Бүгін Қазақстан Футбол федерациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібіне ағымдағы 2022 жылға арналған футбол іс-шараларының ережелерін, регламенттерін және күнтізбелерін бекіту туралы мәселелер енгізілді.
Атқарушы комитет қараған мәселелер мен қабылдаған шешімдердің бірі – Бас хатшы етіп Олжас Абраевты тағайындау болды.
Бас хатшының орнына кандидатты таңдау команданы басқару, стратегиялық пайымдау және ойлау, көшбасшылық қасиеттер, жеке тиімділік, халықаралық ұйымдармен жұмыс тәжірибесі сияқты кәсіби дағдылар мен құзыреттерді бағалау өлшемшарттарына сәйкес айқындалды.
Олжас Абраев 2018 жылдан бастап "Қазақстан кәсіби футбол лигасы" ассоциациясын басқарады. Өзінің көп жылғы кәсіби мансабында қазақстандық футбол жүйесінде әртүрлі лауазымдарды атқарды.
Айта кетейік, 28 ақпан күні Қазақстан футбол федерациясының президенті де ауысқан болатын. Дауыс беру қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған Әділет Барменқұлов Қазақстан футбол федерациясының президенті лауазымына тағайындалды. Ол бұған дейін Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі, Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитет мүшесі және "Шахтер" футбол клубының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Бұдан бөлек құраманың бас бапкері де ауысқан еді. Талғат Байсуфиновтың орнына Ұлттық құраманың бас бапкерінің міндетін атқарушы болып Андрей Карпович келді. Жаңа бас бапкердің командасы үшін алғашқы сынақ 24 наурызда Молдова құрамасына қарсы болады. Ал қарымта матч 29 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласында "Астана Арена" стадионында өтеді.
Ермұхамед Мәулен