Онда Қазақстандағы қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортшыларды даярлау жүйесі кешенді әрі көпдеңгейлі мемлекеттік қолдау тетігі қалыптасқаны айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Олимпиадаға дайындық кезеңінде бірнеше мемлекеттік органды қамтитын кешенді жұмыс жоспары әзірленген. Қаржыландыру оқу-жаттығу жиындарын ел ішінде және шетелде өткізуге, халықаралық жарыстарға қатысуға, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және ғылыми сүйемелдеуге, спорттық киім-кешекпен қамтамасыз етуге, жарыс бағдарламаларын әзірлеуге, психологиялық дайындық пен жаттығу үдерісін ұйымдастыруға бағытталады. Бұл шаралар отандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарға толыққанды қатысып, жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік береді, – деп жазды Туризм жəне спорт министрлігі.
Милан және Кортина қалаларында өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 10 дисциплина бойынша бақ сынаған. Олимпиадалық цикл барысында ұлттық құрамалар 612 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 434 халықаралық жарысқа қатысқаны белгілі болды. Дайындық сапасын арттыру үшін әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік маман тартылып, заманауи әдістемелер енгізілді.
– Мемлекеттік қолдаудың нақты мысалы ретінде отандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров даярлығы аталады. Олимпиадалық цикл аясында жоғары дәрежелі спортшыны қолдаудың барлық тетігі толық көлемде іске асырылған.
2025 жылы спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған жалпы қаржы көлемі 263 394 581 теңгені құрады. Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына, соның ішінде 8-і Қазақстанда және 11-і шетелде өткен жиындарға 47 млн теңге, ал 5 халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бөлінді, – делінген ақпаратта.
Ресми дерекке сай, 2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы ҚР Туризм және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитеті, федерация және әкімдік желісі бойынша 33 989 000 теңгені құрады. Жеке бапкері Алексей Урманов 2025 жылы 26 млн теңгеден астам еңбекақы алған. Хореограф И.В.Регинаның еңбекақысы 23 млн теңге болған.
Сонымен қатар, жарыс бағдарламаларын қою, екі костюм тіктіру және музыкалық шығармаларға авторлық құқықтарды сатып алу шығындары қаржыландырылды. Бұған дейін спортшы әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижелері үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы сыйақы алса, жаттықтырушылар штабына қосымша 1 506 040 теңге төленген.
Осылайша, көшбасшы спортшыларды даярлау моделі оқу-жаттығу процесінен бастап ғылыми-медициналық қамтамасыз ету мен материалдық қолдауға дейінгі кешенді қағидатқа негізделген.