Мемлекеттер бұл жабық нарықты барынша ашық әрі жария етуге ұмтылып, қатаң реттеп, заңнамалық тыйымдар енгізуде және ритуалды қызметтерді цифрлық форматқа көшіруде, деп жазды inbusiness.kz.
Қазақстанда кремациялауға Үкіметтің келісімін алу қажет
Қазақстанда мәйітті өртеу рәсімі цифрлық форматқа көшірілді: енді бұл келісімді eGov порталы арқылы рәсімдеуге болады. "Қазақстан Республикасының цифрлық үкіметі" порталында мүрдесін жағуға қатысты адамның тірі кезіндегі ерік-жігерін тіркеу қызметі іске қосылды.
Қазақстан азаматтарында және республика аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерде өздерін өлгеннен кейін "отпен жерлеу" туралы тірісіндегі шешімін алдын ала бекітуіне, қажет деп тапса, оның күшін жойып, кері қайтарып алуына мүмкіндігі болды.
Бұл шешімді рәсімдеу алгоритмі біршама қарапайым:
- eGov порталынан авторизациядан өту;
- "Кремация жасауға қатысты өмірлік ерік білдіруді тіркеу" қызметін таңдау (қызмет коды: P718);
- "Онлайн сұратым" батырмасын басу;
- Барлық міндетті өрістерді толтыру;
- Өтінімге ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе смс-паролдің көмегімен қол қою (оны алу үшін ұялы телефон міндетті түрде мобильдік азаматтар базасында тіркеуде тұруы керек);
Сұрау салуды өңдеу қорытындысы жеке кабинетке ("Қызметтерді алу тарихы" бөліміне) келіп түседі. Сервис техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы жұмыс істейді. Қызметті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі көрсетеді.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, күту уақыты 15 минутты құрайды. Мемлекеттік қызметтің өзі тегін көрсетіледі. eGov арқылы ерік-жігерді тіркеуге де, кейіннен келісімді кері қайтарып алуға да болады.
Ережеге сәйкес, мұндай құжаттың болуы адам қайтыс болған соң кремация жасаудың міндетті шартына айналады. Алматылық крематорий электронды Үкімет арқылы бекітілген келісімнің болмауы рәсімді өткізуден бас тартуға негіз болатынын ескертті.
Orda.kz дерегінше, кремацияның өзі 240 мың теңге тұрады. Бұл сомаға мүрдені дайындау, тасымалдау, күл салынатын құты-урна және рәсімді сүйемелдеу кірмейді. Мәйітті крематорийге дейін апаруға арналған табыт 30 мыңнан, күлге арналған ваза 30 мың теңгеден басталады.
Дегенмен, марқұмның өзін кейін өртеу туралы еркі кремациялау рәсімінің автоматты түрде орындалатынына кепілдік бермейді. Өйткені жағу шығындарын оның өзі емес, туыстары көтереді. Егер жақындары қарсы шығып, қызмет ақысын төлеуден бас тартса, марқұмның еркі орындалмай қалуы мүмкін. Бұл ретте не істелетіні, іс-әрекеттің нақты регламенті eGov-та көрсетілмеген.
Өз кезегінде крематорий өкілдері порталдағы келісім құжаты туыстарының пікірінен жоғары тұратынын нықтады. Сондықтан сарапшылар өлгеннен кейін өзін кремациялауды қалайтын адамдарға бұл шешімін алдын ала нотариалды рәсімдеп, бұл еркін орындайтын тұлғаны нақты тағайындауға кеңес береді.
Алматыдағы крематорийді салуға пандемиядан кейін, 2021 жылы 1,5 млрд теңге шығындалды. Бірақ нысан мемлекеттің меншігіне, яғни, қаланың балансына тек 2025 жылы ғана берілді.
Ресми ашылуы биылғы сәуірдің соңында өтті. Тұрғындардан өтініш қабылдауға мамыр айында кірісті. Кешенде екі кремация пеші орнатылған, деп хабарлады azattyqasia.org. Ең жоғары жүктеме кезінде бір пеш тәулігіне сегізге жуық мүрдені өртей алады.
Кремация рәсімі шамамен екі сағатқа созылады: пеш алдын ала 1000 °C-қа дейін қыздырылады. Мәйіт жанып кеткеннен кейін күлі жиналып, арнайы капсулаға салынады. Бүгінде бұл Орталық Азиядағы жалғыз жұмыс істеп тұрған крематорий болып табылады.
Қырғызстанда мәйітті өртеуге тыйым салынды
Көршілес қырғыз елінің билігі мүлде басқа ұстанымды таңдады. Алатаудың ар жағындағы ағайындар қайтыс болғандарды кремациялауға және күл салынған урналарды жерлеуге заң жүзінде тыйым салынды.
Президент Садыр Жапаров "Маркумду узатуу жана сөөгүн жайга коюу иши жөнүндө" Кыргыз Республикасынын мыйзамына өзгөртүүлөрдү киргизүү тууралуу" заңға қол қойды. Мемлекет басшысы аппаратының ақпараттык саясат бөлімі бұл заңды Жогорку Кеңеш биылғы жылдың 25 маусымында қабылдағанын еске салды. Құжат 15 тамызда күшіне енеді.
Заң мыналарды қарастырады:
- Кремация жасауға, яғни, қайтыс болған адамның денесін отқа беруге мүмкіндік беріп келген қолданыстағы нормаларды алып тастау;
- Қайтыс болған адамның күлі бар урнаны жер қойнына тапсыруға немесе қазып алып, қайта жерлеуге рұқсат беретін нормаларды жою.
Бұдан басқа, медициналық қызмет, мысалы, операция нәтижесінде түзілетін адам ағзалары мен тіндерін санитарлық термиялық жоюдан басқа, қайтыс болған адамдардың денелерін, түсік тасталған немесе өлі туылған адам ұрықтарын өртеу үшін крематорийлерді пайдалануға тыйым салынды.
Осылайша, Қырғызстанда 2040 жылдың 1 қаңтарына дейін мәйіт өртеуге мораторий енгізілді. Билік осы кезең ішінде заңнамадағы олқылықтарды жою және болашақта кремацияны енгізудің кешенді тәсілін әзірлеу қажет екенін мәлімдеді.
Шектеулердің бастамашысы Министрлер кабинеті болды, ол бұл шешімді қажетті инфрақұрылымның, қаржыландырудың және крематорийлердің жұмысына қойылатын нақты талаптардың жоқтығымен түсіндірді. Экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-мәдени мәселелер де реттелмеген күйінде қалған.
Крематорийлерді салуға рұқсат берген заңға президент Садыр Жапаров 2024 жылдың ақпан айында-ақ қол қойған еді. Сол кезде Парламент депутаты Марлен Маматалиев мұндай нысандарды мемлекет есебінен салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген.
2025 жылдың күзінде шенеуніктер крематорийлердің жұмыс істеу ережелерінің жобасын дайындады, алайда құрылыс жұмыстары сол бойы басталмады. 2026 жылдың наурыз айында жергілікті өзін-өзі басқару істері жөніндегі мемлекеттік агенттік "республикада крематорийлердің жоқ" екенін ресми түрде растады.
Бұл ретте адамдардың мүрделерін жағуға арналған крематорийлерді Қырғызстандағы биологиялық қалдықтарды жағуға арналған қондырғыларды шатастырмау маңызды. Мысалы, 2026 жылдың қаңтарында Ыстықкөл облысында биологиялық қалдықтарды жою үшін 6 арнайы крематор сатып алынды.
Ресейде электронды Үкімет арқылы зиратта орын сатылады
РФ-та 2026 жылдың 1 желтоқсанына қарай 21 өңірде "Госуслуги" порталында жерлеу орындарын іздеу және сатып бойынша жаңа IT-сервистер іске қосылады, деп жазды "Коммерсантъ" газеті.
Бұл цифрлық трансформацияның ведомстволық паспорты аясында жүзеге асырылуда. Жоба 15 мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсету үшін 14 мың зират туралы деректерді Ұлттық кеңістіктік деректер жүйесіне жүктеуді қарастырады.
Cnews.ru мәліметінше, Ресейде қазірдің өзінде 73 мыңнан астам зират пен 33 крематорий бар. Соғыс пен дағдарыс салдарынан олардың саны тоқтаусыз өсуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ритуалдық қызметтер саласында тіркелген жаңа компаниялардың саны 22,5%-ға күрт көбейіп, жалпы саны 995-ке жетті.
Нарықтың өсуі аясында бұл процестерді ашығырақ етуге талап жасалуда. Ресей Цифрлық даму министрлігі "Зираттарды басқару" шешімі бүгінде алты өңірде жұмыс істеп тұрғанын, тағы 15 өңірде енгізу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатқанын жариялады.
Сарапшылар бұл жаңашылдықты қолдайды. Ресейдің крематорийлер қауымдастығының президенті Алексей Сулоев бірыңғай тізілімдер мен цифрлық бағыт азаматтардың инстанцияларға бару санын қысқартады, шешімдердің қадағалануын қамтамасыз етеді, "көлеңкелі агенттердің" қимылын шектеп, жерлеу учаскелерін бейресми сату арналарын жабады, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады деп есептейді.
"Бірыңғай деректер базасы – бұл көлеңкелі бизнеске соққы. Зираттар, учаскелер мен рұқсаттар туралы барлық ақпарат бір жерге жиналған кезде, махинацияларды жасыру күрделі болады. Ашық жүйе адал емес пысықайлардың қолын қағады: молаларды заңсыз сату, қажетсіз делдалдарды таңу және қайтыс болған адамдар туралы ақпараттың "көлеңкелі агенттерге" лезде тарап кетуі сияқты сорақылықтар жойылуға тиіс. Цифрлық тізілімдердегі тәртіп ритуалдық қызметтер нарығында тәртіп орнатады және жемқорлардың дағдылы айла-шарларын түбегейлі жояды", – деп жорамалдады Сулоев.
Дегенмен, сарапшылар бұл ІТ-сервисті пилоттық режимде қолдану кезінде қаптаған жүйелі ақаулар табылғанына да назар аудартады. Мысалы, жүйенің мемлекеттік тізілімдермен бірізді интеграцияланбауы кесірінен оған өзге ақпараттық жүйелерден деректер жүктелмейді.
Нақты жерлеу орны туралы мәліметтер жеткіліксіз, ресейліктердің молалардың интерактивті картасынан учаске таңдау мүмкіндігі жоқ. Қайта жерлеу кезінде қағаз құжат айналымы сол бұрынғыдай сақталған. Сондай-ақ муниципалитеттерде бұл іске қаржы да, кадр да тапшылығы. Негізгі практикалық жұмысты атқару дәл соларға жүктелгендіктен, бұл проблема істің ілгерілеуіне қолбайлау болып жатқан көрінеді.
Ендеше ТМД елдеріндегі жерлеу ісіне қатысты барлық цифрлық жаңашылдықтардың және тыйым-шектеулердің қаншалықты пәрменді болары бірінші кезекте технологияларға емес, шенеуніктердің және жерлеу саласы өкілдерінің еркіне келіп тіреледі. Егер өңірлер мен нарық ойыншылары адал, заңды түрде және бірыңғай қағидалар бойынша жұмыс істегісі келмесе, кез келген сервис пен заң тек әділ ниет болып қалары даусыз.