Олигархтардың "әмиянына" айналған мембанк тосын өзгерістер жасауда

3299

Ол енді билікке жақын байлардың қулығына ермейді, олардың миллиардтаған арзан несие алу үшін мемлекеттік мүлікті кепілге қоюына жол бермейді.

Олигархтардың "әмиянына" айналған мембанк тосын өзгерістер жасауда

"Қаралы қаңтар" биліктің көзін ашты, ол көпшілік көптен айтып келе жатқан түйткілдердің барын мойындады, түзелетін түр танытуда. 11 қаңтарда Мәжілісте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан даму банкі (ҚДБ) "қаржылық-өнеркәсіптік және құрылыс топтарын ұсынатын тұлғалардың таңдаулы тобының жекеменшік банкіне айналып кеткенін" және олардың кім екенін аты-жөніне дейін білетінін айтқаны бар.

Қ.Тоқаевтың байламынша, биліктің биік кабинеттеріне еркін кіретін олар өз жобаларына жұртқа жоқ артықшылықтар алып алған. Бұған мемлекеттің мол ресурсы рәсуаланады. Сол мол қаражат шағын және орта бизнесті дамытуға жұмсалғанда, елге әлдеқайда көп пайда әкелетін еді. Сондықтан Президент Смайыловтың Үкіметіне ҚДБ қызметін қайта құруға тапсырма берген. Содан бері бақандай бес ай өтті. Екі ортада банктің басшылығы, командасы екі рет ауысты. 

Енді ғана "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқармасы осы мемлекеттік банктің қызметін реформалауға қатысты президенттік тапсырманы орындау үшін бірқатар шешім қабылдап отыр. "Бәйтерек" – "Қазақстанның даму банкі" АҚ-ның жалғыз акционері әрі уәкілетті органы болып табылады.

Холдингтің басқарма төраға Қанат Шарлапаевтың төрағалығымен өткен отырыста мемлекеттік даму банкінің кредиттік саясаты жөніндегі меморандумға, сондай-ақ банк пен оның еншілес ұйымы – "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ның кейбір нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер енгізілді. Әйтпесе, оның бәрі ескі ойын ережелерін көксейді, ескі Қазақстанға қызмет етеді.

Айта кету керек, өзгертіліп отырған "Кредиттік саясат жөніндегі меморандум" ҚДБ-ның қызметін реттейтін негізгі құжаттардың бірі. Оны түзету тиісінше, мембанктің несие беру саясатын өзгертеді.

Ең басты өзгеріске тоқталсақ. Бұған дейін ҚДБ арқылы ел қазынасынан миллиардтаған доллар аса арзан несие алған алпауыт компаниялар тіпті өзінің нақты қожайындарын ашып көрсетпейтін, артында қандай олигарх тұрғанын жасыратын. Басқаша айтқанда, мемлекет аста-төк ел қаржысын нақты кімге беріп отырғанын да білмейтін. Білгеннің өзінде қоғамнан құпия ұстайтын.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай қаржыландыруға өтінім беру кезінде өтініш иесі ҚДБ-ға "соңғы бенефициарларын қоса алғанда, заңды тұлғаның барлық иелері туралы ақпаратты жария етуге құқық береді".

Бұған дейін ҚДБ халыққа тек жоба бойынша жалпы мәліметті ғана ашты. Мемлекеттен мол қаржы алған компанияның қожайындары кім екенін тіпті журналистердің сұрауы бойынша да айтпайтын.

"Өйткені банк бұрын осыған заңды тұлғаның келісімін ала алмайтын. Салдарынан бұл шектеу банктік құпия туралы заң аясында банкпен шарт жасасқан немесе өтінім берген әлеуетті клиенттер туралы мәліметтерді ашуға мүмкіндік бермеді. Оның орнына жаңа норманы енгізу бізге қарыз алушылармен жұмыстың кез келген кезеңінде – өтінім қарауға келіп түскен сәттен бастап мақұлдауға немесе қаржыландырудан бас тартуға дейін ашық, жария болуға мүмкіндік береді", – дейді "Қазақстанның даму банкі" АҚ-ның басқарма төрағасы Руслан Ысқақов.

Айтқандай, Р.Ысқақов ұзақ жыл "Ресей Сбербанкінің" еліміздегі филиалының топ-менеджері болған. Мембанкті реформалауда не нәтиже шығаратыны әзірге белгісіз.

Жалпы алғанда, ҚДБ 2013 жылдан бері 238 инвестициялық жобаны қаржыландырған екен. Бұл мемлекетке 3,55 триллионнан астам теңгеге түскен. Оның ішінде 128 жоба іске қосылып, 32 мың жұмыс орны ғана құрылған.

Ең көп қаржы алған салалар – мұнай өңдеу (24,5%), металлургия (20%), тау кен өндірісі (15,2%), электр энергиясымен, газбен жабдықтау (13,1%), машина жасау (5,5%) салалары. Ал азық-түлік, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі және басқа да аса маңызды салалар шөміштен қағылған деуге болады. Оларға тиген енші тым мардымсыз.

Мемлекеттік банктің игілігін молынан көргендер келесілер: "Атырау мұнай өңдеу зауыты" АҚ-ына – 2 млрд 70,72 млн доллар (ставкасы 5%), "ПетроКазахстан Ойл Продактс" ЖШС-іне – 1 млрд 905,36 млн доллар (LIBOR + 3,5%), "Еуразиялық энергетикалық корпорацияға – 463,418 млн доллар (ставкасы 6,3%), "RG Processing" және "RG Gold" ЖШС-леріне – 424,9 млн доллар, "Караганда Энергоцентр" ЖШС-іне – 284,87 млн доллар. "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС-іне – 235,7 млрд теңге (7%), "Национальная Торгово-Распределительная Сеть" ЖШС-іне – 138,12 млрд теңге (13,68%), "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС мен "Қазақтелекомға" – 107,584 млрд теңге, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-ының терминалын салуға – 92,5 млрд теңге (7%), "Turkistan Silk Way Harbor" ЖШС-іне Түркістандағы "Керуен сарайды" салуға 87 млрд теңге, "Hyundai Trans Kazakhstan" ЖШС-іне – 65 млрд теңге (6%), "ҚазАзот" АҚ-ына – 60 млрд теңге (5%), "Қазақтелеком" АҚ-ына – 57,7 млрд теңге (7,22%), "Транстелеком" АҚ-ына – 32,03 млрд теңге (8%) және басқасы.

Дегенмен ҚДБ сайтында бұл компаниялардың шын қожайыны кім екені ашып айтылмаған.

Тағы бір тың бетбұрысқа мән берген жөн: "ҚДБ-ның қаржыландыруына тыйым салынған салалар тізіміне" өзгерістер енгізілді. Яғни, бұдан былай мембанк МЖӘ (мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) жобаларына ақша бермейді. Сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялар, соның ішінде дауыс беретін акцияларының немесе қатысу үлестерінің 50 және одан көп пайызы тікелей не жанама түрде Қазақстан республикасына тиесілі заңды тұлғалар да несие ала алмайды.

Бірақ кей жағдайда бұл ереже бұзылуы мүмкін екен. Банктің дерегінше, "егер өзге кредиторлардың қатысуымен, яғни халықаралық қаржы институттары қоса қаржыландырса немесе синдикатталған қаржыландыру көзделсе, ондай жобаларға қаржы қарастырылуы мүмкін". Сондай-ақ егер квазимемсектордың немесе МЖӘ-нің жобалары экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (ESG) қағидаттарына сәйкес келсе, оған қолдау болады. Себебі Қазақстан 2060 жылға дейін декарбонизациялану, яғни Жер-ананың қызуын көтерген көміртекті шығаруды азайту мақсатын қойып отыр.

Жалпы Қ.Тоқаевтың қатаң сынынан кейін ҚДБ олигархтардың әмиянына айналуын қоюға тиіс еді.

"Осыған орай ҚДБ енді жеке секторды дамытуға бар күш-жігерін шоғырландыратын болады. Біз мемлекеттік компаниялармен жұмысты әдейі шектеп жатырмыз. Өйткені олар біздің қатысуымызсыз-ақ, шетелден тікелей қаржы тарта алады. Тағы бір маңызды өзгеріс – жекеменшік компаниялар бұрынғыдай өз міндеттемелері бойынша мемлекеттік мүлікті кепілге қойса, ол қабылданбайды", – дейді "Қазақстанның даму банкінің" басшысы Руслан Ысқақов.

Сонымен қатар жобаларды іріктеу кезінде өтініш берушілерге жаңа талап қойылады. Олар өз жобаларын жүзеге асыруға қажетті өнімдерді, қызметтерді, жұмыстарды сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын қоса ұсынуға міндетті. Олай болмаған соң, біріншіден, жоба құны қолдан қымбаттатылады, мол қаржының нақты неге жұмсалғаны түсініксіз болады. Екіншіден, мемлекеттік қаражатқа барлық өнім мен қызмет негізінен, шетелден сатып алынуы мүмкін. Соның кесірінен, "әр индустриялық, өнеркәсіптік жоба экономикамыздың өзге, жапсарлас салаларының дамуына мультипликативті әсерін тигізеді" дегені бос сөз болып қалады.

Бұған қоса, жалғыз акционер даму банкінің еншілес ұйымы – "Өнеркәсіпті дамыту қорының" жарғысына өзгерістерді мақұлдады. Нәтижесінде, қордың атқаратын қызмет-функциялары айтарлықтай кеңейтілді. Еске сала кетсек, қор бұрындары негізінен лизингтік операциялармен айналысумен шектелген. Оның ендігі мақсаты – өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарына қаржылық қолдау көрсету және оларды өсімге ынталандыру болмақ. Бұдан бөлек, қор Қазақстан экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға жәрдемдесуі шарт. Яғни, тек бюджетке қол жайып, мемлекетке масыл болып отырмауы керек. Осының арқасында қор қазақстандық кәсіпорындарға қаржылық құралдардың қазіргіден де ауқымды спектрін, соның ішінде тікелей кредиттеуді ұсына бастайтын болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу