Олигархтар жапатармағай жер алып жатқан қала анықталды

11112

Осы аптада жаңа қала күтпеген жерден дүрбелең туғызды.

Олигархтар жапатармағай жер алып жатқан қала анықталды Фото: canva

Астана халықаралық форумында Alatau City – Қазақстанды инфрақұрылымдық трансформациялау жобаларының бастысы ретінде жарияланды.

Республиканың 90-шы қаласы Алматыдан 50 шақырым жерде салынады. Үкімет оны Орталық Азияның "Дубайына" және инвестиция, технология мен таланттардың тартылыс орталығына айналдырады.

Форум барысында "Ракурс Консалтинг Груп" пен "Eneverse KunKuat" ЖШС тең қожайыны Ораз Жандосов вице-премьер Қанат Бозымбаевқа бай-бағландарды мазалаған сауалды төтесінен қойды.

"Бұл қалаға инвестиция құйғымыз келсе, онда кімге жүгінуге тиіспіз? Мүмкін, сізге, вице-премьерге ме? Бәлкім, облыс әкіміне кіргеніміз дұрыс болар? Әлде қала әкімі шеше ме? Немесе менің ескі досым Юрий Цхай реттей ала ма? (сарапшылар олигарх Цхайды жаңа қаланың "бейресми қожайыны" деп атап жүргені белгілі, ол форум кезінде бірінші орында отырды). Біз сонда кімге баруымыз керек? Біз кімге ақша беруіміз керек? Біз жер алғымыз келеді!" – деп ашығын айтты Ораз Жандосов.

Ұлттық банктің экс-төрағасы және бұрынғы вице-премьер Жандосовтың түсіндіруінше, ол тең иесі болып табылатын компания елде жаңғыратын энергия көздерін өндіретін ірі компаниялардың бірі екен. Ол Алатауды жарықтандыру үшін 50 МВт-тық электр станциясын тұрғызуға ниетті.

Ақпарат құралдары дәл осы кезде Ораз Жандосовтың қасында отырған қазақстандық №41-ші бай, "Visor Kazakhstan" мажоритарлы қожайыны Айдан Кәрібжанов те бас шұлғып, Алатаудан жер телімін алуға ынта-ықыласы барын білдірген. Сондай-ақ Kaspi Group иесі Вячеслав Ким де жаңа шаһар жобасына қаржы салуға дайындығын хабарлады.

Бірақ қазіргі вице-премьер Бозымбаев жер алу үшін ақшаны кімге апару керектігін ашық жария етпеді. Оның орнына Алатауды қазірден игеріп жатқан, "ондағы барлық технологиялық негіздерді, сондай-ақ қаланы энергиямен, сумен жабдықтау бойынша схемаларды түзіп жатқан" компанияларға жүгініп, соларға қаржы салуды ұсынды.

"Жоқ, Үкіметтегі, аймақтағы жауапты тұлғаның аты-жөнін атаңыз!" – деді оның сөзін бөлген Жандосов.

Көңіліндегі ойды дөп басса керек, жиналған олигархтар ду күліп, дүр сілкіне қол соқты.

"Мен бірнеше минуттан кейін сізге қоңырау шалып, айтайын. Телефонымды залдың сыртына тастап кетіп едім", – деп әзілдеді Қанат Бозымбаев.

Ол Жандосовқа және Алатау жеріне қызыққан барлық басқа олигархтарға ұсыныстарын облыстық әкімдікке енгізуді ұсынды.

Астана экономикалық форумында айтылғандай, Alatau City жобасы цифрлық басқару, озық технологиялар және халықаралық құқықтық стандарттар негізіндегі жаңа қалалық модель болуға тиіс. Тиісінше, оның ерекше статусы болады, жеке заңы қабылданады.

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2025 жылғы жазда жаңа шаһардың аудандары мен шағын аудандарын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленеді. Бірінші қалалық ғимараттар мен құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалады.

Вице-премьер халықаралық капиталды тарту үшін Алатау ерекше құқықтық мәртебе алуға тиістігін нықтады. Мысалы, оның тартымдылығын арттыру үшін қала аумағында толығымен визасыз режим енгізу жоспарлануда. Яғни, Қазақстан аумағына визасыз кіре алмайтын мемлекеттердің азаматтары Алатауға еркін кіре алуы мүмкін. Мұндай "привилегия" Қазақстанның бірде-бір қаласында, тіпті Астана мен "Астана" халықаралық қаржы орталығында да жоқ.

"Бұл жай ғана арнайы экономикалық аймақ болмайды. Біздің пікірімізше, Алатаудың ерекше статусы болуға тиіс. Өйткені біз оған шетелдік инвестицияларды тартуымыз қажет. Алайда екінші жыл қатарынан Қазақстаннан тікелей шетелдік инвестициялар кетіп қалып жатыр. Сондықтан Алатау қаласын жаңа өсім нүктесіне айналдыру маңызды. Сонда ғана қазіргі күрделі ахуалды түзете аламыз", – деді Бозымбаев.

Оның дерегінше, биылғы күзге қарай жаңа шаһардың ерекше мәртебесінің концепциясы дайын болуы керек.

Премьер-министр орынбасарының мәліметінше, Алатау аумағында 36 ірі инвестжобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар жалпы саны 20 мың жұмыс орнын құрады. Әзірге 14-і ғана белсенді фазасына шықты.

Форумда сөз сөйлеген Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жаңа қаланы салуға бюджетте қаржы жетіспейтінін меңзеді. Сондықтан оған толығымен инвесторларды тарту қажет болады.

"Кезінде Астананы немесе Түркістанды салған сияқты, Алатаудың құрылысында да бюджетке сүйенуге болар еді. Бірақ біз басқа жолмен жүруіміз қажет: одан инвесторларға арналған қала жасаймыз! Инвестор тарту үшін теңдессіз заңгерлік және реттеушілік өріс қалыптастыру қажет. Қалаға ерекше мәртебе беріледі. Қаланың басты ресми іскерлік тілі – ағылшын тілі болуға тиіс", – деді министр Мәдиев.

Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, құрылғалы, яғни, 2024 жылы Алатауда мемлекеттік басқару органдары құрылды. Бас жоспары әзірленді. Арнайы экономикалық аймақ ашылуда. Қанат Бозымбаев та Алатауды салуға бюджетте ақша жоқтығын жасырып жатпады.

Оның айтуынша, басқа қалалардан басты әрі принципті айырмашылығы сол, Алатау – жеке инвестицияларға салынады. Сол себепті Үкімет тарихта теңдесі жоқ қадамға баруға дайын: ұлттық заңнамамен елімізде биткойнның еркін айналымына тыйым салынғанымен, Алатау қаласында криптовалюта негізгі ақша бірлігі ретінде ілгерілетілетін болады.

Биткойн және басқасы тіпті тендерлердің валютасына айналатыны айтылды. Шетелдіктерге жергілікті жылжымайтын мүлікті криптовалютаға және жекеменшікке сатып алуға рұқсат етілуі мүмкін. Мұның бәрі де инвестицияның жетіспеушілігінен туындаса керек. Министр Мәдиевтің сендіруінше, осы арқылы қаланың дамуына серпін беріледі.

Президенттің 2024 жылғы 9 қаңтардағы Жарлығымен Алматы облысында жаңа қала – Алатау құрылды. Оның құрамына Арна, Дәулет, Еңбек, Жетіген, Жаңа арна, Жаңаталап, Жаңадәуір, Заречный, Қоянқұс, Күйған, Қайрат және Ынтымақ сияқты 12 ауыл қосылды. Олардың бәрі енді жаңа Алатау қаласының "шағынаудандары" деп аталады.

Алайда қағаз жүзінде болғанымен, іс жүзінде толыққанды қала жоқ: әлі күнге оның басты құжаттары әзірленуде екен. Орнында сол бұрынғыдай тек атауы "Алатау" деп өзгертілген Жетіген ауылы тұр.

Ұлттық экономика министрлігі қаланың құжат жүзіндегі қазіргі жалпы ауданы – 88 мың гектарды, қала халқының саны – 52,2 мың адамды құрайтынын хабарлады.

97,9 мың гектар ауданда "Алатау" АЭА-сы құрылды. Жаңа қаланы жобалау және салу бойынша бас кеңесші ретінде сингапурлық Asia Infrastructure Solutions Singapore төрағасы Вонг Хэн Файн шақырылды.

Премьер-министрдің 2024 жылғы 3 қазандағы №163 өкімімен, Алатау қаласын жедел дамыту және дамуды ұйымдастырушылық, ақпараттық және талдамалық сүйемелдеу мақсатында "Жобалық офис" құрылды. Оны Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.

2024 жылы бойы Алатауда 7 жоба іске қосылған, 39,4 миллиард теңге ғана инвестиция тартылған. Бұл көп пе, аз ба? Салыстырсақ, Астанада жалпы құны 2,5 триллион теңгелік 130 инвестжоба қолға алынуда. Соның ішінде бидайды тереңдете өңдейтін бір ғана "Kazak Protein" зауытына 170 миллиард (!) теңге, немесе 4 есе көп инвестиция салынбақ. 

Алатау қаласының әкімі ретінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары, 41 жасар Әркен Өтенов тағайындалды. Әркен Хамитұлының айтуынша, қаланың 12 шағынауданының инфрақұрылымын өркендету үшін 13 "өсім нүктесі" анықталды. Олардың егжей-тегжейлі жоспары әзірленуде.

Қалыптасқан бюджет тапшылығы кесірінен жаңа шаһарды салуға қажетті миллиардтар орнына миллиондар ғана берілетін көрінеді. Еңбек және Жаңаарна шағынаудандарында 2 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Бірақ ФАП деген қаланың деңгейі емес. Сондай-ақ, Алатауда бір жайлы мектеп тұрғызылуда.

Қаражат табылып жатса, 280 орындық шағын Мәдениет үйін, 100 орындық спорт кешенін салу жоспарланған. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Әкімдік бірнеше шағынауданда медициналық мекемелердің құрылысын бастауға ниетті.

"Жетіген және Қоянқұс шағынаудандарында 250 орынға арналған емхана, ал, Жаңадәуірде – жаңа дәрігерлік амбулатория салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Егер оң сараптама қорытындысы алынса, жобалық және құрылыс жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылады", – дейді әкім.

Биыл Алатауда 10 инвестжобаны жүзеге асыру басталады деп күтілуде. Бірақ бұлардың көбі – жоспарлар ғана.
Алматы облысынан сайланған сенатор Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, жаңа қаланы құру үшін жаңа жол желілері салынуға тиіс. Инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымның қолданыстағысы модернизациялануы және жаңалары салынуы шарт. Жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялар мен технологияларды тарту қажет.

"Президенттің Алатау қаласын құру шешімі ішкі және халықаралық даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға тиіс. Себебі, басқасын айтпағанда, бұл аймақта халықаралық теміржол станциясы орналасқан. Алатау қаласы ойын-сауық және туризм орталығына, экспортқа бағдарланған сауда-логистикалық орталыққа айнала алады. Жақын жердегі Қапшағай көлі туризмді дамытуға қолайлы. Қалауын тапса, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін туристік қызметтердің тұтас кластерін дамытуға болады", – деді Жанболат Әкебайұлы.

Сенатор жаңа қала салу, оған қатысты жаңа бастамаларды іске асыру бюджеттен де мол қаржы бөлуді талап ететінін еске салды.

"Алайда бүгінде Алматы облысы бюджетінің мүмкіндіктері шектеулі! Мәселен, жалпы сипаттағы трансферттер аясында кірістердің орындалмауынан облыстық бюджетте 16,7 миллиард теңге кредиторлық берешек қалыптасқан. Бұл мәселе 2024 жылы шығындарды қысқарту есебінен төленді. Салдарынан, біршама жобаны іске асыру қаржысы келесі жылға ауыстырылды", – деді Жөргенбаев.

Сенатор қала салу жобасын тұйыққа тіреген тағы бір проблемаға назар аудартты. Мысалы, жаңа Алатау қаласының жүгі Алматы облысына жүктеле салды. Ал, Алматы облысы тұрғындарының саны (осы жылғы ақпанда 1 млн 562,4 мың адамнан асты) бойынша аймақтар арасында Түркістан облысынан кейін, 2-орында тұр.

Ал, 2025 жылға арналған бюджетте Алматы облысына 203,5 млрд теңге дотация-субвенция берілді. Бұл – республикадағы ең халқы аз өңірге берілген дотациядан (251 млнд 802 млн теңге) да төмен.

Бірақ Үкімет Алатау қаласының инфрақұрылымын дамытуға да, оны қанатының астына алған Алматы облысына да орталықтан беретін ақшаны көбейте алмайтынын білдірді. Премьер-министр депутаттарға жауабында жаңа қалаға өз күнін өзі көруге тура келетінін жасырмады.

"Алдағы уақытта республикалық деңгейде тек аса маңызды және жалпыұлттық маңызы бар жобаларды ғана қаржыландыру жоспарланып отыр. Ал, барлық базалық инфрақұрылым жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Жергілікті деңгейде базалық инфрақұрылымды қаржыландыру мәселесі де, олар бойынша өңірлер арасындағы қамтамасыз етудегі алшақтық та осы қағиданы ескеріп, шешілетін болады", – деп байламын айтты Олжас Бектенов.

Оның мәліметінше, 2025 жылы Алматы облысының әкімдігіне жалпы сомасы 79,2 миллиард теңге бөлу көзделген. Содан Алатау қаласына тигені – 560,3 миллион теңге ғана.

Премьер-министр ол миллиондар жаңа қаланы сумен және газбен жабдықтау жүйелерін салуды қарастыратын тек 2 жобаны жүзеге асыруға бағытталатынын нықтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу