Олимпиада жаршысы: Зәкір Сафиуллин алғашқы қарсыласын еш қиындықсыз жеңді

2227

63 келіге дейінгі салмақта Зәкір Сафиуллин алғашқы кездесуінде перулік Леодан Пезоны жеңді.

Олимпиада жаршысы: Зәкір Сафиуллин алғашқы қарсыласын еш қиындықсыз жеңді

Зәкір үшін бұл оның Олимпиада ойындарындағы дебюті болды. Қараша айында ол 35 жасқа толады. Сафиуллиннің 1/8 финалдағы қарсыласы Дайсуке Нариматсу (Жапония) - Фистон Мулумба (Конго ДР) арасында өтетін кездесудің жеңімпазы болады. Африкалық боксшы туралы ешбір ақпарат болмағанымен, оның қарсыласы Нариматсу 2016 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқаны және 2015-жылғы Азия чемпионатының Сафиуллиннен ұтылып, қола жүлдегер атанғаны белгілі. Жапониялық былғары қолғап шебері 2017 Азия ойындарында да сол нәтижені көрсеткені есімізде.

Ал теннисшілерімізге келер болсақ, тағы бір спортшымыз ойнаудан бас тартты. Бұл жолы - Ярослава Шведова. Аустралиялық Айла Томляновичтен 5:7, 2:3 есебімен жеңіліп тұрып, қазақстандық теннисші ойынды жалғастырудан бас тартты. Бұған дейін Зарина Дияс пен Юлия Путинцевада да дәл осылай теке тіресті жалғастырудан бас тартты.

Дина Назарова 100 метрлік қашықтықта шалқалай жүзудің іріктеу кезеңінде өз тобындағы сегіз спортшыдан соңғы орын алып, Олимпиадамен қош айтысты. Бұл тәжірибе 21 жастағы жас спортшыға болашақта көмектеседі деп сенеміз. Жалпы хаттамада 43 спортшының ішінен Назарова 40-нәтиже көрсетті. Оның үстіне екі спортшы жарыс жолына шыққан жоқ.

Олимпиада ойындарында әйелдер арасында слаломды ескек есу бойынша екінші сайысы аяқталды. Қазақстандық Екатерина Смирнова 135.25 көрсеткішімен 23-ші сатыға жайғасты. Ал екі мүмкіндік қорытындысы бойынша Смирнова 25-ші нәтиже көрсетіп, жартылай финалға өте алмады. Екінші мүмкіндікте Аустралия өкілі Джессика Фокс (98.46) үздік нәтиже көрсетті. Айта кетейік, екі сайыстың қорытындысы бойынша 24 үздік спортшы жартылай финалға жолдама алды. Ал 25-ші нәтиже көрсеткен Смирнова жартылай финалға шыға алмады.

Тағы бір қазақстандық спортшы Юрий Юрков 10 метрге пневматикалық қарудан атудан ерлер арасында іріктеуден өте алмады. Юрков 36-шы нәтиже көрсетті. Ал финалға тек сегіз спортшы ғана жолдама алды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу