AIBA-ның Техникалық комиссиясының басшысы Пэт Фиако өзінің баяндамасында 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына енетін салмақ дәрежелерін атап шығыпты. Бұл ақпараты Ресей бокс федерациясының ресми сайты жариялады.
Атап айтқанда, ерлер арасында салмақ дәрежелері қысқартылып, сегізі қалған – 52 келі, 57 келі, 63 келі, 69 келі, 75 келі, 81 келі, 91 келі және + 91 келі. Олимпиада ойындарына барлығы 214 боксшы қатысады екен.
Ал әйелдер арасындағы салмақ дәрежелері артқан. Енді бұрымдылар бес салмақта бақ сынайды – 51 келі, 57 келі, 60 келі, 69 келі және 75 келі. Токиоға барлығы 72 боксшы қыз барады екен.
Сонымен қатар, Олимпиада ойындарына қатысқылары келетін кәсіпқой боксшыларға да шектеу қойылған. Енді кәсіпқой бокс рингінде 15 жекпе-жектен артық өткізбегендер ғана Токиоға іріктеле алады екен.
Тіпті WSB жобасындағы салмақ дәрежелері де өзгеретін болыпты (жеңіл салмақтар – 52 келі, 57 келі, 63 келі, 69 келі және ауыр салмақтар – 75 келі, 81 келі, 91 келі, + 91 келі). WSB-ның ІХ және Х маусымдарындағы жекелей рейтингтер бойынша Олимпиада жолдамалары бөлінетін көрінеді. Жалпы саны 32 жолдама сарапқа салынатын болып шешіліпті.
Маруан Түсіп