Олжас Абраев: "Қайсар" да, "Ордабасы" да еурокубокке қатысады

3574

Биылғы біріншіліктің ерекшелігі неде? Жанкүйерлер Қазақстан біріншілігінің ойындарын телеарнадан неге көре алмайды?

Олжас Абраев: "Қайсар" да, "Ордабасы" да еурокубокке қатысады

15 қаңтар күні Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде жеребе тарту рәсімі мен алқа жиын өтеді. Онда талқыланатын негізгі мәселелер 2020 жылғы футбол біріншілігінің жай-жапсары. Мысалы биылғы маусым 29-ақпан күні Суберкубок ойынымен басталатын болды. Финалда елордалық "Астана" мен қызылордалық "Қайсар" кездеседі. Ал 7-наурыз күні премьер-лиганың алғашқы туры ойналады. Чемпионат 21-қарашаға дейін жалғасады. 

- Қазақстан біріншілігінің өткен маусымын қалай бағалайсыз? Маусым өте сәтті өтті деп айта аласыз ба?

- Өткен жылдың бағасын біз емес жанкүйерлер бергені дұрыс. Себебі, командаларымыз сол жанкүйерлер үшін алаңда тер төгеді. Биыл да біріншілігіміз қызықты өтті. Соңына дейін талас болды. Командалар деңгейі теңесіп келеді. Таза аутсайдер жоқ десек те болады. Тек "Ақтөбе" командасы біріншілікті кем ұпаймен бастады. Олар соған қарамастан біршама ойында жеңіске жетті. Спорттық тұрғыда деңгей өсіп келеді. 

- Инфроқұрылым тұрғысында алға жылжу бар ма?

- Федерация үшін де, лига үшін де инфроқұрылым мәселесі қиын екені анық. Біраз стадионды тексеріп, ретке келтіріп жатырмыз. Талаптар күшейді. Жаңа тәртібіміз қалыптасты. Біршама аймақта бұл мәселе ретке қойылды. Мысалы, Қостанайда су жаңа манеж іске қосылды. Сапасы өте жоғары болғандықтан, бұл жердегі матчтар өте қызықты өтті. Сол "Тобыл Аренаны" пайдаланып біз де, федерация тарапынан бірнеше ойындар ұйымдастырсақ деп отырмыз. Қызылордада негізгі стадион жөнделді. Жарығы да дұрысталды. Клубтар қазір өздері ойнайтын жасыл алаңдарын жөндеп жатыр. Көбісі жасанды алаңға құмар болып кетті. Себебі, күн-райының да әсері бар. Алайда, біз оңтүстік аймақтағы командаларға табиғи жасыл алаң пайдаланыңыздар деп ұсыныс айтамыз. Ал қосалқы стадиондар жасанды алаңмен бола берсін.

- Араға 20 жыл салып қызылордалық "Қайсар" Қазақстан кубогын жеңді. Осы жеңіс Қызылорда аймағында футбол бумы басталғанын білдіре ме?

- Кез келген марапат оң әсер береді. Демек, бұл аймақта футболға қатысқысы келетін балалар саны артады деген сөз. Енді "Қайсар" Еуропа лигасына қатысады. Тіпті, екінші айналымнан бір-ақ бастайды. Әрине, көп нәрсе жеребенің қалай түскеніне де байланысты. Бұл ойындарға жанкүйерлер де дайындала бастайды.

- Желтоқсан айының соңында УЕФА "Ордабасы" клубының қаржылық фэйр-плэйді бұзғаны үшін Еурокубокке қатыстырмаймыз деп мәлімдеме жасады. Енді осы жылы еурододаға еліміздің атынан қай командалар қатысады?

- УЕФА тарапы нақты шешім қабылдаған жоқ. Қазақстан футбол федерациясының лицензиялау және сертификаттау департаменті хабарлағандай "Ордабасы" футбол клубы бүкіл талаптарды орындаған екен. Енді УЕФА осы мәселені қайта қарастырып жатыр. Барлығы дұрыс болса онда "Ордабасы" Еуропа лигасына қатыса алады.

- Бұл бағытта қандай жұмыстар жүріп жатыр? Өзге командаларымыз қаржылай фэйр-плэйді сақтап келе ме?

- Негізі іріктеу турниріне қатысу үшін аса қатты көп құжаттың керегі шамалы. Дәл қазіргі таңда Қазақстан атынан қатысатын клубтардың барлығы жарысқа жолдама алып тұр. Ең басты талап қаржылық тараптан ешқандай кемшілік болмауы керек. Биыл жаңадан қатысқалы отырған қызылордалық "Қайсарда" әзірге ондай мәселе жоқ.

- 15-қаңтар күні Қазақстан біріншілігінің жеребесі тартылады. Бұл іс-шараның ерекшелігі неде болмақ?

- Лиганың жалпы отырысында біршама мәселелер қарастырылады және жеребе тартылады. Үшінші маусым қатарынан біз жарыс күнтізбесін жеребе тарту рәсімі арқылы өткізгелі отырмыз. Оның барлығы да ашық түрде жүреді.

- Кәсіпқой футбол лигасы жуырда ғана Белорусь лигасымен серіктестікке қол қойды. Мұндай екіжақты келісім біздің тарапқа не береді?

- Біз қазір Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінің футбол лигаларымен келісімге келіп жатырмыз. Осының алдында ғана біз Қырғызстанмен келісімге келсек, жуырда ғана Белорусь елінің лигасымен де ынтымақтастыққа қол қойдық. Алдағы жоспарымызда Армения мен Ресей елдерінің біріншіліктерімен ымыраласу бар. Легионер алмасудың жан-жақты мәселелерін қарстырамыз. Кемшін тұстар бар екенін байқадық. Енді соны шешу ғана қалып отыр. 

- Футбол матчтарының телекөрсетілімі жайында не айтасыз? Көрсетілімдер саны көбейе ме?

- Трансляция мәселесі бұрыннан бар. Телеарналардан ойындарды көрсету біршама кедергілерге әкеп соқтырып отыр. Ол біріншіден техникалық жағынан болса, екіншіден комерциялық тұрғыда. Ең алдымен біз "Қазспорт" арнасымен және "Хабар" агенттігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әрине, біз үшін футбол ойындарының телеарналардан көрсетілгені құптарлық іс болар еді. Себебі, жанкүйерлердің талабы осы. Дегенімен, біз қазір көрермен сұранысын қанағаттандыру үшін ПФЛК-Тв жобасын пайдаланып келеміз. Алайда, басты мақсатымыз футбол матчтарын телеарналардан көрсету болып тұр.

- Еуразия Экономикалық Одағына мүше елдердің футболшылары енді біздің біріншілікте легионер болып саналмайды. Мұндай қадамға баруларыңыздың себебі неде?

- Шешім қабылданды. Қырғызстан да осылай жасады. Ресей футболы қазір бұл мәселені талқылап жатыр. Белорусь елі жуырда талқыға салады. Жалпыға ортақ тәртіпті қабылдау өте қиын. Бұл жерде тек футбол ғана емес, өзге де спорттар қарастырылуы мүмкін. Біздің елде шешімді қабылдау оңай болса, Белорусь пен Ресей елдерінде мұндай шешімді министірліктер қабылдайды. Сондықтан да бұл елдерде заң шығару сәл ұзақтау жүріп жатыр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу