Олигарх Боранбаев мемлекетке қандай кен орнын, сауда орталықтарын қайтарды?

1643

Сарапшылар ол кен орнының жағдайы нашар деп отыр.

Олигарх Боранбаев мемлекетке қандай кен орнын, сауда орталықтарын қайтарды? Фото: canva.com

Қаржылық мониторинг агенттігі бизнесмен Қ.Боранбаевтың мемлекетке 90 миллиард теңгенің мүлкін өз еркімен қайтарғанын жариялаған болатын.

Соның ішінде 30 миллиард теңгеге алда Қазақстанның бірнеше өңірінде заманауи мектептер салынатын болады. Олардың бәрі "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының стандарттарына сәйкес келеді. Боранбаевтың 30 миллиарды Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына түсіпті. Бірақ нақты қандай жобаларға бағытталатыны туралы ақырғы шешім қабылданбаған. Бұл мәселе пысықталуда. Мұны ұлттық жоба операторы - "Samruk-Kazyna Construction" АҚ-ындағы дереккөзіміз хабарлады.

Дегенмен, тағы бір мәселенің мәнісі анықталмаған күйде қалған еді. Ол "Боранбаев мемлекетке қандай кен орнын қайтарды?" деген сауал. Себебі, бұған дейін экс-президенттің туысқанының меншігіндегі кен орындары туралы ақпарат ашып айтылмайтын.

Осы істі жүргізіп жатқан ведомство да оның жай-жапсарын жарияламады.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға байланысты  сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатқанына тура 18 ай толды.

Агенттіктің термелеуінше, осы уақытта тергеу аясында жалпы құны 90 миллиард теңгеден асатын активтерді, оның ішінде:

  • мұнай кен орнын,
  • газ тарату компаниясын,
  • сервис саласындағы кәсіпорынды,
  • қонақүйді,
  • сауда ойын-сауық кешендерін,
  • фитнес орталықтар желісін,
  • кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды.

"Осы объектілердің барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілетін болады. Ал ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылатын болады. Бұған дейін Қайрат Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру эпизоды бойынша тергеу аясында 14,5 миллиард теңге көлемінде материалдық шығынды да өтеген болатын. Өз кезегінде агенттік заңсыз активтерді іздеу және қайтару бойынша жұмысты жалғастыруда", – деп мәлім етті Қаржылық мониторинг агенттігі.

Сонда сөз болып отырған кен орны қайсы?

Бұған Қазақстанның Мұнай сервистік компаниялары одағының директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов жауап тапты.

"Боранбаевтың мемлекетке қандай кен орнын кері оралтқаны көпшілікті қызықтырып, сұрап жатыр. Әйтпесе, мемлекет пайдасына қайтарылған объектілердің тізімі де, егжей-тегжейі де еш жерде жоқ. Түсіндіре кетсек, Қ.Боранбаев "КазТурбоРемонт" холдингі арқылы "Phystech ll" АҚ-ын бақылауында ұстайды. Ал бұл компания Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында мұнай өндіреді. Мұнай кен орны шағын. Жыл сайын орта есеппен одан 44 мың тонна ғана өнім шығарылады. Бұл – Қазақстанның бір жылда өндіретін бүкіл мұнайының небары 0,05%-ы ғана. Компания шектен тыс кредиттелген. Ұзақ жылдардан бері тек шығын ғана әкелуде", – деді Н.Жұмағұлов.

Осыған қарап, қаржылық кеңесші Алмат Дәкібайұлы олигархтың мемлекетке өтімсіз, шығынды активін өткізіп жібергені туралы пікірін айтты. Сонымен бірге Боранбаевтың "Еуропада қымбат жылжымайтын мүліктері барын" еске салды. Олар кен орнына қарағанда табысты болса керек.

Әйтсе де, сарапшы Нұрлан Жұмағұлов дұрыс басқарса, әлгі кен орнынан да нәтиже шығарып, ел игілігіне айналдыруға болатынына назар аудартты. Қ.Боранбаев та осыған бағытталған шаралар қабылдап көрген екен. Мысалы, кен орнын дамытуға, яғни жаңа мұнай құбырларын тартуға, тұщы суды айдайтын кешен сатып алуға және басқасына кредиттер алған.

Инфрақұрылымын дамыту, операциялық шығындарды азайту, мұнай өндірісін 15%-ға арттыру арқылы компания шығын құрдымынан шығып, табысқа кенелуді болжады.

Осы аптада, 15 қыркүйекте Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Қайрат Боранбаевқа және қылмыстық істің басқа фигуранттарына қатысты үкімді жария етті. Олигарх Боранбаев айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айрылды.

Үкімге сәйкес, Боранбаевтың келесі мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді:

  • Алматы қаласындағы, Әл-Фараби, 77/7-1 мекенжайында орналасқан жер учаскесі бар коммерциялық ғимарат (құны 686 миллион теңге);
  • Банктегі жинақ шотта орналастырылған 1 миллиард 270 миллион 190 мың теңге қаражат;
  • Банктегі Боранбаевтың атына ашылған әртүрлі есепшоттарда қалған қаржылар: 5 миллион 685 мың 727 доллар, 1 миллион 170 мың 329 доллар, 755 миллион 859 мың 601 теңге, 193 миллион 170 мың 137 теңге.

Сот алқасының төрайымы Айсұлу Сламбекова тізбелеген тәркіленетін мүліктің тізімі осы ғана.

Қалған жүз миллиардтан астам қаражат пен мүлікті бизнесмен өз еркімен Үкіметке өткізді.

Агенттік таратқан ақпаратта қандай сауда ойын-сауық орталықтары мемлекет меншігіне көшетіні айтылмаған, аттары аталмаған.

Дегенмен, бизнесмен қамауға алынардан бұрын, Forbes өзінің 2021 жылғы рейтингінде бизнесмен Қайрат Боранбаевтың активтерін ашып көрсеткен еді.  

"Объектілері: Алматыда – Esentai Mall сауда ойын-сауық орталығы, Esentai Tower бизнес орталығы, "Алмалы" сауда ойын-сауық орталығы. Коммерциялық мүліктің жалпы алаңы: 32 мың шаршы метр. Қазақстанның бай бизнесмендерінің рейтингінде 14-орындағы Қайрат Боранбаев Сержан Жұмашовпен тең түрде (50%) Esentai Tower бизнес орталығына және Esentai Mall СОО-ға иелік етеді. Сонымен қатар бизнесмен Республика алаңындағы жалпы ауданы 25 мың шаршы метрді құрайтын "Алмалы" жерасты СОО-ның жалғыз қожайыны. 2020 жылдың қыркүйегінде "Алмалының" 14 шаршы метрлік жерүсті алаңының реконструкциясы аяқталды", – деп хабарлады Форбс.

Бұдан бөлек, Қайрат Боранбаев Қазақстандағы, Беларустегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald’s брендінің франшизасына ие еді. Былтыр осы елдердің бәрінде МакДональдс брендінен айрылды.  

Сондай-ақ қанды қаңтар оқиғаларына дейін оның меншігінде:

  • танымал "Алекс-Сарыағаш" минералды суын құятын компания,
  • "Алмалы" активтерді басқару компаниясы,
  • "Кемикал" қазақстандық мұнай-химия компаниясы,
  • "КазТурбоРемонт" холдингі,
  • Алматыдағы Aparking ақылы автотұрақтарды басқаратын "RR2"  ЖШС,
  • Fitnation фитнес-клубтар желісі,
  • "Рахат Палас" қонақ үйі,
  • "Қайрат" футбол клубы,
  • Ресейлік ковидқа қарсы "Спутник-V" вакцинасын құйған "Қарағанды фармацевтикалық кешені",
  • Латвиядағы Jurmala Golf Club & Hotel қонақүй кешені және басқа да мүлкі болыпты.

Алматылықтар бизнесменді меценат ретінде де білді.

Қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 17 наурызда Қаржылық мониторинг агенттігі квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаражатты жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу басталғанын жариялады. Осы қылмысты жасады деген күдікпен Қ.С.Боранбаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

2023 жылғы 31 наурызда сот Қайрат Боранбаевты бөтеннің мүлкін иемденуге және қаржы жылыстатуға кінәлі деп таныды. Мүлкін тәркілей отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Биылғы жазда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 29 маусымдағы қаулысымен бұл үкімнің күші жойылды. Өйткені бизнесмен құзырлы органмен процессуалды келісім бекітуге шешім қабылдапты. Алайда олигарх та, оның ісіне фигурант болған Роман Наханов пен Тайыр Жанұзақ та қамауда сол бойы қалды.

Енді Қ.Боранбаевты апелляциялық алқа 6 жылға темір торға қамады. Бірақ тергеу жалғасуда. Ендеше бизнесменге басқа да айыптар тағылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу