Олимпиадаға жеті жолдама жеңіп алды

2105

Халықаралық велесебедшілер одағы (UCI) трек велоспортынан Токиода өтетін Олимпиада ойындарына қатысу үшін қазақстандық шабандоздардың жеңіп алған лицензиялар санын ресми түрде растады.

Олимпиадаға жеті жолдама жеңіп алды

Трек велоспортынан Берлинде өткен Әлем чемпионатында біздің спортшыларымыз үш жолдама жеңіп алған. Темптік дисциплина бойынша 2016-жылы өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы Артем Захаров омниум сайысынан қажетті ұпай жинап, жолдамалардың бірін ұтты.

Сонымен қатар, биылғы жылы Қазақстан тарихта алғаш рет Олимпиада ойындарында жекелей спринт пен кейриннен бақ сынайды. Қазақстандық Сергей Пономарев Әлем чемпионатының финалында кейриннен тамаша өнер көрсетіп, ел қоржынын тағы бір жолдамамен толықтырған болатын.

"Біз бұған дейін тас жолдағы велоспорттан Олимпиада ойындарына төрт жолдама жеңіп алған едік, - деді Қазақстан велоспорт федерацисының президенті Нұрлан Смағұлов. – Тас жолдағы велоспорттан үш шабандозымыз топтық, ал сол үшеуінің бірі жекелей уақытқа арналған жарысқа қатыса алады. Одан бөлек, алғаш рет Олимпиадаға қазақстандық спринтерлер қатысатын болды. Бұл өте керемет жетістік және еліміздегі велоспорттың қарқынды дамып жатқанының дәлелі.

Мен Берилинге спортшыларымызға қолдау көрсетіп, сонымен қатар UCI президенті Давид Лаппартьенмен және бірқатар іскерлік кездесулер өткізу үшін бардым. UCI-дың Қазақстандағы велоспорттың дамуын жоғары бағалап отырғаны бізді қуантады. Мен Нұр-Сұлтан қаласындағы "Сарыарқа" велотрегінде World Cycling Satellite бағдарламасы аясында велоспортты дамыту мен қолдауға бағытталған UCI-дың жоғары технологиялық орталықтарының бірін құру идеясын ұсындым. Өйткені мұндай орталықтардың бізге ең жақын орналасқандары тек Үндістан мен Оңтүстік Кореяда ғана. Сондай-ақ, елімізде трек пен ВМХ бойынша халықаралық жарыстарды өткізу жайын талқыладық"  - деді Н.Смағұлов.

Осылайша, велоспорттан Ұлттық құрамамыздың еншісінде Токио Олимпиадасына жеті жолдама бар. Енді спортшыларымыз басты додаға жақсы дайындықпен бару үшін алдағы уақытта бірқатар оқу-жаттығу жиындарын өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу