Олимпиада жаршысы: Үшінші жарыс күні сайысқа түсетін қазақстандық спортшылардың кестесі

2473

Екі күн қатарынан қола алдық. Бүгін қандай медаль бұйырар екен?

Олимпиада жаршысы: Үшінші жарыс күні сайысқа түсетін қазақстандық спортшылардың кестесі

Садақ атудан Қазақстанды фаворит санауға да болар еді. Біз ықылымнан бері құралайды көзге атқан мергендердің еліміз ғой. Бірақ, Олимпиада ойындарына келген кезде бұл сайыстан медаль алып көрмеппіз. Стенд ату жарысында екі қызымыз жарыс жолына шығады. Медаль күту әбестік болар, сондықтан да спортшыларымызға ғаламат сәттілік қажет.

Теннисші қыздарымыз күннің ыстығына шыдай алмай, жүректері айнып, бастары айналып жарыстан келісіп алғандай бірауыздан бас тартып жатыр. Зарина Диас, Юлия Путинцева, артынша Ярослава Шведовалар алғашқы айналымнан-ақ жарыстан шықты. Ендігі кезек Елена Рыбакинаға келді. Алғашқы қарсыласын оңай жеңген Елена бұл қарсыласты да шемішкеше шаға салатын шығар. Әлемнің 20 ракеткасы болып жүрген Лена Ребекка Петерсеннен айласын асыра алады.

Үшінші жарыс күні әдеттегідей дзюдоға көңіл аударамыз. "Қола шыққан жерді белден" қазатын тұс осы шығар. Жансай Смағұлов 73 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, татамидегі бағын сынайды. Қазақстандық көрермендерге осы тұста тақым қысып, жанкүйерлік ету қажет.

Дзюдодан кейін әдеттегідей боксты тамашалаймыз. Мұнда 52 келі салмақ дәрежесінде Сәкен Бибосынов өнер көрсетеді. Шаршы алаңдағы қарсыласы – Янкьель Ривера. 23 жасар жас боксшы 2019 жылы PAN American ойындарында қола жүлде алғаны болмаса Әлем біріншілігінде небәрі 17-орын алған. Демек, Сәкен бұл қарсыласын жеңіп өтуі тиіс. Олимпиада ойындарында 48 келі салмақ дәрежесі алынғалы бері жеңіл салмақтағы былғары қолғап шеберлерінің барлығы осы санатқа ауысып алған. Сондықтан да 52 келіде бәсекелес өте көп.

Жарыс күнін ауыр атлет Зульфия Чиншанло қорытындылайды. Лондон олимпиадасында 2 рекорд жасап, алтын медаль алған спортшымыз кейіннен сол атақтың бәрінен айырылды. Допинг дауына ұшырап 2016 жылы Рио Олимпиадасына да бара алмады. Шынын айтқанда бұл жолы Зульфия фавориттер қатарында жоқ. Тек тәжірибиесіне сеніп, зілтемірдің салмағын қарсыластарына қарағанда дұрыстап есептесе, бәлкім қола жүлде алуы да мүмкін. Бірақ, мамандардың сенімі өте аз болып тұр.

Олимпиада ойындарында жарыс жолына шығатын (26 шілде) қазақстандық спортшылардың кестесі:

06:00 Стенд ату. Скит. Әйелдер. Әсем Орынбай, Зоя Кравченко

06:30. Садақ ату. Ерлер. Командалық сайыс. Қазақстан — Үндістан

08:00 Дзюдо. Ерлер. 73 келі. Жансай Смағұлов — Фердинанд Карапетян (Армения)

08:00 Теннис. Әйелдер. Жекелей сайыс. Елена Рыбакина — Ребекка Петерсон (Швеция)

11:00 Каноэ. Ерлер. Александр Куликов

11:30 Үстел теннисі. Кирилл Герасименко — Тимо Болль (Германия)

15:03 Бокс. Ерлер. 52 келі. Сәкен Бибосынов — Янкьель Ривера Фигероа (Пуэрто-Рико)

16:50. Ауыр атлетика. Әйелдер. 55 келі. Зульфия Чиншанло

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу