Париж Олимпиадасының кезекті жарыс күнінде грек-рим күресінен 77 келі салмақтағы финалдық белдесуде Демеу Жадыраев жапониялық Нао Кусакаға жеңілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
34 жастағы Демеу Жадыраев финалға дейін колумбиялық Хаир Куэроны, қырғызстандық Ақжол Махмудовты (2022, 2023 жылғы Әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері), жартылай финалда әзербайжандық Санан Сулейменовті (2021, 2023 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері) жеңген.
Осылайша, Жадыраев Олимпиада ойындарында күміс жүлде алған екінші қазақстандық балуан атанды.
Нұрбақыт Теңізбаев 2008 жылы Пекин Олимпиадасының күміс жүлдесін еншілеген болатын. Теңізбаев Пекинде негізі қола алған, бірақ қарсыласының бірі допингпен ұсталып, оған күміс жүлде берілген.
Қазақстан 1996 жылдан бері күрестен Олимпиадада алтын ала алмай келеді. Атланта-1996 Олимпиадасында Юрий Мельниченко чемпион атанған еді. Мельниченко ұлттық құраманың бас бапкері ретінде Жадыраевты Олимпиадаға алып келген.