Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы хоккей турнирінің жартылай финалға шыққан командалары белгілі болды. Ширек финалдық кезең аяқталған соң қатысушыларға қайта іріктеу жүргізілді. Ережеге сәйкес, ең жоғары рейтингке ие команда жартылай финалға өткен ең төмен рейтингтегі қарсыласымен кездесті, ал қалған екі құрама өзара жұптастырылды.
Жартылай финалда Канада құрамасы Финляндия командасымен кездеседі. Ал АҚШ хоккейшілері Словакия құрамасымен ойнайды.
Ерлер хоккей турнирі 11–22 ақпан аралығында өтуде. Соңғы 12 жылдан бері алғаш рет жарысқа Ұлттық хоккей лигасы (NHL) ойыншылары қатысып жатыр.
Қазіргі Олимпиада чемпионы – Финляндия. Олар 2022 жылғы финалда Ресейді 2:1 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленген еді.
Ал канадалықтар – Олимпиада ойындарының тоғыз дүркін чемпиондары. Соңғы рет олар 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиадада топ жарған. Сондықтан "үйеңкі жапырақтылар" құрамасы алтын медальдан басты үміткер саналады.
Жартылай финалдық ойындар 20 ақпанда өтеді. Үшінші орын үшін матч 21 ақпанда, ал финал 22 ақпанда ұйымдастырылады.