Олимпиадаға алты жолдама

2753

8-наурыз күні қазақстандық боксшылар Аммандағы іріктеуде Токиода өтетін Олимпиадаға алты жолдама жеңіп алды және тағы үш жолдама бүгін сарапқа салынуда.

Олимпиадаға алты жолдама

Аммандағы іріктеу ойындарында бокстан ерелер арасында сегіз салмақ дәрежесі бойынша жалпы саны 63 жолдама, ал әйелдер арасында  бес санатта, барлығы 22 жолдама ойнатылуда. Токиода өтетін Олимпиадаға қатысу үшін боксшыларға жартылай финалға шықса болғаны. Қазақстандық былғары қолғап шеберлерінен сынға түскен жеті спортшының алтауы өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді.

Сонымен, 69 келі салмақта сынға түскен Әлем чемпоинатының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов турнирдің ¼ финалында тайландтық Вуттичай Масуканы 5:0 есебімен ұтты. Ал, жеңімпаз жартылай финалда енді Индия боксшысы Викаш Киршанмен жұдырықтасады. "Олимпиадаға жолдама жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Бірақ, босаңсуға болмайды. Әлі алда екі кездесу бар, - деді жеңіске жеткен отандасымыз. – Бапкерлер мен қазақстандықтардың үмітін ақтағаным үшін қуаныштымын. Токиоға жолдама қолымызда. Енді қарсыластарымыздың қандай екенін бақылап, дайындалу керек. Біз мұнда ең алдымен жолдама алу үшін келдік. Ал, чемпион болам деген мақсат екінші орынға жылжыды. Егер осы іріктеуде жеңіске жетіп жатсақ рейтингіміз көтеріледі. Барымызды салуға тырысамыз, - деп қоса кетті Жүсіпов.  

Қазақстандық спортшылардан 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Бекзат Нұрдаулетов Тәжікстан спортшысы Шаббос Негматуллоевты жеңіп, екінші жолдамаға ие болды. Енді Бекзаттың келесі қарсыласы Иордания өкілі Одай Рияд Адел Алхиндави. "Бұл менің бала күнгі арманым болатын. Міне, бүгін сол арманыма жеттім. Мен Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алдым. Енді дайындалу қажет",- деді Нұрдаулетов.

Үшінші жолдаманы 2016-жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит жеңіп алды. Ол 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, тәжікстандық Давлат Болтаевты жеңді. Жартылай финалда Левит Ато Леау Плодзицки-Фаоагали және Хуссеин Еишаиша  жұбының жеңімпазымен шаршы алаңда кездеседі.

Тағы бір жолдамаға 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен бокстан Әлемнің вице-чемпионы Әбілхан Аманқұл ие болды. Ол Өзбекстан спортшысы Фанат Кахрамановты ұтты. Ал, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, 91 келіден жоғары салмақта жұдырықтасқан Қамшыбек Қонқабаев қытайлық Маимаити Аихемаитиді жеңіп, тағы бір жолдаманы ел қоржынына салды.

Сондай-ақ, 75 келіге дейінгі салмақта таласқа түскен қазақстандық Надежда Рябец Вьетнам өкілі Ти Хуон Нгуйенді жеңді. Нәтижесінде, әзірге құрамамыздың қоржынында барлығы алты жолдама бар.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу