғаннан кейін тіндерді және ағзаларды транспланттау мақсатында оларды тірі кезінде ерікті түрде беру қағидалары" өзгертіліп отыр. 

Жаңа құжатқа сәйкес, ағзаларын өзімен бірге көрге ала кеткісі келетін адамдар медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымына, яғни өзі тіркелген емханаға барып, нақты форма бойынша өтініш толтыруы керек болады.

Бірақ бұл қызмет көрсетілуі үшін емхана басшысы өз бұйрығымен азаматтардан өтініш қабылдайтын, оны тіркелімде тіркеумен және тиісті анықтамалар берумен айналысатын жауапты қызметкерді бекітуі шарт. Көптеген емхана мұндай қызметкерді бекітпеген. Содан емхананың тіркеу бөліміндегілер өлгеннен кейінгі мәселелерге қатысты сұрақпен жүгінген адамдарға шошына қарап, еш көмек көрсете алмайды.

"Қайтыс болғаннан кейін донор болудан бас тарту туралы өтінішті "электронды Үкімет" веб-порталы арқылы ұсыну мәселесіне келсек, бұл қызметті тек жаңа кодекс қабылданғаннан кейін ендіру жоспарланып отыр. Заң қабылданған соң тиісті нормативтік құқықтық акті әзірленуі тиіс", – деп түсіндірді Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті.

Әзірге жаңа кодекс жобасы ары қарай пікірталасқа себеп болуда.

Мысалы, осы істі ынталандыру үшін ДСМ донор болған адамды жерлейтін туыстарына ақша төлемек болыпты. Яғни, "өмірден өткесін органдарыңды өзге сырқаттарға ауыстырып салуға келісіміңді берсең, туғандарыңа қаржылай көмектесесің" деп айтпақ. Тиісінше, кодекс жобасында "мәйіттік ағзалардың донорын жерлеуді жүзеге асырған туыстарына жерлеу жоралғы көрсетілетін қызметтер үшін шығыстарды жабуға ақшалай жәрдемақылар төлеу" деген ұғым енгізілді. Алайда кейін бұл бастаманы Мәжіліс бұғаттап, алғызып тастапты. Депутаттар Қазақстанда ағзалардың донорлығы тегін жүзеге асырылатынын алға тартып, одан туыстарының пайда табуына қарсы болды.

Сарапшылар министрлік емханалар арқылы қалыптастырғалы отырған донорлар мен одан бас тартушылар тізіміне бөгде тұлғалар қол жеткізеді деген күдік білдіруде. Сондықтан жаңа кодекс жобасында "Ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейін донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркеліміне" Трансплантациялау жөніндегі үйлестіру орталығының уәкілетті адамдары ғана қол жеткізе алатыны бекітілді.

Азамат тірі кезінде бұл мәселеге мән бермей, бас тартатыны туралы өтініш толтырмауы мүмкін. Осы орайда әлеуметтік желілерде "ондай адам өле салысымен ешкімнің келісімінсіз, бірден органға бөлшектеп тасталады екен" деген қауесет тарады. Гу-гу сөздің қуатты дүмпу тудырғаны сонша қоғам белсенділері петиция жиюға кіріскен. Содан Nur Otan партиясының фракциясы оған тосқауыл қоятын норма енгізу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, кодекс жобасында жаңа норма пайда болды: оған сәйкес, адам тірі кезінде өз еркін білдіріп үлгермесе, "оның ағзаларын не тіндерін трансплантациялау үшін алуға келіспейтіні туралы жазбаша мәлімдеуге жұбайының, ол болмаған кезде жақын туыстарының бірінің құқығы бар".

Алайда азаматтың өзі не артында шулап қалған туыстары қарсылық білдірмесе, ағзаны алуға рұқсат берілді болып есептелуі мүмкін.

Қалай болғанда, бұл сала ары қарай реттеуді қажет етеді.

"Кодекс жобасы адам ағзасын алып қоюға қатысты келісім презумпциясы қағидатын енгізеді. Басқаша айтқанда, егер адам көзі тірісінде донорлықтан бас тартып өтініш жазбаса, ол дүние салған соң оның органдарын кесіп алуға рұқсат етіледі. Бұған әйелі не ерінің қарсылығы назарға да алынбайтын. Депутаттар мұны өзгертті, яғни адам көз жұмса, туыстары оның ағзаларына тиісуге наразылығын білдіре алады. Наразылық білдірілсе, ағзаны алуға жол берілмейді. Бірақ донорлыққа келісімнің жоқтығы туралы дәрігерлерді хабардар ету жүйесі жолға қойылуы қажет. Әйтпесе, бұл құжатты адамдар өзімен бірге алып жүрмейді ғой", – дейді Мәжіліс депутаты Михаил Чирков.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу