banner

Олимп тұғырына шыққан қазақ қыздары

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3656

Қазақтың қайсар қыздары Олимпиада ойындарынан әзірше 4 медаль еншіледі.

Олимп тұғырына шыққан қазақ қыздары

Спортта жеңіс атаулысының ең биік шыңы – Олимпиада ойындарында чемпионы болу. Жүлдеге ілігу де – үлкен бақыт. Сондықтан төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаларда жүлдеге іліккен қыз-келіншектерімізді дәл осы 8 наурыз мейрамында бөле-жара атап өтуді жөн көріп отырмыз.

Өздеріңіз де білесіздер, 2016 жылға дейін Олимпиада чемпионы, тіпті жүлдегері болған қазақ қызы болған жоқ. Сонау Кеңестік дәуірден бастап, осы бір тарихи жетістікті сарсыла күттік. Ал егемендігімізге қол жеткізгелі мүлдем мазамыз кетті. Әрбір Олимпиада сайын елеңдеп отырдық...

Содан 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиадада ақ түйенің қарны жарылды, Бір емес, бірден үш қызымыз жүлдеге ілікті. Әуелі ауыратлет Жазира Жаппарқұл 69 келі салмақ дәрежесінде екінші орынға ие болып, күміс медаль жеңіп алды.

Іле-шала екі қызымыз қола медаль олжалады. Атап айтқанда, әйелдер арасындағы еркін күрестен Эльмира Сыздықова 69 келі салмақ дәрежесінде, ал бокстан Дариға Шәкімова 75 келі салмақта үшінші орынға ие болды. Екеуі де Рио Олимпиадасының қола жүлдегерлері атанды...

2018 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында Динара Әлімбекова жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сөйтіп, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды! Бірақ ол Қазақ елінің емес, нағашы жұртының намысын қорғаған болатын.

Нақтырақ айтқанда, Динара Талғатқызы биатлоннан әйелдер арасындағы эстафета жарысында Беларусь құрамасы сапында бақ сынаған болатын. Надежда Скардино, Ирина Кривко, Динара Әлімбекова және әйгілі Дарья Домрачева Пеңшаң Олимпиадасында бірінші орынға ие болған еді.

Айтпақшы, 2012 жылы Лондон Олимпиадасындағы ұзаққа созылған допинг дауынан кейін ауратлетеріміз төрт алтыннан айырылып, бір қола жүлде "олжалаған". Әйелдер арасындағы 69 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Анна Нұрмұхамбетова қоссайыс қорытындысында 5-орын алса да, кейіннен қола медаль бұйырды. Өзінен жоғары орналасқан Беларусьтің екі қызы допингпен ұсталып, олардың көрсеткіштері жоққа шығарылды...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу